Дидар Амантай: Шығармаларымның бестен бірі ғана жарық көрді

2726
Adyrna.kz Telegram

Кеше белгілі жазушы Дидар Амантай Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына денсаулығына қатысты "Менің енді әңгіме жаза қоюым екіталай шығар" деген жазба жариялады. Қаламгердің бұл жазбасына қалың оқырман алаңдап жатқан соң, «Адырна» ұлттық порталының тілшісі Дидар Амантайға хабарласып, қал-жағдайын білген еді.

- Дидар аға, кеше "Менің енді әңгіме жаза қоюым екіталай шығар. Таусылғаным емес, дертім күшейе түскен тәрізді. Компьютер сәулесі шыдатпайды. Барын шығара алсам, о да үлкен табыс болар еді. Қаншама әңгіме, эссе, трактат, өлең-жырлар әлі жарық көрген жоқ, повестер, романдар жатыр. Бұ да бір Алланың сынағы шығар. Бейнетті де көтере алатын пендесіне береді" деген жазба жариялапсыз? Соған оқырмандарыңыз алаңдап отыр.

- Денсаулығым жаман емес. Белгілі бір дәрежеде қиындықтар бар. Оның бәрін егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Маған жабысқан дерт туралы кейінірек, қажет болып жатса айтармыз. Десе де, осыған дейін жазуыма денсаулығым онша қатты кедергісін келтіре қойған жоқ еді. Компьютерге қиналмай отыра алатынмын. Жаза алатынмын. Соңғы кездері денсаулығым кәдімгідей сыр беріп, компьютердің сәулесі басымды ауыртып, қол-аяғыма қатты әсер ететін болды. Бұл дерт осыдан көп жыл бұрын басталған. Facebook әлеуметтік желісіне осы жайдан алаңдап, өз қорқынышымды жазған едім. Мұны аса маңызды жаңалыққа айналдырудың қажеті жоқ шығар. Одан да шығармашылық төңірегінде әңгімелескеніміз жөн болар.

- "Енді әңгіме жаза алмайтын шығармын" деп кесімді мәлімдеме жасағандай көріндіңіз.

- Иә, қазір мен үшін шығарманы қолмен жазу қиын. Қолмен жазған кезде тез шаршап қаламын. Компьютерде отыру да ауыр. Дерт жүйкеге әсер еткендіктен денем құрсанып, алаңсыз жаза алмай жүрмін. Кейде жазушы ретінде "енді қолыма қаламымды ала алмай қалам ба?" деген үрей билейді. Сондай үрей билегенде "шығарманы диктовкамен де жазуға болады ғой" деп өзімді алдап қоямын.

- Мұхтар Әуезов бірқатар шығармаларын диктовкамен жазғаны белгілі. Бұрынғы кез келген журналист осы тәсілді пайдаланатын еді. Сіз бұрын диктовка жасап, терімшімен жұмыс істеп көріп пе едіңіз?

- Меніңше, терімшілермен жұмыс істеуге болады. Соңында соған көшеміз ғой деп отырмын. Бірақ оған жақсы терімші керек. Терімші тегін жұмыс істемейді. Оған жалақы төлеу жағын шеше аламын ба? Мәселе сонда. Қалай болғанда да, терімшіге жүгінуден басқа амалды көріп тұрған жоқпын. Жоспарлап қойған дүниелер бар еді. Соны қалай да жолын тауып, жүзеге асыруым керек.

- Дидар аға, өз қатарластарыңыздың арасында өнімді жұмыс жасаған қаламгерсіз. Бүгінге дейін жарияланған туындыларыңыздың біразымен таныспыз. Жарияланбағандары да көп көрінеді.

- Мен бүгінге дейін 6 роман, 7-8 повесть, 300-ге таяу эссе мен әңгімелер жазыппын. Мұның сыртында қаншама әдеби мақалалар дүниеге келді. Соңғы жарық көрген "Майдақоңырды" есепке алсақ, жазған шығармаларымның бестен бір бөлігі ғана жарық көрді. Тағы да төрт кітап шығаруды жоспарлап отырмын. Әр кітаптың көлемі - 800 беттен. Қанша жасырсам да, денсаулық мәселесі осының бәріне кедергісін келтіріп жатыр.

- 6 роман, 7-8 повесть, 300-ге таяу эссе мен әңгімелер жаздым деп отырсыз.  Әдеби ортада, ағалар һәм інілер тарапынан шығармашылығыңыз лайықты бағасын алды деп ойлайсыз ба?

