Экономика министрінің туған ағасы Ермек Қуантыров "үлкен қызметке" тағайындалды

2292
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың туған ағасы Ермек Қуантыров жаңа қызметке тағайындалды. Ол  "Қазатомөнеркәсіптің" құқықтық бағдарлау және сатып алу жөніндегі бас директоры болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Тағайындау туралы Ұлттық атом компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

"Ермек Қуантыров 2023 жылдың 5 шілдесінен бастап Қазатомөнеркәсіптің құқықтық бағдарлау және сатып алу жөніндегі бас директоры лауазымына тағайындалды. Қуантыровтың функционалдық міндеттеріне өнеркәсіп жұмысын құқықтық қамтамасыз етіп, аталмыш процеске басшылық жасау, халықаралық-құқықтық ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік ету, тәуекелге баратын қадамдарды басқару және ішкі бақылау жөніндегі қызметті ұйымдастыру, сондай-ақ кешенді басқаруды жүзеге асыру және сатып алу процестері мен Компанияның корпоративтік басқаруына басшылық жасау кіреді", - делінген хабарламада.

Қуантыров 1.0 президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі, ол осы уақытқа дейін Әділет министрлігінің түрлі басшылық лауазымдарында жұмыс істеді, оның ішінде Ұлттық зияткерлік меншік институтын ("ҚазПАТЕНТ") басқарды. Білімі - құқық магистрі (LL.M.). Колумбия университетінде оқыған.

Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Еуразиялық экономикалық комиссия, Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры қызметін атқарды.

Орайы келгенде айта кетейік, Қуантыров Ермек Сәкенұлы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың туған ағасы.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер