Скандинавия қорғандарының археологиялық келбеті

10872
Adyrna.kz Telegram

Өткен аптада профессор Әділ Ахметовтың «Викингдердің ізімен». (Ғылыми гипотезалық туынды) кітабынан «Лингвистикалық дәйектер не дейді?» бөлімі оқырман назарына ұсынылған. Осы кітаптан үзінді жариялауды одан әрі жалғастырамыз. Бірге оқиық.

 

Бұдан алдында аталып өткендей, Скандинавия қорғандары мен

Азиядағы скиф/сақ қорғандарының арасында таңқаларлық

ұқсастықтар бар. Бұл сөзіміздің негізсіз емес екендігін дәлелдеу

үшін бірнеше дәйекті мысалдар келтірелік. Мәселен, байырғы

жиһангер әрі жауынгер викингдердің кемелері туралы жазылған

Арне Эмиль Кристиенсеннің (Arne Emil Christiansen) “Викинг

кемелерінің музейіе жолнұсқа” (“Guide to Viking Ship Museum”)

атты кітапшасында Норвегиядағы Осеберг қорғанында 1904-жылы

жүргізілген археологиялық қазба жұмыстардың нәтижелері туралы

ғажап мәліметтер кездеседі және ең таңғаларлығы, Осеберг

қорғанынан норвег археологтары викинг кемесін және сол кемеге

жерленген екі әйелдің мумиялары мен он төрт жылқының қаңқа

сүйектерін, емен ағашынан жасалған төрт доңғалақты арба мен

төрт шананы, бедерлі оюлармен әшекейленген абдыраны, үш

тағанды темір мосы мен соған іліп ас пісіретін шойын қазанды,

ағаш сапты темір пышақты, еменнен ойылған астаулар мен

ожауларды, сондай-ақ, қол диірменді, жұмсақ былғарыдан тігілген

қысқа қонышты екі мәсіні және бұғы мүйіздерінен жасалған

тарақтарды қазып алған. Сосын, әлгі кітапшаға 1880-жылы

Норвегияның Сандар дейтін елді мекенінің маңайындағы

«Гокстад» фермасына жақын орналасқан «Король қорғаны» деп

аталып кеткен үлкен қорғанға қатысты норвег археологтарының

жазба деректері де қоса тіркелген. Әлгі деректер бойынша, бұл

қорғаннан да викинг кемесі мен сол кемеде жерленген жас шамасы

50 мен 70 жас арасындағы ер адамның мумиясы мен Осеберг

қорғанынан табылған артефактілерге ұқсас бұйымдар мен 12

жылқының қаңқа сүйектері табылған. Қазір әлгі кеме де о бастағы

қалпына келтіріліп, Ослодағы викингдердің кемелер музейінде

сақтаулы тұр.

Норвегия астанасындағы викинг музейінен алынған әлгі

кітапшаны қайта сараптау нәтижесінде Солтүстік Еуропада да сақ

қорғандарының бар екендігіне титтей де күмәнім қалмады. Себебі

Норвегияның жоғарыда аталған қорғандарынан табылған

артефактілер мен Алтайдағы Берел қорғандарынан қазылып

алынған артефактілердің ғажап ұқсастығы скандинавиялық

викингдер мен сақтардың түпкі тегінің бір екендігіне айқын жөн

сілтейді. Сосын, Норвегиядағы викинг қорғандары мен еліміздегі

сақ қорғандарының арасындағы көзге ұрып тұрған әлгіндей

ұқсастықтарды жай ғана кездейсоқтық деуге мүлде болмайтын

сияқты. Өйткені бұлайша пайымдауға себеп болып отырған

бұлтартпас дәйектердің және бірі төмендегідей.

2000-2001-жылдары Қазақстанның Ұлыбритания, Ирландия

және Норвегия мемлекеттеріндегі өкілетті Елшісі қызметінде

жүрген кезімде соңғы елдің мұнай астанасы - Ставангер қаласында

іс-сапармен болып, сол қала орналасқан мұнайлы аймақтың тарихи-

мәдени мұраларына бағышталған Эли Ага және Ханс Эйвинд

Настың “Руника жазуынан мұнай мұнарасына дейін” (Eli Aga and

Hans Eyvind Naes.“From Runes to Rigs”) атты кітабымен, сол

сияқты 2006 жылы жарық көрген Ян Ове Екебергтің “Норвегия:

өткені, бүгіні, келешегі” (Jan Ove Ekeberg: past // present // future”)

атты туындысынан байырғы викингдердің тарихы, ұстанған діни

наным-сенімдері және олардың жоғарыда аталған қорғандарымен

қатар киелі саналатын өзге де қорғандарының бар екендігіне көз

жеткіздім. Мысалы, соңғы кітапта осыдан 3000 жыл бұрын

тұрғызылған Regehaugen және Tangarhaug (Тәңірқорған болуы

ықтимал – Ә.А.) секілді ірі қорғандар тобы жөнінде де нақты

мағлұматтар кездеседі. Cосын, аталмыш қорғандардың қос

сөздерден тұратын құрама атауларындағы -haugen, -haug деген

сөздердің қазақ тіліндегіі қорған деген сөзбен айтылуы жағынан

да, мағына жағынан да өте жақын екендігін байқамау мүмкін емес.

Энциклопедиялық ақпарат көздерінен байқалып отырғандай,

Скандинавия аумағында, нақтырақ айтқанда, Норвегия мен Швеция

жерлерінде әлеуметтік статусы биік әрі елге кеңінен танымал

тұлғалар жерленген ондаған үлкен қорғандар тобы кездеседі.

Олардың көпшілігі археологтар тарапынан әлі зерттелмеген. Сол

сияқты, Швеция аумағындағы ондай қорғандардың жалпы саны 250

шақты болса, Норвегияда 300-ге тарта үлкен қорғандар легі

кездеседі. Мұндай қорғандар Данияда да ұшырасады. Сосын, ашық

ақпарат көздерінен байқалып отырғандай, викингдер жерленген

кемелердің үстіне үйілген қорғандар тек Норвегия аумағында ғана

емес, сонымен қатар Британия аумағында да, Дания мен Швецияда

да, тіпті, Ресейде де кездесетіні көзге ұрып тұр. Сосын, күллі

 

Еуропа кеңістігінде мыңдап саналатын қорғандардың (олардың

ішінде жүз мыңдаған Скандинавия қорғандары да бар) әлгі

географиялық аймақтан мүлде шалғайда, тіпті, ит арқасы қиянда

жатқан скиф/сақ қорғандарымен, атап айтқанда, алып Азияның

кіндігі саналатын Тыва, Хакасия немесе Алтай қойнауындағы

Берел, Пазырык, Басадар, Туэкт, Аржаан немесе Қазақстанның

Жетісу өлкесіндегі Бесшатыр немесе Алатау етегіндегі Есік

қорғандарымен сабақтастығы, ия болмаса Азия мен Еуропа

қорғандарының арасындағы ғажап ұқсастық жоғарыда сөз болған,

ағылшын-саксондықтардың арғы тегінің сақтардан тарағандығына

жөн сілтейтін гипотезалық болжамдар мен тұжырымдардың

шындықтан тіпті де алыс еместігін нақты дәлелдеп тұр деуге толық

негіз бар.

Қорғандардың тарихы және оларды тұрғызған байырғы

халықтардың мәдениеті мен олар сомдаған өркениеттер Еуразия

аумағымен ғана шектелмейді. Өйткені бұл құбылыс Тынық

Мұхиттың шығыс жағындағы, АҚШ кеңістігінде орналасқан қорған

мәдениетімен де сабақтас екенін назардан тыс қалдыруға

болмайды. Айтса айтқандай-ақ, кезінде байырғы

америкалықтардың («үндістердің») Миссисипи мәдениетіне тән

Кахокия секілді 4000 жылдық тарихы бар алып қорғандардың да

Еуразия қорғандарымен тамырлас екенін оқырмандарға 2003-жылы

жарық көрген “Азия – Берингия – Америка немесе америкалық

‘үністердің’ азиялық тегі” атты еңбегімізде мәлімдеген

болатынбыз.

Қорғандар туралы, оның ішінде скиф-сақ қорғандары жайлы

жүргізілген арнайы зерттеу жұмыстарының нәтижелері де өте

мәнді. Мәселен, Тамара Т.Райстың «Скифы: строители степных

пирамид» деген кітабына қосымша ретінде берілген деректерден

Кубань, Таман, Қырым, Днепр, Дон, Киев, Полтава, Волга, Орал,

Алтай, Солтүстік Моңғолия, Германия, Венгрия және Румыния

жерлеріндегі қорғандар шоғырының, яғни қорған мәдениетінің б.з.

бұрынғы жетінші ғасырдан бастап, б.з. бұрынғы екінші ғасырға

дейін жалғасқан құбылыс екендігін байқаймыз. Сонымен қатар,

аталмыш туындыдыдағы түбі түркі қорған атауларының өздері де

көп нәрседен хабар береді. Мәселен, Кубань тобындағы:

Карагоденашх, Келермес, Курджип, Уль, Уруп; Қырым тобына

кіретін: Ак-Мечет, Алтын-Оба, Дорт-Оба, Эль-Теген, Кара-Кият,

Куль-Оба, Темир, Сальгир; Днепр тобындағы: Башмак, Чертомлык,

Чмыр, Огюз; Полтава тобындағы: Акют; Волга тобындағы:

Астрахан; Орал тобындағы: Биш-Оба; Алтай тобындағы: Басадар,

Катанда, Курай, Пазырык, Шибэ, Туэкт; Солтүстік Моңғолиядағы

Нойн-Ула; Румыниядағы Косьюрул-Маре, Сату-Маре Еуразия

кеңістігіндегі байырғы скифтердің (бұл - скифтерге гректер берген

атау) сақтармен тамырлас екенін айғақтап тұр.

Орыс ғалымы Ю.А.Шилов өзінің «Прародина ариев» (Киев,

1995) деген монографиясында «қорған» деген ұғым байырғы

шумерлердің «кур-ан» немесе «кур-галь» («аспан тау» немесе

«алып тау») деген сөздерінен тарайды және қорған тұрғызу

мәдениеті Қара теңіздің солтүстік өңірінде б.з. бұрынғы 4000-2000

жылдар аралығында араттар мен ари тайпаларынан басталып,

дами бастаған дей келіп, байырғы қорғандардың о баста

антропоморфтық және астральдық белгі ретінде дүниеге келгенінен

ақпарат береді.

Әлемдік тұрғыдан қарағанда, қорғандар Австралия мен

Антарктидадан басқа континенттердің бәрінде де кездесетін мәдени

құбылыс екені дәлелденіп отыр. Әдетте, қорғандар қайтыс болған

адамдар жерленетін бейіттердің үстіне тұрғызылған немесе

жаратқанға жалбарынатын киелі орын ретінда сомдалған және

олардың формалары да әртүрлі болып келеді. Сосын, Еуразия

кеңістігінде Батыс Еуропадан бастап, сонау Қиыр шығыста жатқан

Жапонияға дейін әр заманда тұрғызылған қорғандардың бәрі дерлік

көрініс тапқан. Алғашқы дала қорғандары б.з. дейінгі 4000 жыл

бұрын энолит дәуірінде басталып, орта ғасырларға дейін

жалғасқаны байқалады. Мәселен, арғы тегі литвалық американдық

ғалым Мария Гимбутастың «Қорған гипотезасы» (Marija

Gimbutas “Kurgan hypothesis”) деп аталатын зерттеу жұмысында

алғашқы қорғандарды үндіеуропалық халықтармен қатар, скифтер

мен скандинавиялықтар да тұрғыза бастаған деген нақты дерек бар.

Сосын, Мария Гимбутастың 1956-жылы ұсынған “Қорған

гипотезасының” негізгі нысанасы археологиялық дерек көздерін

лингвистикалық деректермен ұштастыра отырып, үндіеуропа

тілдерінде сөйлейтін халықтардың байырғы отанын анықтау

болатын. Бұл гипотезаны қолдаушылар қорған мәдениетін Қара

теңіздің теріскей жағы мен Оңтүстік шығыс Еуропаны б.з.б.

бесінші мыңжылдықтан үшінші мыңжылдыққа дейін мекендеген

протоүндіеуропалық халықтардан бастау алады деген көзқарасқа

иек артады. Ал генетика тұрғысынан, қорған мәдениеті, негізінен, хромосомасы Ү R1a1 гаплотобына жататын Орта Азия, Батыс

Азия, Индия және Шығыс Еуропа халықтарына тән, ал Батыс

Еуропа халықтарында бұл генетикалық маркер өте сирек кездеседі.

Керісінше, жаңағы генетикалық маркер норвегтердің 23,6

пайызына тән болса, олармен туыстас шведтердің 18,4 пайызына

және алдыңғы екеуіне етене жақын болып келетін даниялықтардың

да 16,5 пайызына тән екен. Демек, ағылшын-саксондықтар мен

скандинвиялықтардың арғы тегінің сақтардан бастау алатынын

аталмыш генетикалық факторлар да нақты дәлелдеп тұр.

Ресей жерінде де қорғандардың неше түрі кездеседі. Олардың

аса көп шоғырланған жері – Хакасия. Ондағы ең әйгілісі Үлкен

Салбық қорғаны. Оны 1739-жылы Г.Ф.Миллер ашып,

С.В.Киселевтің жетекшілігімен қазба жұмыстарын 1954-1956-

жылдары Кеңес Одағы Ғылым Академиясының экспедициясы

жүргізген. Сосын, 1971-1974-жылдары Тываның солтүстігіндегі

Уюк (Ойық) өзенінің бойындағы «Патшалар алқабы» атанып

кеткен Аржан, Тарлық елді мекендерінде орналасқан скиф

заманынан қалған қорғандарда жүргізілген археологиялық

жұмыстардың нәтижесі де айтуға тұрарлық. Диаметрі 120 метр,

биіктігі 3-4 метр болатын Аржан-1 қорғанынан археологтар бір

бекзаданың және 16 адамның мумиялары мен 160-қа жуық жылқы

қаңқаларын, алтын мен күмістен жасалған өте бағалы бұйымдарды

табады. 2001-жылы археологтар Аржан-2 қорғанынан әлеуметтік

статусы биік ерлі-зайыпты екі адамның мумиясын және олардың

қасынан таза алтыннан жасалған 20 килограмға жуық бағалы

бұйымдар, темірден жасалған қару-жарақтар, әскери сауыт-

саймандар, киім-кешек және ыдыс-аяқ т.б. бұйымдарды да табады.

 

(жалғасы бар)

Пікірлер