- Менің шығармашылығым лайықты бағаланды деп ойлаймын. Танылдым. Мойындалдым. Бірақ, қашан да мұраттың артында мұрат тұрады. Бір биікті бағындырған соң, алдыңа жаңа бір мақсаттар қоясың. Жазушы адам қанша көп жазса да, алда әлі де жазары көп секілденіп тұрады екен. "Тоты құс түсті көбелек" жастардың сүйіп оқитын романына айналды. Ол туралы осыған дейін жастардың талай ыстық ықыласты пікірлерін естідім. Сосын, "Гүлдер мен кітаптар" өте көп оқырманның жүрегін жаулады.

- Біздің студент кезімізде "Гүлдер мен кітаптар" хит болатын.

- Қазір жарияланбаған "Бақыт биохимиясы","Жақсы көрген ажардың Сіз ұнатқан күлкісі" деген романдарым мен "Шернияз" деген повесім бар. Олар да оқырманның қолына тисе, оқылымды дүние болар еді деп ойлаймын.

- Қазір мемлекет кітапқа жақсы қаламақы төлеп отыр. Сол қаламақы төленетін бағдарламаларға іліге алып жүрсіз бе?

- Қаламақымен әлі бір кітабымды шығарып көрген жоқпын. Биыл бір кітабымды тапсырып қойдым. Ол кітаптың тағдырын арнайы құрылған комиссия қарайды. Бұның алдында бір рет осы бағдарламаға бағымды сынап көргенмін. Ол жолы мен жіберген кітапты жарамсыз деп тапса керек. Әрине, әдебиет болған соң, талғам да, көзқарас та әртүрлі. Комиссиядағылардың талғамына менің жазғандарым сай келмесе керек.

- Жақында шыққан "Майдақоңыр" қалай жарық көрді?

- Ағайын-туыс, дос-жаранның көмегімен, ақша құрап шығардық.

- Алда қандай жоспарыңыз бар?

- Бір роман бастап қойып едім. Оның сыртында мемуар жазғым келген. Мемуар болғанда, жай ғана өмірден көрген дүниелерім емес, әр сәт, әр кезеңді әдебиетпен байланыстырып, өріп отыруды жоспарлағанмын.. Сосын, Қазақстанның философия тарихын жазғым келеді. Бізде қазір философия тарихы жазылып та, қазақ тіліне аударылып та жатыр. Сәттісі де, сәтсізі де бар. Меніңше, қазақта философиялық кітаптар көп болуы керек.

- Сіз өз буыныңызда өте көп кітап оқыған қаламгерлердің бірісіз. Қазір не оқып жатырсыз?

- Орыстардың Константин Паустовский деген жазушысының "Қарабұғаз", "Қаратеңіз" секілді бірнеше деректі романдарын оқыдым. Виктор Лихоносов деген Юрий Казаковтың шәкірті  бар. Сол кісінің роман, повестерін қарап шықтым. Олар қолданған әдеби әдіс-тәсілдер жайлы кейінірек кеңірек айтып, жаза жатармыз. Сіз сенбессіз, жақында Сәбит Мұқановтың "Мөлдір махаббатын" да қайталап оқыдым. Жас кезімізде ұқыптап оқымаппыз. Қазір оқып отырсам, төртке бөлінген шығарманың бірінші бөлімі өте сәтті шыққан дүние екен. Революция алдындағы қазақ қоғамын, қазақтың қал-ахуалын өте сәтті беріпті.

- Тіл жағынан да Сәбит Мұқановтан үйренеріміз көп қой.

- Иә, өте көп. Жұрт Тәкен Әлімқұловтың "Қаройын" мақтайды ғой. Мен Тәкенді қайталап оқып отырып, оның шығармасының шыңы "Тұлпардың тағдыры" атты әңгімесі ме деп ойладым. Кеше Олжастың «Қыш кітабы»поэмасын, Қасым Аманжоловтың шығармаларын шолып шықтым. Әсел Омардың шығармашылығы жөнінде мақала жазып жатырмын.

- Қолыңыздан қаламыңыз түспесін! Кеше жариялаған жазбаңызға алаңдап, арнайы қоңырау соққан едік.

- Жазушының жұмысы - кітап шығару. Кітабымызды шығарсақ, денсаулығымызды түзесек деген арманымыз бар. Медицина дамып жатқанынан үміттеніп қоямыз.

Дайындаған Қанат Бірлікұлы,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер