Тарбағатай төріндегі әлемдік той!

5304
Adyrna.kz Telegram

Алайда мен таң қалдым, Ақсуатқа бардым да,
Не керемет! Білмеймін, бір керемет бар мұнда.

Қадыр Мырза-Әліден асырып ештеңе айта алмаймыз.  Қазақстанға сайыпқыран спортшылары мен арқалы ақындары арқылы аты жер жарған  Ақсуат елі соңғы кезде Атымтай жомарт ұлдарының арқасында әлемге танылуда. Бәделхан Сабуров пен Дулат Тастекеев соңғы жылдары "Ер туған жеріне" деген мақалдың тегін айтылмағанын дәлелдеп жүр. "Туған жерге туыңды тік" деген атпен биылғы өткен спорт пен өнер фестивальі екі күн бойы Ақсуат аспанын думанға бөледі.

Алдымен, 14-ші маусым күні атақты емші, әулие Ырғызбай Досханаұлының кесенесінде құран бағыштап, ас берілді. Облыс әкімі Даниал Ахметов жұрт алдында сөз сөйлеп, болашақта атқарылар істермен көпшілікті таныстырып өтті. Артынан облыстық ақсақалдар форумы да осы Күмістіде жалғасын тапты.

Айбек Нұғымаров әлемдік Гран-При жеңімпазы!

Ақсуат ауылында жылда өтетін Ырғызбай Досханаұлы атындағы қазақ күресінен әлемдік гран-приді алыс-жақын шет ел білетін жағдайға жетті. Биылғы байрақты бәсекеге 28 мемлекеттен алпысқа жуық палуан жиналып, шаршы алаңын шаңын аспанға шығарды.
Өткен аптада ғана  “Қазақстан Барысының” жеңімпазы атанған Айбек Нұғымаров бұл жарыстың фавориті болатын.
Бірақ,  ақтық сынға шығу Айбекке де оңай болмады. Грузин палуанымен өткен жартылай финалдан кейін Айбек ақтық сында өзбекстандық Мұқсин Хисамединовпен белдесті. Өзбек елінің палуанынан айласын асырған  Нұғымаров  жеңімпаз атанды. Ал, грузиялық Георджи Катарадзе үшінші орынға табан тіреді.


Жетпіс келі салмақта қола жүлдеге Молдова спортшысы Геордже Року, күміске қазақстандық Өскен Төлеубеков, ал алтын жүлдеге грузиялық Звиад Одошешвили ие болды.
80 келі салмақта бірінші орынды Тәжікстан спортшысы Хамроз Раджабо, екінші орынды грузиялық Каха Момулашвили, үшінші орынды қазақстандық Бекзат Манасбаев иеленді.
Жеңімпаздарға 2 миллион теңге, екінші орынға 1 миллион, үшінші орын алған спортшыға 500 мың теңге табысталды.
Жеңіс тұғырына көтерілген палуандарға сыйлықты атақты боксшы Қанат Ислам, ақын Жүрсін Ерман, Ақсуат ауылының құрметті азаматы Тұрсын Тастекеевтер марапаттады.


Қазақ күресі турнирі аяқталғаннан кейін аудан әкімі С.Садуақасов осы кештің қонағы әрі "Qazaq Promotions" компаниясының ұйымдастыруышысы Қанат Исламды аудан халқының атынан құттықтап, халқымыздың дәстүрі бойынша ат мінгізді.

Қанат Исламның ұйымдастыруымен Ақсуат топырағына келген боксшылар ашық аспан астына керілген рингте керемет кәсіпқой бокс кешін өткізді. 

 

 

140 шақырымдық Аламан бәйге!

Биылғы бәйгенің жарнамасы Атырау мен Алтайдың арасын дүрліктірді. енді ше, 140 шақырымдық аламан бәйге бұрын-соңды өтпеген. "Тойдың болғанынан боладысы қызық"дегендей көптен күткен бәйге де келіп жетті. Таңғы 4-те көршілес Көкпекті ауданынан жіберілген 107 тұлпардың  түске таяу 11-і мәреге жетті.

 Аламан бәйге қорытындысы бойынша бірінші орынды ақсуаттық  Әмірғалиев Алмастың тұлпары иеленіп, иесіне "Нива" көлігін мінгізді. Екінші орынды Катон қарағай ауданынан келген Тұрсынбеков Қуаныштың тұлпары алды. Ат иесіне "Гранта" көлігінің кілтін табыстады. Үшінші орын көршілес Катон қарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылынан әкелінген Қажығалиев Құрметттің тұлпарына бұйырса, төртінші орынды алыстағы Алматы облысы, Сарқанд ауданынан келген Нұрмұхамбетов Дәуіржанның тұлпары еншіледі.


Жалпы жарыс қорытындысы бойынша 9 тұлпарға жүлделі сыйлықтар берілді.  «Жылқының тері» деген бәйгенің ырымы бойынша жарысқа демеушілік танытқан азаматтар 10 және 11 болып мәре сызығын кесіп өткен жылқы иелеріне қаржылай сыйлықтарды табыстады.

25 шақырымдық аламан жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Алматы облысы, Ұзынағаш ауылынан келген Үмбетов Ғабиттің жүйрігі иеленді. Екінші орынды Жарма ауданы, Қалбатау ауылынан келген Шапатов Қайраттың  бәйге аты алса, үшінші орын Алматы қаласынан әкелінген Рустамұлы Абдулсаматтың атына бұйырды.
Бірінші орын алған Үмбетов Ғабитке  автокөліктің кілті табысталды.

15 шақырымдық топтық жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Жарма ауданы, Қалбатау ауылынан келген Шапатов Қайраттың аты алды, екінші орынды Тарбағатай ауданы, Көкжыра ауылының тұрғыны Бағдат Шахкерімнің аты иеленсе, үшінші орын Ақсуат ауылының атынан қосылған  Ескендіров Сағидың тұлпарына бұйырды.
Бұл жарыс түрінен де бірінші орын алған ат иесіне автокөліктің кілті табысталды.

10 шақырымдық жорға жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақсуат ауылының тұрғыны Байжасаров Сақаның  жорғасы еншіледі, екінші орын Алматы облысы, Ұзынағаш ауылынан әкелінген Базарбай Оразбектің жылқысына бұйырды, үшінші орынды Алматы облысы, Қарасай ауданынан келген Савченко Павелдың жорғасы алды.

5 шақырымдық тай жарыс қорытындысы бойынша Алматы облысы, Талғар қаласынан келген Бұлғынов Мерхаттың тайы алса, екінші орынды Аягөз ауданы, Шыңғожа ауылынан келген Ақымжанов Ерланның тайы алды, үшінші орын Аягөз ауданы, Мамырсу ауылынан келген Абрахманов Қайраттың тайына тиесілі болды.

Ақындар шықты айтысқа...

"Ақындар елі"атанған Ақсуатта әу демейтін адам жоқ. Бұл туралы тағы да Қадыр ақынға жүгінеміз.

"Шеттерінен бәрі ақын, әдеп сақтап әрең жүр,
Саусақ толған өнер де, көмей толған өлең-жыр".

Осы өлкенің мырза перзенті Дулат Тастекеев төртінші жыл қатарынан Жүрсін Ерман бастаған жыр-керуенін Ақсуатқа шөгеруде. Биыл да 12 ақын, 6 жұп стадион толы халықтың алдында өлең мен жыр төкті. Екі айналым,  5 сағат бойы тоқтаусыз жырлаған ақындарға халық та қошеметін аямады. Ортасында "Ақсуаттың ерке қызы" атанған Майра Ілиясова бастаған әншілер ақындарды демалдырып, әннен шашу шашты.

Құрамында ақын, Ұлықбек Есдәулет, сазгер Алтынбек Қоразбаев, абайтанушы Омар Жәлел, айтыскер ақындар Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла, Серікзат Дүйсенғазы қазыларға мықтыны анықтау оңай болмады.

Айтыс қортындысы бойынша, Бас жүлде Қытайдан келген Ерлан Аманқожаұлының  қанжығасына байланды.
1-орынды Қанат Мырзахан иеленсе, 2-орын батысқазақстандық Жансая Мусинаға, 3-орын Тарбағатай ауданының ақыны Рүстем Қайыртайұлына бұйырды.
Арнайы жүлде ақын Мұхтар Ниязов пен Аруна Керімбекке тиесілі болды. Дулат Тастекеевтің арнайы стипенедиясы баянауылдық Аспанбек Шұғатаев алды.


Айтыстың негізгі демеушісі Д.Тастекеев "Тарихқа толы Тарбағатай" альманахының төртінші томын таныстырып, қонақтарға сыйға тартты. Кеш соңы "МузАРТ" тобының әншілерінің әншашуларымен және отшашумен аяқталды.

Тарбағатай тауының бауырын дүбірге бөлеген ұлан-асыр той да аяқталды. Аудан әкімі Серікжан Сәдуақасовтың ұйытқы болуымен, жұрттың жұдырықтай жұмылуымен, береке-бірліктің айғағындай өткен той болды. Көрші аудандар да думанды додадан шет қалмай киіз үйлерін тігіп, Ақсуаттың қонақтарын бірге күтті. Айтыстағы ақындар айтқандай әр ауданда Дулат Тастекеев секілді бір ұл болса, Қазақстан баяғыда дамитын еді. Таң Шығыстан атқанда, біз де Алатауды бетке алдық. Тіліміздің ұшында Қадыр Мырза-Әлінің атақты "Ақсуат" өлеңі.

Таусылмайды бұл жерде сый түні мен сый күні,
Ақсуаттың қонағы білмеу керек ұйқыны.
Ақсуаттың қонағы—баласы да, қарты да,—
Аттанады амалсыз, қарай-қарай артына!
Сенбегендер сөзіме барып көрсін, байқасын!

Тумасаң да бұл жерде.
Перзенті боп қайтасың.
Менің жұртым осындай деп мақтанып айтасың,
Өз еліңе он есе жақын болып қайтасың.
Тарбағатай тауының еске сақтап әр тасын,
Түк алмай-ақ туысқа қарыздар боп қайтасың!

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы

Алматы-Ақсуат-Алматы

Пікірлер