Бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының басшылары бас қосады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Биыл Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының мерейтойлық саммитін Қазақстан ұйымдастырып жатыр.
Ауқымды шараға ұйымға мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан басшылары қатысады. Сондай-ақ саммит жұмысына Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы ел ретінде қатысады.
Бұл құрылым әу баста «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» деп аталған. Кейін «Түркі мемлекеттері ұйымы» болып өзгерді. 2021 жылы Ыстамбұлда өткен саммитте бауырлас елдер басшылары осылай деп өзгертуге келісті. Құрылымға мүше елдер басшыларының алғашқы саммиті 2011 жылы Алматыда өткен. Ал былтыр Самарқанда өткен саммитте келесі жиынның Астанада өтетіні белгілі болды.
Түркі әлемінің атажұрты саналған Қазақстан ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береді.
«Қазіргі алмағайып кезеңде көлік-транзит коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі біздің мемлекеттеріміз батыс пен шығысты, солтүстік пен оңтүстікті тікелей байланыстырады. Қазақстан, Әзербайжан, Түркия арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондай-ақ бұл ұйымның халықаралық аренада мәртебесі өсіп келеді. Мұнда көтерілген бірқатар мәселе шешімін тапты»,—деді Президент жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Болат Әуелбаев.
Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болған. Түріксой, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Әсіресе кейінгі жылдары ұйым аясындағы байланыстар нығая түскен. Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен өзара тауар айналымы да арта түсті. Дәлірек айтқанда, 2010–2022 жылдар аралығында еліміздің ұйымға мүше елдермен арадағы тауар айналымы 3 есе өсті. Сөйтіп, 4,5 млрд долларлық көлемнен 12,9 млрд долларға жетті. Мәселен, жақында ғана еліміздің парламенті Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім ратификациялады. Бұл дегеніміз түркі мемлекеттерінің экономикалық дамуына маңызды серпін берілмек.
Еске сала кетейік, наурыз айында Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммиті Түркістанда өтетінін айтқан еді.