Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Ресей саясаткері, депутат Константин Затулин Қазақстанға кіре алмады» деген ақпарат тараған болатын. Кейін іле-шала депутаттың екі ел сыртқы істер министрліктерінің араласуымен елге кіріп, Байқоңырға барғаны белгілі болды. Қазақ елінің тұтастығына қарсы ұстанымдағы саясаткерге кеңшілік тану қаншалықты дұрыс? Оның қандай шарты бар? Салдары қандай?
Бұған дейін Константин Затулин Қазақстанның тарихи жеріне көз алартып, аумақтық тұтастығына күмән келтірген болатын. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Луганск және Донецк сепаратистері жариялаған «мемлекетті» мойындамайтынын айтқаннан кейін, Қазақстанда Украина сценарийі қайталануы мүмкін деген пікір айтып, Қазақстанның бірқатар аймағы тарихи тұрғыдан Ресейге тиесілі деген болатын.
Міне, осындай ұстанымдағы депутатты әуелі шекарадан өткізбей бір әурелеп алған соң, кейін екі елдің Сыртқы істер министрлігінің араласуымен оны бері өткізгені белгілі болды. Затулиннің сөйтіп Байқоңырға барғаны көпшіліктің назарын аудартқан. Қоғамды бір-бір ду еткізген бұл мәселеге Қазақстан депутаттары өздері біліп, ештеңе демеді. Мәселенің ел тәуелсіздігіне қатысты екендігін ескерсек, шырылдаған жанын шүберекке түйгендер биік мінберлерді толқытып жатса керек еді.
Осы мәселені Мәжілістің кейбір депутаттарынан сұрап көрдік.
КЕШІРІМ СҰРАСА ЕЛГЕ КЕЛЕ БЕРСІН – АЙДОС САРЫМ
- Мен енді оның анық-қанығын білмеймін. Әлі Сыртқы істер министрлігінің азаматтармен сөйлескен жоқпын. Қара тізімге енгені анық, бірақ жалғыз ол емес. Біздің ашық деректерді қарасаңыз, мыңдаған азаматтар бар. Оның ішінде Ресейдің саясаткерлері де бар. Бірақ ол Ресей думасының санкцияға ұшыраған тұңғыш депутаты болып саналады.
Мейлі ол министр немесе депутат болсын, Қазақстанның тұтастығына, егемендігіне қарсы пікір айтатын болса, оның Қазақстанға келуге қақысы болмауы тиіс. Не болмаса ағынан жарылып кешірім сұрап, сөзін терістегеннен кейін кіргізуге болатын шығар. «Мен жаңылысыппын, тарихтан бейхабар екенмін, қазақтармен кездесіп едім, көзімді ашып берді» десе, келсін. Біз қонақжай елміз.
ТҮСІНІСПЕУШІЛІК ТУДЫРАДЫ – МАКСИМ РОЖИН
- Әуелде Затулинді Қазақстанға «кіргізбей жатыр» дегенде, өз басым бір қуанып қалғанмын. Кейіннен «Сыртқы істер министрлігінің араласуымен елге кіргізді» деген ақпарат шықты. Жалпы бізде осындай маңызды мәселелерде бір жақты позиция болу керек. Өйткені мұндай қайшы ақпарат халықтың түсініспеушілігін тудырады.
Сондайда біз өз мүддемізге сай әрекет жасауымыз керек. Бұған қоса әр елдің саясатына араласып, артық «кеңес» бермей, әр елдің депутаты өз халқының жағдайымен айналысуы керек деп санаймын.
КӨРШІНІ АУЫСТЫРА АЛМАЙМЫЗ – РУСЛАН БЕРДЕНОВ
- Менің білуімше Затулинге «Қазақстанға бармай-ақ қой. Себебі негатив бар» деген сөз кеңес ретінде айтылды. Сол үшін шекарадан әзер өткізді. Өздеріңіз білесіздер, қазір Ресейдің ішкі саясаты үшін әртүрлі көршілеріне байланысты жалған ақпарат айтылады. Сондықтан да мұндай ақпарат тарататын адамдарға кеңес ретінде «сыртқа шықпай-ақ қойыңыз» деген кеңестің айтылуы орынды.
Алайда ең бастысы – дипломатиялық қарым-қатынасты да ойлау керек. Әр адамның айтқан сөзіне көңіл бөліп, қарайтын болсақ, екі елдің дипломатиясын құртып алуымыз мүмкін. Оны да біз ескеруіміз керек. Бұл бірінші нәрсе. Екіншіден, қанша жерден тұлғалар сөйлеп жатса да, қасымыздағы көршіні ауыстыра алмаймыз. Сондықтан ең басты приоритет екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасын ойлау керек. Экономикалық, тауар айналым жағынан қарайтын болсақ, Ресей – біздің басты серіктестігіміз.
Ал тарихты ашып қарайтын болсақ, бір кезде Мәскеудің өзі бізге салық төлеген ғой. Астрахан, Томск, Омбы, Орынбор туралы айтсақ та, жеткілікті. Тарихты ашатын болсақ, әр бір ұлттың «мынау – біздің жер» деп айта алатын тұстары болады. Мәселен, Ташкент те, қателеспесем 58 жыл бойы біздің астанамыз болған. Бірақ оны қазір көтеріп «Ташкент – біздің жер» деп айту орынды нәрсе емес. Әр нәрсенің өзінің орны мен тарихы бар.
Серік Жолдасбай