Президент Тоқаев Түркі мемлекеттері саммитін Түркияны құттықтаудан бастады

1483
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Akorda.kz
Сурет: Akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы Саммитіндегі кіріспе сөзін Түркияны құттықтаудан бастады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға қош келдіңіздер! Ең алдымен, бауырым Реджеп Тайип Ердоған мырзаға және барша түрік ағайындарға Түркияның 100 жылдық мерейтойы құтты болсын дегім келеді. Анадолының ғасырлық шежіресі биік белеске, зор жетістікке толы. Ұлы тұлғаларының арқасында бүгінде Түркия бүкіл әлемге ықпалы бар қуатты мемлекетке айналды.

Сондай-ақ қадірлі Ильхам Гейдароғлы Әлиев мырзаны және Әзербайжан халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтаймын! Сіздің еліңіз аумақтық тұтастығын қалпына келтіріп, дамудың жаңа тарихи дәуіріне қадам басты. Осы тарихи қадам Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес жүзеге асты.

Сонымен қатар, Ұйымның қазіргі төрағасы Өзбекстан Президенті, құрметті Шавкат Миромонович Мирзиёевке түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосқаны үшін ерекше алғысымды айтамын»,—деді президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бауырластыққа негізделген бірлікті сақтау керектігін атап өтті.

«Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау.

Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан, түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет»,—деді ол.

Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымы саммиті Астанада өтіп жатыр.

Пікірлер