Әлемдік мәні бар генографиялық жоба

4847
Adyrna.kz Telegram

Өткен аптада профессор Әділ Ахметовтың «Викингдердің ізімен». (Ғылыми гипотезалық туынды) кітабынан «Скандинавия қорғандарының археологиялық келбеті» деп аталатын бөлігі оқырман назарына ұсынылған. Осы кітаптан үзінді жариялауды одан әрі жалғастырамыз. Бірге оқиық.

2005 жылдан бері Геногеографиялық жоба (Genogeographic
project) әлем ғалымдарының жаһандық деңгейде ақпарат алмаса
отырып, бірлесе әрі өте жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін
ғылыми арнаға айналып үлгерді. Бүгінгі таңда осы жобаға арналған
тұрақты зерттеу гранттары мен ортақ ақпараттың қолжетімділігінің
арқасында Геногеографиялық жоба оған қатысушы ғалымдарға
адамзаттың генетикалық шығу тегі мен оның сан-алуандығын
түбегейлі зерттеуге үлкен жол ашып беріп отыр.
Базалық орталығы Дания астанасы Копенгаген қаласында
орналасқан Геногеографиялық жоба ‘адамзаттың түптамыры қайда
және біздердің ата-тектеріміз кім болған?’ деген кез келген
адамның көкейінде жүретін мәңгі сұрақтың жауабын табу үшін, ең
озық генетикалық технологияларды пайдалануда. Тек кейінгі
жылдардың өзінде ғана халықаралық құрамдағы зерттеушілер тобы
жер шарының әртүрлі аймақтарында тұратын 75000 жергілікті
респондент-қатысушылармен бірге өте өнімді жұмыс жүргізді.
Осының нәтижесінде жиналған генетикалық материалдар
адамзаттың ортақ тарихы мен миграциялық бағыттарын түбегейлі
анықтауға орасан зор пайдасын тигізіп отыр.
Бүгінгі таңда Геногеографиялық жоба өте бағалы генетикалық
және географиялық ақпараттардың коллекциялық қомақты
базасына ие. Зерттеуші ғалымдар әлгі коллекциядағы ақпаратқа
тапсырыс беру арқылы қол жеткізе алады. Ол үшін кәсіби
зерттеушілер электронды почталары арқылы Данияның Ұлттық
географиялық қоғамның аясында жұмыс істейтін Geno 2.0
командасына Геногеографиялық жобаның базалық материалдарын
алу туралы тапсырысты мына интернет сайтқа жолдаса жеткілікті:
https://genogeographic.natonalgeographic.com
Дәл қазір генетикалық технологиялар өте жылдам
динамикамен дамып келе жатыр. Соның арқасында ғалымдар

аталмыш жобаның алдыңғы екі кезеңінде жиналған генетикалық
материалдарды сараптаудың нәтижесінде қол жеткізілген ақпарат
пен құнды тәжірибені пайдалана отырып, ендігі жерде Geno 2.0
Next Generaton, яғни Геногеорафиялық жобаның болашақ кезеңіне
кірісе бастады.
Жоғарыда аталған сайтқа кіру арқылы кәсіби ғалымдар
әлемдік ғылымға өз үлестерін қоса алады және өз нәтижелерін ДНҚ
немесе DAR сараптама репозитарларының базасына тіркеуге де
мүмкіндік алады және бұл үдеріс онлайн қосымшалар арқылы іске
асырылады.
Осы орайда, адамзат тарихын ДНҚ арқылы қайта жазуға
талпынған Эске Уиллерслев (Eske Wllerslev) сынды Данияның
ғұлама ғалымын оқырмандарға таныстыра кетудің ешбір
артықтығы жоқ сияқты. 2016 жылғы мамырдың 16-сы күні New
York Times газетінде Карл Зиммер (Carl Zimmer) атты журналистің
‘Эске Уиллерслев тарихты ДНҚ арқылы қайта жазуда’ атты
мақаласы жарық көрген-ді. Сол мақалада бұл күнде Копенгаген
университетінің аясында жұмыс істейтін Геогенетика орталығының
директоры, ғылым докторы Эске Уиллерслев жайында біраз
тұшымды ақпарат берілген. Сол ақпараттың бір парасы
төмендегідей.
Даниялық ғалым Эске Уиллерслев бала кезінен бастап өзі
туып өскен Гентоф қалашығынан барынша ерте кетуге асыққан.
Себебі, оның көптен күткен асқақ арманы ержеткен кезде
Арктикаға аттану болатын. Оның бұл арманын өзімен бірге туған
егіздің сыңары Рэйн есімді бауыры да толық қолдапты. Каникул
кезінде олар уақыттарын қалың орман ішінде оңаша қалып, адам
төзбес қиыншылықтар кездесе қалса, жан сақтауға себі тиетін айла-
әдістерді үйренуге бағыштаған. Алдын-ала жоспарланған бірінші
сапарын Уиллерслевтер Сібірден бастауға ұйғарады. Сөйтіп, олар
алдын-ала юкагирлер деп аталатын, шамамен, тек бұлан етімен
ғана күнелтетін бір топ бейтаныс адамдармен таныстық орнатады.
Ағайынды Уиллерслевтер 18-ге толған кезде аталмыш
жоспарларын орындауға бірден кірісіп кетеді. Көп ұзамай-ақ олар
каноэмен шалғайдағы Сібір өзендерімен саяхат құра бастайды.
‘Алдыңдағы таудың арғы жағында не күтіп тұрғанын білу қиын
болды,’- дейді бұл күнде 51 жасқа толған Эске Уиллерслев. Өйткені
Сібірдің карталарында елді мекендер ап-анық белгіленгенімен, жас

саяхатшылар олардың маңы тұрмақ шаңын да көре алмаған
сыңайлы.
Доктор Эске Уиллерслев келесі төрт жылдың көпшілігін
Сібірде бұлан аулаумен және шегі жоқ тундраны кезіп,
юкагирлермен және сол аймақта мекендейтін өзге этностардың
өкілдерімен кездеседі. Бұл тәжірибесі Эске Уиллерслевке
‘этникалық топтар мен әлем халықтары планета бетіне қалай
таралған?’ деген жұмбақ сырдың жауабын іздеуге талпындырады.
Одан бері ширек ғасыр өтсе де, доктор Уиллерслев әлгі сұрақтың
жауабын табудан еш жалыққан емес сияқты, керісінше, ізденімпаз
ғалым ғажап ғылыми жаңалықтардың беттерін біртіндеп аша
бастайды. Бүгінде Копенгаген университетінің Геогенетика
орталығының директоры доктор Уиллерслев байырғы ДНҚ
клеткаларын адамзаттың осыдан 50000 жыл бұрынғы тарихын
реконструкциялау үшін шебер пайдалануда. Ғалымның ашқан
заманауи жаңалықтары байырғы тарихты терең түсінуге және
адамзаттың даму үрдістерін дәл анықтау үшін бүгінгі кезде зерттеу
объектілеріне айналған археологиялық қазба құмыралар мен
заманауи мәдениеттер әсте бере алмайтын заманауи айғақтар мен
дәйекті дәлелдерді іздеп табуда таптырмас әдіснамаға айналып
отыр.
Доктор Уиллерслевтің байырғы адам геномын анықтауға
арналған өте нәтижелі алғашқы жұмысы осыдан 4000 жыл бұрын
өмір сүрген гренландиялық баланың ДНҚ клеткаларын зерттеуден
басталған болатын. Ал ғалымның 24000 жыл бұрын өмір сүрген
сібірлік адамның қаңқа сүйегін зерттеуге арналған жұмысы
ойламаған жерден еуропалықтар мен байырғы америкалық
‘үндістердің’ арасындағы байланысты да толық ашып отыр.
Сонымен қатар, доктор Уиллерслев байырғы адамдардың ДНҚ
клеткаларын зерттеген кәсіби ғалымдардың ең алғашқысы ғана
емес, ол - бүгінгі таңда осы ғылыми арнаның алғы шебінде келе
жатқан бірігей де іргелі әрі кәсіби тұлға. Әріптестері бұл ғалымның
соны табыстарын тоқтаусыз еңбекқорлығының және халықаралық
деңгейде өзге ғалымдармен орнатқан тығыз байланыстары мен
баға жетпес тәжірибесінің нәтижесі деп біледі. Бұл пікірдің бір
дәлелі мынау. АҚШ-тың Даллас қаласындағы Southern Methodist
университетінің археолог ғалымы Давид Мельцердің айтуына
қарағанда, доктор Уиллерслев – өз ғылыми саласының
катализаторы әрі хореографы, әрі дирижері ғана емес, сонымен

қатар ол - кез келген адамды өзінің ғылыми нәтижелеріне күмәнсіз
сендіре алатын ғажап ғалым.
Бүгінгі таңда доктор Уиллерслевтің қол жеткізген ғылыми
жетістіктері күн санап артып келеді. Мәселен, 2015 жылы ол өз
әріптестерімен бірге Вашингтон штатының территориясынан
табылған ‘Кенневик адамы немесе байырғы адам’ атты осыдан
8500 жыл бұрын өмір сүрген 12 жасар ‘үндіс’ баласының қаңқа
сүйектерінен алынған геном туралы ақпарат жариялаған болатын.
Бұл ақпарат жарық көрген бойда-ақ сол маңдағы жергілікті ‘үндіс’
тайпаларының наразылығын туғызған-ды және бұл наразылық төрт
жылға созылған болатын. Солайы солай болғанмен, соңыра
ғалымдар мен әлгі ‘үндістердің’ өкілдері ортақ ымыраға келіп, сол
уақыттан 50 жыл бұрын қазып алынған әлгі қаңқа сүйектерді 2014
жылы о бастағы орнына қайта жерлейді. Бүгінгі таңда Дания
мемлекетінің астанасы Копенгагендгі Доктор Эске Уиллерслев
негізін қалаған халықаралық Геногеографиялық ғылыми орталықта
110 кәсіби ғалым тұрақты жұмыс істейді. Олар, сонымен қатар, осы
бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген күллі әлем
ғалымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Соның арқасында бүгінгі
таңда бұл жоба бойынша зерттелген адам саны бір миллионнан
асып жығылады әрі олар 140 елді қамтиды. Ендеше, біздің генетик
ғалымдарымыз да атлмыш орталықтың ғалымдарымен байланыс
орнатып, өз халқымыздың түпкі тегін түбегейлі зерттеуге барынша
атсалысса құба-құп болар еді.
Викинг әлемінің геномдық келбеті де назар аударалық мәселе.
Өйткені жиһангез викингдердің Скандинавиядан Еуропаның өзге
аймағына жасаған экспансиясы әлемде теңдесі жоқ жылдамдықпен
іске асқан мәдени трансформациялық құбылыс болатын. Айтса-
айтқандай-ақ, біздің заманымыздың 750-1050 жылдары аралығында
викингдер Еуразияның батыс аймағының басым көпшілігін қамтып,
Гренландия және Солтүстік Америкаға да ат ізін салып, бүгінге
дейін жалғасып келе жатқан мәдени мұра қалдырған еді.
Викингдердің генетикалық және экспансиялық жорықтарының
ықпалын анықтау үшін генетик ғалымдар қола дәуірінен, атап
айтқанда, б.з.б. 2400 жылдан бастап, б.з. 1600 жылдарына дейінгі
аралықты қамтитын күллі Еуропа аймақтарынан және
Гренландиядан 442 байырғы адамдардың геномын, викингдер
дәуіріне екпін бере отырып сараптамадан өткізген. Сараптама
нәтижесі викингдер дәуірінде Скандинавияға оңтүстік шығыстан,

дәлірек айтқанда, Дания мен шығыс Швеция өңірлерінен басқа
геннің келіп қосылғанын және ол геннің Скандинавияның өзге
өлкелеріне де тарағанын сипаттайды. Бүгінгі Скандинавия
тілдерінің бір-біріне өте ұқсайтындығына қарамастан, ғалымдар
Скандинавия ішіндегі генетикалық құрылымның бір-бірінен
өзгешелігі осыдан 1000 жыл бұрын байқалғандығын да атап өтеді.
Мәселен, сараптама нәтижесі Англияда негізінен даниялық
викингдердің, Балтық бойындағы халықтарда швед викингдерінің
ал Ирландия, Исландия және Гренландияда, керісінше,
норвегиялық викингдердің ықпалы үстем болғанын анықтаған.
Ғалымдыр сонымен қатар археологиялық тұрғыдан мұқият
зерттелген бір экспедиция мүшелерінің көпшілігі бір отбасынан
шыққан туыстас адамдар екенін, сондай-ақ, бөтен еуропалық тектің
басым көпшілігі Скандинавияға викинг дәуірінде келіп
қоныстанғанын да дәл анықтаған. Викинг дәуіріндегі
скандинавиялық геномды бүгінгі скандинавиялық геноммен
салыстыра келе, ғалымдар пигментациямен байланысты
локустардың әсіресе, соңғы мыңжылдықтарда өте күшті
популяциялық өзгерістерге ұшырағанын да дәлелдеген. Cонымен,
ғалымдар дұрыс таңдалған локустардың аллельдерінің жиілігінің
динамикасын, соның ішінде лактаза аллелін және иммундық
реакцияға байланысты әртүрлі өзге аллельдерді де байқаған.
Сөйтіп, викинг диаспорасы шетелдікдіктердің басымдығына тап
болған деген қорытынды жасалып, жекелеген викинг
популяцияларының Еуропаның әртүрлі аймақтарының геномдық
құрамына ықпал еткеніне қарамастан, ғалымдар Скандинавияның
өзі де ол заманда Еуропа континентінің қалған бөліктерімен тығыз
байланыста болуға мәжбір болғанына күмән келтірмейді.

Пікірлер