«Түкіргенім бар» деген даукестің ықтимал жазасы қандай? Тіл дауы

2416
Adyrna.kz Telegram
фото: бейнежазбадан скриншот
фото: бейнежазбадан скриншот

«Мемлекеттік тіл Қазақстанда біреу-ақ». Желіде тараған видео туралы қолданушылар мен мамандар осылай дейді. Әлеуметтік желіде сатып алушының супермаркет қызметкеріне мәліметті орыс тілінде талап етуі қызу талқыланған еді. Осы оқиғаға қатысты мамандар не дейді?

«СУПЕРМАРКЕТ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЙЫМ ЕМЕС»

Заңгер сауда орталығында болған оқиғаға мемлекеттік орган басшыларының заңды дұрыс білмеуінің салдарынан туындады деген баға берді. Онда орыс тілінде сөйлейтін сатып алушының бірі сауда орталығы қызметкеріне «чек «менің тілімде жазылуы керек, басқа кім, не қалайтынына түкіргенім бар» дейді. Ол өз сөзіне Конституцияны желеу етуге тырысып, өзінің салық төлеуші екенін айтады.

Заңгер бұл мәселенің түпкі төркіні билік тармақтарындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясымен байланыстырады.

- Атап айтсақ, Парламент депутаттары, Президент әкімшілігі, Үкімет, Конституциялық сот, министірліктер, әкімдер барлығы Конституцияның 7-бабындағы Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі деген талапты орындамай келеді. «Магнумдағы» – дауды зерделеп қарайық. Бұл, біріншіден – жекеменшік компания. Кейбір азаматтардың қысылғанда Ата заңға сілтеме жасап «Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп айтуы негізсіз. «Магнум» супермаркеттер желісі мемлекеттік ұйым емес. Конституцияның 7-бабы бұл болған оқиғада қолданылмайды - дейді заңгер Айыпқан Мұхамадиев.  

Заңгердің меңзеп отырғаны Конституциядағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген бөлім.

ПРОКУРАТУРАНЫҢ МІНДЕТІ

Заңгер Айыпқан Мұхамадиевтің сөзінше, сауда мекемесінің қызметкері «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 21-бабына сәйкес әрекет етіп отыр. Өйткені, бұл бапта хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және басқа тiлдерде де орналастырылады деп бекітілген.

- Осы нормаға сай «Магнумның» саясаты дұрыс, қажеттілік жоқ «тілдей қағазға» қалай басқа сөздерді сыйғызады. Дау заң білмеуден туды. Қолданыстағы заңдарға сәйкес осы дау көтерген адамның өзге де сұрақтары туындаса «Магнумға» жазбаша хат жолдап қалаған тілінде жауап ала алады, - дейді заңгер.

Заңгердің пікірінше, осындай дауласушы азаматтар Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес ұлттық алауыздықты қоздырды, ар-намысы мен қадір қасиетін қорлады» деп жауапқа тартылып, екі мыңнан жеті мыңға дейінгі АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін немесе 2 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. «Алайда, бұл мәселені құқық қорғау органдары анықтайды»,- дейді Айыпқан Мұхамадиев.

Сондай-ақ заңгер Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын орган ретінде мемлекеттік тілдің Конституциялық мәртебесін қамтамасыз етуге міндетті екеніне тоқталды.

 - Осы заңның 1-бабында өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгiн «диаспора» деп атаған. Менің  «диаспораларға» айтарым, Отаным, елім – қазақ жері деп ойлайтын болсаңыздар, мемлекеттік тілді оқыңыздар, біліңіздер. Бұл – Конституцияны бұлжытпай орындау, - деп нақтылады заңгер.

ТҮСІНБЕСТІК НЕДЕН ТУАДЫ?

Орыстілді адамдардың Конститутцияны желеу етуін саясаттанушы Дос Көшім тіл туралы заңда нақтылықтың жоқтығымен түсіндірді.

- Бір қарасаңыз, бәрі анық, бәрі түсінікті. Қазақстанда мемлекеттік тіл барлық жерде қолданылады, ал орыс тілі тек қана мемлекеттік ұйымдармен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік тілмен қатар қолданылады. Басқа жерлерде мұндай талап жоқ. Демек, банкте, дүкенде т.б ұйымдарда екі тіл қатар жүрмейді, тек қана мемлекеттік тіл жүреді деген сөз. Қысқасы, осыны билік нақтылап айтқысы келмейді. Мемлекет қазақ тілі мен орыс тілі қатар қолданылмайтынын түсіндіре алмайды. Сондықтан осындай әртүрлі түсінбестік орын алады, - дейді ол.

Саясаттанушы Тіл туралы заңда нақты талап қойылмаған соң, екіұдайылық өріс алады деп есептейді.

- Екінші, заңда қазақ тілі мен орыс тілі «қажет болған кезде» тең қолданылады дейді. Менің ойымша, бәрін бүлдіріп тұрған «қажет болған кезде» деген сөз. Заңда нақтылық жоқ. Сондықтан осындай түсінбестік туады да, орыстілділер осыған жабысып өздерінше осыны дәлел есебінде айтады. Шындығында, мемлекеттік тіл Қазақстанда біреу-ақ.  Ресми тіл мен мемлекеттік тіл деген сөз бір ұғым береді, - дейді саясаттанушы.

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ҚАЙТА ЖАЗУ КЕРЕК»

Сонымен қатар Дос Көшім «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қайта жазуды ұсынды.

- Мемлекеттік  тіл туралы заңды толық қайта жазу керек. Себебі, жалпы тілдік жағдай 10-15 жылда, әйтпесе 5 жылдың ішінде өзгеріп тұрады. Мысалы, Балтық жағалауындағы елдер 1989 жылдан кейін 3 рет заңды өзгертті. Керек десеңіз, Тәжікстанның өзі 1989 жылы қабылдаған заңды өзгертіп, жаңа заң қабылдады, - деп атап өтті Дос.

Ал тіл жанашыры Бағдат Сұлтан дау болған бейнежазбаға қатысты сөзін былайша түйіндеді:

- Тіл – ұлттың ең басты кредосы, тіл болмай ұлт та болмайтынын, жойылатынын әрбір қазақ түсінсе екен деймін. Екі қазақ тұрып, орысша сөйлеседі. Мұндай жағдайлардың болуы, меніңше, қазақы тәрбие мен ұлттық дәстүрді көрмеуден, өткен тарихты білмеуден және оны білуге деген құлшыныстың жоқтығынан туындайды. Қазақ ұлтының көкейінде жүрген сауал – ана тілімізге арналған жөнді, құзыретті заңның жоқтығы. Тәуелсіз Қазақстан болғанымызбен, ұлттың ең басты көрсеткіші ретінде рөл атқаратын құндылықты Заң аясында бекіте алмай отырмыз, - дейді Бағдат Сұлтан.

Қазақстанда қазір 1997 жылы қабылданған Тіл туралы заң қолданыста. Оған кейіннен түрлі толықтырулар мен өзгертулер енгізілген.  Ел тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1993 жылғы алғашқы Конституцияда "Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады» деп сипатталаса, кейін бұл өзгерді. 1995 жылғы Конституцияда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп белгіленді.

Динара Боранбай
«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер