"Төлен жеке басының қарызынан құтыла алмай, енді маған жала жабуға кірісті" - Ғалымжан Жақиянов

5246
Adyrna.kz Telegram

Саясаткер Ғалымжан Жақиянов қоғам қайраткері Төлен Тоқтасыновтың мәлімдемесіне қатысты жауап берді. "2023 жылдың 2 қаңтарында “

">Адырна” ұлттық порталы өзінің ютуб каналында Төлен Тоқтасыновпен сұхбат жариялады. Сұхбатта маған жалған және негізсіз айып тағылғандықтан, көпшілікке түсіндіру үшін осы ақпаратты айтуға тура келіп тұр", - деді Ғалымжан Жақиянов. "Адырна" ұлттық порталы назарларыңызға Ғалымжан Жақияновтың мәлімдемесін ұсынады.

- Көптеген жылдар бойы Төлен менің досым болумен қатар, мен саяси репрессияға ұшырап, бас бостандығымнан айрылғанда маған орасан зор көмек көрсеткен серіктесім болды. Бұл үшін мен оған шексіз ризамын. Дегенмен, дәл қазіргі жағдайда мен өз беделімді сол ертеден келе жатқан досымнан қорғауға мәжбүрмін. Ең алдымен, Алматы қаласы Медеу аудандық сотында Тоқтасыновқа қарсы кредиторлар қозғаған азаматтық істе мен талапкер де, жауапкер де емес екенімді баса айтқым келеді. Мен бұл процесте бас құқығы және жеке мүддесі зардап шеккен үшінші тұлғамын.

Ал енді фактілерге келсек. 2007 жылдардан бастап, Тоқтасынов біздің ортақ таныстарымыздан бірнеше рет қомақты мөлшерде қарызға ақша алған, ал мұның бәрі маған біраз уақыттан соң ғана белгілі болды. Уақытында қайтармағаннан немесе қайтарғысы келмегеннен бе, ол барлық жауапкершілікті акционерлер келісімін алмастан, ALGT ltd компаниясына аударғысы келді.

2019 жылы қаржылық міндеттеме айналасындағы кикілжіңнен кейін Тоқтасыновтың жобадан шығуы жайлы мәселе қозғалды. Компанияның ішкі мән-жайы мен қарыздары туралы берілген мәлімет расталған жағдайда, ол алатын сома алдын ала анықталды. Сол соманың шамамен үштен бірін уақытында алды. Бірақ, келесі төлемдер тоқтатылды. Себебі, алдымен ішкі, кейін сыртқы тәуелсіз аудит жасап тексеру барысында (2022 жылдың бірінші жартысында жасалды) Тоқтасынов елеулі қаржылық былықтар мен алаяқтық жасағаны анықталды. Алайда, ол өзінің қаржылық манипуляциясына ешқандай түсіндірме берген жоқ. Менің де, оған ақша бергендердің де мәселені өзара бейбіт жолмен шешуге тырысқан әрекетімізден түк шықпады. Тіпті, қарызды қайтара алатын мүмкіндігі бола тұрып, қайтарудан бас тартты. Туындаған сұрақтарға жауап берудің орнына, Тоқтасынов маған шантаж жасап, қорқыта бастады. Менен ақша алмаған жағдайда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы менің қоғамдық беделіме нұқсан келтіретінін ауызша да, жазбаша да айта бастады. Маған қарсы арандатуда қазақстандық биліктің қолдауына ие болғанын да жеткізді, бірақ мен оның бопсалауын үзілді-кесілді қабылдамадым. Бас тарттым.

Нәтижесінде, осыдан алты ай бұрын Тоқтасынов маған қарсы Моңғолияның сақшы орындарына арыз берді. Алайда, барлық жағдай мен құжаттарды жан-жақты тексеруден соң менің тарапымнан ешқандай қылмыс не заң бұзушылық болмағаны мәлім болды. Қылмыс құрамы жоқ болғандықтан іс ашылмады. Барлық жағдай мен құжаттарды тексергеннен кейін, керісінше, Моңғолияның тергеу комитеті мен прокуратурасы ALGT ltd бұрынғы атқарушы директор ретінде Тоқтасыновтың өзін алаяқтық пен құжаттарды қолдан жасағаны үшін жауапқа тартуға шешім қабылдады. Өзі тапсырған ақпарат және менің өтінішім негізінде Моңғолия қылмыстық кодексінің 17.3-бабына сәйкес оған өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалды. Тергеушіге берген уәдесіне қарамастан және заңды бұза отырып, Тоқтасынов 2022 жылғы 10 қазанда Моңғолиядан кетіп қалды, қазіргі уақытта оған халықаралық іздеу жарияланған.

Жоғарыда берілген мәлімет пен барлық жағдай Медеу аудандық сотына нақты құжатпен ұсынылған.

Қорытындылай келе мынаны айтқым келеді. Төлен Тоқтасынов өзінің жеке басындағы қарыздары мен қаржылық борыштарынан шатасып, жауапкершілігін мойындағысы келмей, мені ауыр қылмыс жасады деп айыптап, маған ашық жала жабуға кірісті. Мұндай жаласына көнетін ниетім жоқ. Маған қарсы ұйымдастырылып жатқан арандатуларда Тоқтасыновтың басты рөлді ойнауы өз шешімі ме, әлде біреулердің айдап салуы ма, әзірше анық айта алмаймын. Барлығы жақын арада әшкерленеді деп ойлаймын және соған сенемін. Сондай-ақ, біздің іскерлік және жеке қарым-қатынасымыздың қоғамдық талқылаудың тақырыбына айналғанына өкініш білдіремін.

3 Қаңтар 2023 жыл.

"Адырна" ұлттық порталы еркін көзқарас пен ашық пікірдің ортақ алаңы. Редакция қос тарапты жауықтыруды емес, тек сауатты дискуссия негізінде қоғамдық пікір қалыптастыруды көздейді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер