Каспийден Солтүстік Америкаға дейінгі соқпақ. Әділ Ахметов

2209
Adyrna.kz Telegram

Бұдан алдын профессор Әділ Ахметовтың "Викингдердің ізімен. (Ғылыми гипотезалық туынды) кітабының кіріспесі жарияланған болатын. Бүгіннен бастап апта сайын осы кітаптың әр бөлімі жеке-жеке жарияланып тұрмақ.

Қанеки, бірігіп оқиық.

Пікір, көзқарас білдірем деген патша көңіл оқырманға қашан да есік ашық, төр сіздікі.

БАЙЫРҒЫ СКАНДИНАВИЯЛЫҚ ВИКИНГДЕР ЖӨНІНДЕ
ӘЛЕМДЕ ҚАЛЫПТАСҚАН ГИПОТЕЗАЛЫҚ ПАЙЫМДАР
МЕН ПІКІРЛЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕРІ

Әлем ақпарат көздерінде байырғы викингдер жөнінде нағыз
шындықпен жанасатын объективті деректермен қатар алуан түрлі
алыпқашпа немесе шектен шыққан субъективті пайымдар да жетіп
артылады. Дей тұрғанмен, адамзат тарихында айырықша із
қалдырған викингдер туралы ғылым сүзгісінен өткен шынайы әрі
толыққанды мәліметтерді адамзат өркениетінің тарихы мен ақыл-
ойының қоймасы саналатын “Britannica”, “Brockhaus” және
“Большая советская энциклопедия” (БСЭ) секілді ағылшын, неміс
және орыс тілдерінде жарық көрген әлемнің ең әмбебап
энциклопедияларымен қатар, дәл сол туындылардың ғаламтор
желісіндегі электрондық нұсқаларынан да кездестіреміз.
Бұл тұрғыдан келгенде, жаһандық Интернет жүйесіне
жүктелген әрі кез келген сәтте кез келген оқырманға қолжетімді
“Wikipedia”сынды еркін энциклопедияның алатын орны ерекше.
Онда викингдердің байырғы мекен-жайы мен болмыс-бітімі
былайша сипатталады: “Vikings were Scandinavians, who from the
late 8 th to late 11 th centuries, raided and traded from their Nothern
European homelands across wide areas of Europe, and explored
westwards to Iceland, Greenland, and Vinland. The term is also
commonly extended in modern English and other vernaculars to include
the inhabitants of Norse home communities during what has become
known as the Viking Age, 798-1066 AD. This period of Nordic military,
mercantile and demographic expansion constitutes an important element
in the early medieval history of Scandinavia, Estonia, the British Isles,
France, Kievan Rus’ and Sicily.” [1]

Осы секілді қысқа да нұсқа мәлімет орыстілді “Википедия”
энциклопедиясында да кездеседі: “Викинги (дат. vikinger, швед.
vikingar, норв. vikingene) – раннесредневековые скандинавские
мореходы в VIII-XI веках, совершившие морские походы от
Винланда до Биармии и Северной Африки. В основной массе это
были племена в стадии разложения родоплеменного строя,
жившие на территории современных Швеции, Дании и Норвегии,
которых толкало за пределы родных стран перенаселение и
голод…” [2].
Британия энциклопедиясы келтірген деректер бойынша,
байырғы викингдердің күнделікті қолданыста үш негізгі атауы
болған. Олардың бірі – Norseman (Солтүстік адамы), екіншісі -
Northman (алдыңғы атаудың синонимі) және Varangian
(Варангиялық). Сонымен қатар оларды скандинавиялықтар деп те
атаған.
Викингдер жөнінде оқырман қауымды ең алдымен төмендегі
сұрақтардың қызықтыратыны даусыз. Олар:
Викинг деген сөздің этимологиясы нені білдіреді?
Викиндер кім болған?
Викиндердің наным-сенімдері қандай болған?
Викингдердің шапқыншылығы неге тоқтап қалды?
Викинг жауынгерлері қалай киінген?
Викиндердің қоғамы қалай ұйымдасқан?
Викингдер қандай баспанада тұрған?
Викингдердің шапқыншылығының Еуопаға ықпалы қандай болды?
Ғаламтордағы Википедия энциклопедиясының ағылшынша
нұсқасындағы “Viking” атты мақаладағы ақпаратқа қарағанда,
викингдер, негізінен, ауқатты жер иеленушілердің көсемдері мен
кландық тайпалардың басшыларынан, сол сияқты олардың
қарамағындағы жалшыларынан, сондай-ақ басы бос адамдар мен
тепсе темір үзетін, бірақ күнкөріс көзін жат жерден табуға жаны
құмар жастардан құралған сыңайлы. Сонымен қатар,
скандинавиялықтар ел ішінде фермерлікпен айналысса, ел
сыртында теңіз қарақшыларына айналып, ұзын да сүйір әрі өте
жүрдек кемелермен Еуропа жағалауындағы қалалар мен елді
мекендерге мол табыс табу мақсатымен аса қатыгез қарақшылық
жорықтар да ұйымдастырған. Осының салдары болуы керек,
оларды скандинавиялықтардың өздері де ‘vikingr’, яғни
‘пираттар’(қарақшылар) деп атап кеткен.

Викингдер армиясының этникалық құрамын нақты айту
мүмкін емес, алайда олардың Балтық жағалаулары мен Ресейге
жасаған экспансиялық жорықтарын шведтердің ұйымдастырғаны
анық. Ал батыста жатқан Оркней және Фарер аралдарын, сол
сияқты Исландияны басып алғандар норвег викингдері болатын.
Сондай-ақ, скандинавиялық аңыз-қисаларда айтылғандай, соңыра
норвег викингдері жүрдек кемелермен алдымен Гренландияға одан
соң Солтүстік шығыс Американың Винланд аймағына, дәлірек
айтқанда, бүгінгі Ньюфаундланд аймағына дейін жеткен.
Викингдердің Англияға жасаған кішігірім қарақшылық
жорықтары 8-ғасырдың соңында Линдсферн монастрынан басталса,
шебер ұйымдастырылған қарулы шабуылдары 865 жылы Шығыс
Англия мен Нортумбрияға жасалған. Осының салдарынан Англия
аумағының көпшілігі көпке дейін Данияға бағынышты болып
келген.
Бірін-бірі толықтырып тұрған жоғарыдағы мәліметтерден,
біріншіден, викингдердің байырғы скандинавиялықтар екенін,
екіншіден, олардың сегізінші ғасырдың соңғы кезеңінен бастап, он
бірінші ғасырға дейін өздері мекен еткен Скандинавиядан (бүгінгі
Швеция, Дания және Норвегия аумағынан) оңттүстікке қарай
ағыла аттанып, Еуропаның басым аймақтарына белсенді де батыл
сауда-саттық жорықтар жасағанын, үшіншіден, ержүрек
викингдердің Еуропамен ғана шектеліп қалмай, сол құрлықтың
солтүстігі мен батысында жатқан ұлан-байтақ Атлант мұхитын да
түйрей өтіп, алдымен Исландия мен Гренландияға, одан соң
Солтүстік Америкадағы Винланд (бүгінгі Канада) аймағына да
әлемде бірінші болып табан тірегенін, төртіншіден, байырғы
викингдердің Еуропаның ішкі теңіздерімен қатар сол кәрі
құрлықпен шектесетін сыртқы теңіздерді де, тіпті, қауіп-қатерге
толы, сұрапыл Атлант мұхитын да қоса бағындырған ержүрек
жиһангерлер екенін, бесіншіден, викингдер дәуірінің 798-жылдан
бастап 1066-жылға дейін созылғанын, алтыншыдан, сол бір
аумалы-төкпелі викингдер дәуірінің тек Скандинавия тарихында
ғана емес, орта ғасырдың бастапқы кезеңдеріндегі Эстония, Британ
аралдары, Франция, Киевтік Русь және Сицилия тарихында да
айтулы із қалдырғанын, жетіншіден, викингдерді әлгіндей
жорықтарға мәжбүрлеп, нар тәуекелге бел байлатқан сол
замандардағы Скандинавияда орын алған демографиялық дүмпу

мен азық-түлік қорының жетіспеушілігі де қоса себеп болғанын
көруге болады.
Бұл күнде жаһандық ғаламторда викингдерге қатысты өзге
ақпарат көздері де мол. Олардың ішінде викингдердің күллі
Еуропаның төрт құбыласын түгел жалғастырған сауда-саттық жол
тораптарын бейнелейтін географиялық карталар тізбегі де, әлемнің
ғұлама ғалымдары жарыққа шығарған ғылыми-сараптамалық
туындылар да, көрерменнің көз жауын алатын түрлі-түсті
фантастикалық фильмдер де, сондай-ақ әртүрлі мифологиялық
аңыздарға негізделген анимациялық видеоойындар да жетіп
артылады. Алайда, бұл аталғадардың ішінде, әсіресе біздер қолға
алып отырған гипотезалық зерттеу жұмысының үдесінен шығатын
әрі нағыз тарихи шындыққа негізделген ғылыми туындылардың
орны ерекше. Ендеше, оқырман қауымның назарын ендігі жерде
сол туындыларға бұралық.
Бұл түрғыдан келгенде, ең алдымен викингдер тарихы мен
өркениетіне бағышталған, 2004-жылы француз тілінде, содан соң
2017-жылы орыс тілінде жарық көрген Скандинавия тарихының
әлемге танылған ғұлама білгірі әрі Сорбонна университетінің
профессоры Буайе Режи (Boyer Regis) есімді ғалымның
энциклопедияға бергісіз әрі аса зергерлік шеберлікпен жазылған
ғылыми-зеттеу монографиясының [3] мәні өте зор. Өйткені
байырғы викингдердің тарихы мен өркениетіне бағышталған терең
мазмұнды әлгі туындыда сұңғыла ғалым Буайе Режи топтастырған
“Біздер викингдерді қаншалықты білеміз?”; “Олар кімдер және
қайдан келген?”; “Викингдер экспансиясының түпкі себептері мен
олардың бастапқы сипаттары”; “Отарлау және
институционализациялау дәуірі (900-980) мен одан кейінгі
кезеңдерде орын алған ұлы жорықтар (980-1050)”; “Викинг
қауымдастығының құрамы”; “Төл мәдениеті”; “Қоғамдық өмір
салты” атты жеті тараудың ішінде Дания, Норвегия және Швеция
халықтарының түпкі тегі саналатын байырғы викингдерге қатысты
археологиялық, нумизматикалық және филологиялық жазба
деректер де жеткілікті. Сосын, викингдердің палеолит, неолит, қола
және темір дәуірлеріндегі болмысынан хабар беретін петроглифтер
топтамасы мен руникалық жазу таңбалары, сондай-ақ, Скандинавия
бірлестігінің мәселелері, ақша мен сауда-саттық мәселелері,
сондай-ақ викингдердің солтүстік бағытта Шетланд, Оркней
аралдарына, Исландияға, Греландияға және Винланд (бүгінгі

Канаданың Ньюфаундленд және Лабродор провинциялары)
аймағына жасаған теңіз сапарлары, сол сияқты даниялық және
норвегиялық викингдердің батыс бағытта: Британ аралдарына,
Шотландияға, Ирландияға және шығыс бағытта шведтердің Киев
Русіне, оңтүстікте Жерорта теңізінің айналасындағы елдерге
жасаған жорықтары, сонымен қатар викингдердің баспаналары,
шаруашылық құрал-саймандары, киім кию ерекшеліктері,
қалалары, құқық және әдеп қағидалары, діни наным-сенімдері,
интеллектуалдық әлеуеті және викингдердің екі жарым ғасырға
созылған дәуірінің тарих сахнасынан кетуінің ішкі және сыртқы
себептері аса ыждағаттылықпен сипатталады. Сосын, көзі қарақты
оқырманнның ол шығармалармен ғаламтор арқылы тікелей
танысуына да толық мүмкіндігі бар.
Буайе Режи туындысының мәртебесі мен құндылығын
биіктететін және бір маңызды фактор мынау: ғұлама тарихшы
викинг өркениетіне қатысты ақпаратты тек Скандинавия
мемлекеттерінде сақталған мұрағаттардан ғана емес, сонымен қатар
өзге мемлекеттердің меншігіндегі үлкен қорлардан да іздеп тауып,
мұқият зерттеп-зерделей отырып, өз туындысының өзегіне өре
білгендігі кітап соңындағы библиографиялық тізімнің әртараптығы
мен молдығынан да анық байқалады. Олардың ішіне дат, швед,
норвег, исланд, ағылшын, француз, неміс және орыс тілдерінде ғана
емес, тіпті, араб тілінде жарық көрген жазба құжаттарға жасалған
сілтемелермен қатар байырғы замандарда викингдердің өздері
қалыптастырған сауда-саттық маршруттарының бірегей карталары
да кездеседі.
Байырғы викингдер дәуірінің қыр-сырына қатысты терең
зерттеулердің қатарына “Oxford University Press” баспасынан 1968
жылы жарық көрген Гвин Джонстың (Gwyn Jones) “Викингдердің
тарихы” (“A History of the Vikings”) атты танымдық туындысын да
жатқызуға болады. Өйткені бұл кітаптың авторы да викингдердің
арғы тегі мен өркениетін, мәдениетін және олардың Скандинавия
аумағында ғана емес, оның ту сыртында да, атап айтқанда,
Норвегияның қиыр солтүстік мүйісі мен Ақ теңізден бастап
Гибралтар бұғазына дейінгі, сондай-ақ Солтүстік Америкадағы
Ньюфаундленд, Баффин аралдарынан бастап, Волга мен Самара
өзендерінің иіндеріне дейінгі аралықта, тіпті, Византия аумағында
іске асырған жорықтарының нәтижелерін де бүге-шігесіне дейін
шебер сипаттайды [4].

Жоғарыда аталған іргелі туындылардың қатарына жаһандық
«Penguin Books» баспалар жүйесінің АҚШ-тағы тармағы арқылы
2009-жылы жарық көрген Роберт Фергусонның (Robert Ferguson)
“Викингдер. Тарих” (“The Vikings. A History”) атты іргелі
шығармасы да жатады. Өйткені Роберт Фергусон бұл туындысында
байырғы дәуірлерде Норвегия, Швеция және Данияны билеген
адуынды теңіз жиһангездері мен теңіз қарақшыларының, яғни
викингдердің өздері жасақтаған көп ескекті, сыйымды, әрі өте
жүрдек сүйір кемелермен Византияға, Гренландияға және тіпті, ит
арқасы қияндағы Солтүстік Америка жағалауларына дейін жетіп,
қолөнерін де, кәсіпкерлікті де жолға қойып, сауда-саттықты да қоса
дамытып, адамзат өркениетінде өшпес із қалдырғанын өте шебер
баяндайды. Сосын, тек Скандинавия халықтарының мәдениетімен
ғана емес, олардың ауыз әдебиеті мен поэтикалық фольклор
өнерімен де, мифологиясымен де, сол сияқты Скандинавия өңірінде
соңғы кезеңдерде жүргізілген археологиялық зерттеу
жұмыстарының нәтижелерімен де жете танысқан автор адамзат
тарихында өзіндік орны бар ержүрек халық сомдаған өркениетті
жан-жақты әрі шегіне жеткізе сипаттап қана қоймай, археологялық,
генетикалық және лингвистикалық ақпарат топтамасы мен өзге де
құнды мәліметтерді де шебер үйлестіре білген [5].
Ендігі жерде Ұлыбританияның ең озық ғылыми-зерттеу
университеттерінің бірі саналатын Ланкастер университетінде,
сондай-ақ, Кембридж университетінде және Данияның
Копенгагаген университетінде Еуропа тарихы бойынша терең білім
алған әрі «Cолтүстік адамдары. Викингдердің тарихы, 793-1241»
(«Northmen. The Viking Saga 793 – 1241 AD») атты терең
сараптамалық туындыларымен қатар “Пингвин” баспасынан жарық
көрген «Викингдердің тарихи атласы» («The Penguin Hstorical Atlas
of the Vikings») деп аталатын ғылыми еңбектің авторы Джон
Хейвудтың (John Haywood) викингдер тарихын зерттеуге қосқан
үлесінің өте қомақты екенін ерекше атап өткен лазым [6]. Себебі
соңғы аталған атласта Джон Хейвуд викингдердің Каспий теңізінен
бастап, сонау қиыр Солтүстік Америкаға дейін жасаған жиһангездік
сапарлары мен сауда-саттық жорықтарын тек сөзбен ғана жеткізіп
қоймай, олардың жүріп өткен жолдарын керемет карталар арқылы
да жан-жақты сипаттап берген.
Байырғы викингдердің мәдени-тарихи және әлеуметтік-
экономикалық болмысына қатысты орыс тілінде жарық көрген

еңбектердің ішінен Ресейдің археолог әрі тарихшы ғалымы
Г.С.Лебедевтің «Эпоха викингов в Северной Европе и на Руси»
атты іргелі монографиясын да [7] атап өту лазым. Өйткені әлгі
шығармасында автор жазба мұрағаттармен қатар археологиялық
және этнографиялық материалдарды молынан пайдалана отырып,
викинг дәуірінің бүге-шігесін, атап айтқанда, IX-XI ғасырларда
викингдер негізін қалаған мемлекеттің қалай қалыптасқанын,
сондай-ақ әлгі мемлекеттің саяси билік жүйесін, ондағы
материалдық құндылқтардың қалай бөлінгендігін, сауда-
саттықтардың даму үдерісін, тонаушылық және басқыншылық
мақсатпен іске асырылған әскери-теңіз жорықтарын, Солтүстік
Еуропада толық күшіне енген христиан дінінің ықпалын, сондай-ақ
орыстар мен скандинавиялықтардың қарым-қатынасын және
Ресейдің мемлекет болып қалыптасуындағы викинг-варягтардың
үлкен роль атқарғанын да аса ыждағаттықпен суреттейді.
Викинг дәуіріне қатысты ағылшын тілінде жарық көрген
туындылардың ішінде ежелгі Скандинавия мен байырғы Британия,
Ирландия және Шотландия халықтарының тарихына ғана емес,
олардың мифтері мен аңыз-дастандарына, сол сияқты жырлары мен
қиссаларына бағышталған ғылыми-сараптамалық туындылар да
баршылық. Мәселен, олардың ішінде халық фольклорын зертеуші
ғалым әрі әлемнің 22 елінде алпысқа тарта кітаптары жарық көрген
Розалинд Кервеннің «Викинг мифтері мен дастандары» (Rosalind
Kerven.“Viking Myths & Sagas”; Джейн Смайлидің
«Исландиялықтардың қиссалары» (Jane Smiley “The Sagas of the
Icelanders”) [8]; Ларс Браунуорттың «Теңіз көкжалдары:
Викингдердің тарихы»; (Lars Brownworth. “The Sea Wolves: A
History of the Vikings”) [9]; Нил Оливердің: «Викингдер», «Байырғы
Британия тарихы» және «Шотландия таихы» (Neil Oliver:
“TheVikings”; “A History of Ancient Britain”; “A History of Scotland”)
[10] және Томас Уильямстің «Викингдер Британиясы: Тарих»
(Thomas Williams “Viking Britain: A History” [11], Снорри
Стурлусонның «Прозадағы Эдда: Скандинавия мифологиясы»
(Snorri Sturluson. The Prose Edda: Norse Mythology) [12]; Харли
Дэвидсонның «Көп құдайшыл Еуропаның мифтері мен
символдары: Байырғы скандинавиялықтар мен кельттердің
мифтері» (Davidson H. Myths and symbols in Pagan Europe) [13] және
Эльзе Роуздалдың “Викингдер” ( Else Roesdahl. “The Vikings” [14]
секілді туындылары бар.

Интернет желілерінде де байырғы скандинавиялық викингдер
жайлы тарихи мәліметтер жыртылып айырылады. Ол мәліметтерде
жүрдек кемелермен жарақтанған батыр да ержүрек викингдер тек
Еуропаның ірілі-ұсақты ішкі өзендерінің бойындағы елдерді ғана
емес, сонымен қатар Балтық, Жерорта теңіздері жағалауларындағы
елдерді де түгел шарлап, Солтүстік Африкаға дейін сауда-саттық
сапарларымен қатар, қатыгез қарақшылық және шапқыншылық
жорықтарын да қоса іске асырғаны ешбір бүкпесіз баяндалады. Бұл
біріншіден. Екіншіден, жаһандық ғаламтор жүйелерінде
викингдердің Атлант мұхитындағы Шетланд, Оркней, Исландия
секілді ірілі-ұсақты аралдарға, одан соң Гренландияға, одан әрі
Солтүстік Американың Винланд аймағына, тіпті, Ресей мен
Византия аумағына да батыл әрі сәтті жорықтар ұйымдастырғаны
нақты баяндалады.
Викингдер туралы сөз қозғағанда Норвегияның жиһангез
ғалымы Тур Хейердалдың «The Search for Odin» («Одиннің ізімен»)
[15] атты еңбегіне соқпай ету мүмкін емес, өйткені бұл
туындысында ол байырғы викингдер о баста Дон өзенінің Азов
теңізіне құяр сағасынан Кавказға дейін созылып жатқан кең-байтақ
далада өсіп-өніп, кейін Рим империясының езгісінен құтылу үшін
Скандинавияға қоныс аударуға мәжбүр болған деген өте батыл
болжам ұсынады. Тур Хейердалдың мұндай болжам жасауына
1178-1241 жылдар аралығында өмір сүрген исландиялық прозаик,
саясаткер әрі көреген тарихшы Снори Стурлусонның (Snorri
Sturluson) қаламынан туған “History of the kings of Norway” [16]
(“Норвегия корольдерінің тарихы” немесе кейін “Heimskringla”)
аталып кеткен туындыдағы викингдер мифологиясының ең басты
кейіпкері әрі викинг құдайларының бірі саналған ержүрек Одиннің
о баста Скандинавияға Кавказ бен Қара теңіз аралығындағы ұлы
даладан келіп қоныстанғаны жайлы аңыз-дастанның себеп
болғанын жасырмайды. Тур Хейердал Снорри Стурлусон жазған
“The History of the kings of Norway” атты шығарманың астарында
шынайы тарихи шындық жатыр деп құлай сенген. Сосын, Тур
Хейердал 1994 жылы Әзербйжанға жасаған сапары кезінде
әзербайжандықтар өздерін Азери деп атайтынын, сол сияқты
ондағы жергілікті халықтардың бірі өздерін уди деп атайтынын да
негізге ала отырып, бұл атауларды байырғы нормандық
викингдердің мифологиясындағы Aesir және Odin деген
атаулардың баламасы деп қабылдайды [17] және бұл болжамының

шындық екенініне шынайы сенеді. Сондықтан да, Одиннің
байырғы ізіне түсу мақсатымен Скандинавиядан Дунай өзені мен
Кавказ тауларының аралығындағы Понти аймағына өзінің
жолсерігі Пер Лиллиестрем есімді швед ғалымымен бірге аттанып
кетеді. Олар Снори Стурлусонның аңыздарын негізге ала отырып,
Дон өзенінің атырауындағы Азов қаласының аумағында
археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, өз болжамдарының
дұрыстығына көз жеткізендей болады.
1981-2000 жылдар аралығында Тур Хейердал Әзербайжанда
төрт мәрте болады. Сол сапарларының бірінде ол Гобустан
аумағындағы жартастарда бәдізделген петроглифтердің арасынан
викинг кемелерінің ғажап бейнелерін байқап қалады. Әлгі
петроглифтер орта ғасырлық тарихшы Снори Стурлусон
жазбаларының шындықтан тіпті де алыс еместігіне Тур
Хейердалдың көзін түбегейлі жеткізеді. Тур Хейердалдың әлгіндей
сапарларға тәуекел жасауына орыстың айтулы ғалымы Георгий
Вернадскийдің, сол сияқты белгілі итальяндық тарихшы Франко
Кардинидің, әлемге әйгілі француз ғалымы Жорж Дюмезильдің,
сондай-ақ, исландиялық тарихшы Барди Гудмундссонның,
Норвегия рунологы Карл Марстрандердің, сол сияқты скифтер мен
сарматтардың және аландардың тілдері мен мәдениеттерін терең
зерттеген әйгілі орыс ғалымы Василий Абаевтың еңбектері де
үлкен ықпал еткені байқалады. Өйткені Г.Вернадский «Русь» деген
атаудың түп тамыры Скандинавияда жатқанын алға тартса, Франко
Кардини герман халықтарының мифологиялық дүниетанымына
скиф/сарматтардың да үлкен ықпалы болғанын атап өтеді. Ал
Жорж Дюмезиль болса, осетиндер мен Скандинавия халықтарына
ортақ мифологиялық негіздерді өте дәйекті дәлелдеген болатын. Ал
Тур Хейердал болса, Василий Абаевтың зерттеулеріне сүйене
отырып, Азов теңізінің маңайындағы сарматтармен бір заманда
қатар өмір сүрген герулдер деп аталатын герман тайпасының о
баста норвегтер секілді Исландия халқының құрамдас бөлігі
болғаны жайлы да нақты дерек келтіреді.
Жоғарыда аталған еңбегінде Тур Хейердал өз зерттеулерімен
қатар генетика ғылымының нәтижелеріне сүйене отырып,
исландиялық жылқы мен моңғол жылқысының арасында көптеген
ұқсастықтар бар екені жөнінде де өте тұшымды деректер келтіреді.
Мәселен, автор исландиялық жылқылар мен моңғол жылқыларына
тән мынадай ортақ сипаттарға: біріншіден, әлгі жылқылардың

екеуінің де тұрқы қысқа, бойлары аласа, жал-құйрықтары қалың
болып келетініне, екіншіден, әлгі жылқылардың қай-қайсысы
болмасын суыққа аса төзімді екеніне, үшіншіден, ұзақ сапарлар
кезінде олардың мініске өте шыдамдылығы мен жүрдектігіне,
төртіншіден, олардың еш күй таңдамай, жыл бойы далада
жайылатындығына, бесіншіден, қыстың қақаған аяздарында да
олардың қалың қарды тастай қатты тұяқтарымен тарпи аршып, өз
азығын өзі тауып жейтіндігіне ерекше назар аударады. Сосын,
автор өзін таңдандырған мына бір лингвистикалық жұмбақтың да
астарына терең үңіліп, Атлант мұхитының қиыр солтүстік
аймағында орналасқан Исландияда да, алып Азия құрлығының
жүрегінде орналасқан Моңғолияда да жылқының сипатына тән
«жорға» деген ұғымды білдіретін екі тілдегі атаулардың
кереметтей ұқсастығының кездейсоқ құбылыс еместігіне назар
аударады. Шындығында да, исландиялықтар “жорғаны” “telt”
деген сын есіммен сипаттаса, моңғол тіліндегі әлгі ұғымның
“тюльт” болып аталатынын жай ғана кездейсоқтық деуге
келмейтіні көзге ұрып тұр.

Тур Хейердал, сонымен қатар, исландиялықтардың христиан дініне
біздің заманымыздың мыңыншы жылдары өткеніне қарамастан,
олардың арасында жылқыны құрбандыққа шалу, жылқы етін
тамаққа пайдалану немесе жылқыларды қайтыс болған
қожайындарымен бірге жерлеу сияқты байырғы дәстүрлерінің әлі
күнге дейін жалғасып келе жатқанын және ондай салт-дәстүрлердің
кезінде моңғол және түркі халықтарының көпшілігіне ортақ
болғанын атап өтеді. Тур Хейердалдың бұл пікірінің негізсіз емес
екендігін бүгінгі таңда жаһандық Интернет желісінде жүген
төмендегі мәліметтер де толық дәлеледейді. Ол мәліметтерге
қарағанда, викингдердің, әсіресе, еркек жылқыларға ерекше мән
бергені байқалады. Сосын, мұндай пайымға археологтар байырғы
викинг дәуіріндегі Исландияда аумағында жерленген адамдардың
қаңқа сүйектерін зерттеген кезде келген сыңайлы. Өйткені байырғы

викингдермен бірге жерленген жылқылардың жартысынан астамы
еркек жынысты, яғни ат-айғырлар болған. Сондай-ақ, әлгіндей
жылқылардың қаңқа сүйектері бүгінгі таңда Исландия аумағында
айқындалған 355 қорған-бейіттедің 148-інен табылған. Сосын,
әлгіндей 17 қорғандағы адамдармен бірге жерленген 22 жылқының
18-і, яғни басым көпшілігі ат-айғырлар болған.
Бұл жерде “байырғы викингдер еркек жылқыларға, яғни ат-
айғырларға неге сонша басымдық берген?”деген сұрақтың
туындайтыны заңды. Міне, сол жұмбақтың сырын іздеп көрсек,
оның нақты жауабы жылқыны осыдан 5000 жыл бұрын
Қазақстанның ежелгі Ботай қонысының аумағында қолға үйреткен
байырғы бабаларымыздың салт-дәстүрінде жатқанын бірден
байқаймыз. Қарап отырсақ, ежелгі бабаларымыз да жылқыны тек
мініс пен жегіске ғана емес,” мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең –
сусын” демекші, көлік ретінде мінген, тамаққа етін пайдаланған
немесе “сары қымыз – дәрі қымыз демекші”, сүтін ашытып, қымыз
қылып, оны тек сусын ғана емес, көптеген дертке дауа ретінде де
кеңінен қолданған ғой.
Сосын, дәл осы пайымның нақты бір дәлелін қазақтың
ырымдарына қатысты пікір жазып қалдырған Шоқан
Уәлихановтың мына бір жолдарынан да байқаймыз: «Рым, т.е.
обычаи, соблюдение которых в шаманстве избавляло от несчастий,
а наруение вело за собой какое-нибудь бедствие... Особенно много
рымов киргизы (казахи – Ә.А.) наблюдают во время п о х о д о в и
б а р а н т ы. Слова: “түс” – сходи с лошади, “байла” – вяжи, дабы
не послужили дурным предзнамением заменяют благоприятными
для них по смыслу словами: қон, бекіт, иір. Песень не поют, вместо
сапты-аяқ говорят джулды-аяқ, кобылу называют жеребцом,
потому что ездить на баранту на кобылах считаются
неблагоприятным для успеха; назначение кобылиц, по мнению
киргизов (казахов – Ә.А.), есть расплод, а не поход» [18].
Халықаралық түркі академиясының «Ғылым баспасынан»
2015 жылы жарық көрген Ахмет Тоқтабайдың «Түркі халықтарының
жылқы мәдениеті» атты іргелі монографиясынан [19] еркек кіндікті
жылқыларға қатысты және бір құнды дерек бар. Ботайлықтар
әдетте тұқымы жақсы айғырларға ерекше мән берген және ондай
айғырлардан туған еркек құлындардың ішінен сұрыптай келе, ең
мықтыларын ғана таңдап алып, өзгелерін үнемі піштіріп тастайтын
болған.

Егер жоғарғы деректерді негізге алар болсақ, онда байырғы
вкингдердің ат-айғырларға неге ерекше мән бергендерінің басты
себебін де дөп басып айтуға болады. Өйткені жылқы малының
басын көбейту үшін, байырғы викингдер де құлындайтын аналық
жылқыларға тимеген, яғни олар мініске де, жегіске де,
шапқыншылық мақсатпен жүргізілетін жорықтарға да тек еркек
кіндікті жылқыны пайдаланған.
Ақпарат көздерінен алынған төмендегі карталардың да мәні
терең. Мәселен, адамзаттың байырғы көші-қон бағыттарын
бейнелейтін төменгі картада (Дереккөзі: National Geogaphic
Qazaqstan, Map of Human Migration (Genogeographic project)
Скандинавияға тартылған о бастағы миграциялық жол бағытының
Орта Азиядан басталатыны анық байқалады.

Ал түрлі-түсті мына картада VIII-XI ғасырлардағы
скандинавиялық викингдердің мекендеген аймақтары ғана емес,
олардың басып алған елді мекендері мен сауда-саттық қатынас
орнатқан территориялары да анық көрсетілген. Ал ондағы жасыл
түспен бояалған аймақтар викингдердің басқыншылық
жорықтарын ғана сипаттайды.
Викингдердің байырғы норман тілі, мәдениеті және тұрмыс
тіршілігі кезінде олар жаулап алған шет елдерде күні бүгінге дейін
сақталып қалғаны байқалады. Мәселен, олардың біразы бүгінгі
ағылшын тілінде әлі де қолданыста жүр. Мысалы, Egilsay деген
викинг топонимнің ағылынша мағынасы – Egil’s island, яғни
Эгильдің аралы деген ұғымды білдіреді. Сол сияқты викингше,
Ormskirk – ағылшын тілінде - Orm’s Church, яғни Ормның шіркеуі
деген ұғымды, сол сияқты викинг тіліндегі Vinland ағылынша Land
of wine ( Жүзім өсетін жер) дегенді, ал Ravenscar деген викинг
топонимі ағылынша Ravens Rock (Құзғын жартасы) дегенді, сол
сияқты викингше Torshavn ағылынша Thor’s habour (Тор
шығанағы) деген ұғымды білдіреді. Сонымен қатар, бүгінгі
ағылшын тілінде қолданыста жүрген Thursday (Тордың күні немесе
Бейсембі), husband (күйеу), axle (ось), crook (иін), raft (суда
транспорт ретінде пайдаланылатын сал), knife (пышақ), plough

(соқа), leather (тері), window (терезе), berserk (жауынгер), bylaw
(заңнама), thorp (село), skerry (жартасты арал), Hell (Тозақ),
Norman (Норман) және ransack (тонау) деген сөздердің барлығы да
көне ағылшын тіліне байырғы скандинавиялық викингдердің төл
тілінен, яғни норман тілінен қабылданған кірме сөздер екені күмән
тудырмайды. Ол ол ма, байырғы викингдердің норман тілі
солтүстіктегі бүгінгі Ұлыбртанияға қарайтын Оркней және
Шетланд аралдарында тұратын халықтардың ана тілі болып
кеткені де шындықтан алыс емес.
Дәл осы арада Шотландияның солтүстігінде, яғни Атлант
мұхитында орналасқан Оркней (Orkney) және Шетланд (Shetland)
аралдарының жергілікті төл атуларына қатысты мына бір
этимологиялық жайтты да айта кетудің орны бар.

Мәселе бұл жерде әлгі атаулардың түркі сөздеріне жақындығы
туралы болып отыр. Сырттай қарағанда, ондай жақындық бірден
байқалмайды да. Алайда әлгі атаулардың этимологиясына
тереңірек үңілсек, бұл жақындықтың қисыны бар екенін жоққа
шығаруға болмайды. Мәселен, Оркней аралдарының екінші атауы -
Orkney-Jar (Оркней-жар). Олай болатын себебі төменде көрсетілген
суретте айқын көрініп тұрғандай, бұл аралдардың теңізге тиіп
тұрған жиегі тік жартастар екені көзге ұрып тұр. Демек, есте жоқ
ескі замандардағы вкингдердің байырғы тіліндегі jar деген ұғым
мен өз тіліміздегі жар, жартас деген ұғымдардың түпкі төркіні
бірдей болғаны ғой. Тура осындай этимологиялық ұқсастық
Shetland (Шетланд) деген арал атауының құрамындағы shet деген
сөз бен өз тіліміздегі шет деген сөздің екі тілде де шалғай деген
ұғымды білдіретіндігінен де айқын көрініп тұр. Сосын, бір емес, екі
аралдың викиншге атауларының төл тіліміздегі жар және шет
деген сөздерімен айтылуы жағынан да, жазылуы жағынан да сәйкес
келуі – өте сирек кездесетін құбылыс.

Әрине, көзге ұрып тұрған мұндай ұқсастықты кездойсоқтық
деуге бола қоймас. Сосын, мұндай ұқсастықтар әдетте тек жалғыз
буынды сөздерде ғана кездеседі. Алайда, біздер әлгіндей
ұқсастықтарды көп буынды сөздерден де айқын байқадық.

Мәселен, түркі тілдеріндегі тіс, тіл, бел, белдік, елік, жер өгіз, сор
(ащы, мұң), дала, абад деген сөздер мен тура сол ұғымдарды
білдіретін, ағылшын және скандинавия тілдеріндегі tooth, teeth,
belt/betle/balte, elk/elg, earth/jord, ox/okse, sour/sorg/sur, dale/dal,
abade/abode сияқты сөздердің дәлме-дәл немесе ауыспалы
метонимиялық баламаларының өте ұқсас екені көзге ұрып тұр.
Cосын, қазақ тілінде тіс деген сөз бен ағылшын тіліндегі дәл сол
ұғымды білдіретін tooth немесе скандинавия тілдеріндегі tan/tand
деген сөздердің ұқсастығы күмән тудырмайды. Сол сияқты тіл
деген сөз бен сол ұғымды білдіретін tongue деген ағылшын сөзінің
арасында тікелей ұқсастық болмағанымен, анатомиялық тұрғыдан
тілдің таңдаймен жапсарлас екенін жоққа шығару мүмкін емес.
Сосын, ағылшын тілінің tongue деген сөзі мен қазақ тіліндегі
таңдай деген сөздің этимолоиялық жақындығы да көзге ұрып тұр.
Осындай жақындықтар өзге сөздерден де айқын байқалады.
Мысалы, швед тіліндегі Ake деген адам есімі қазақ тіліндегі әке
деген сөзбен және ескі норман тіліндегі Aki (әке) деген ұғыммен
тектес. Сол сияқты швед тіліндегі Arne деген кісі есімі байырғы
норман тіліндегі Qrn, яғни ‘қыран’деген сөзден тамыр тартады. Сол
сияқты байырғы норман тілінен швед тіліне енген Hakan (жоғары
мәртебелі) деген ұғымды білдіретін адам есімі өз тіліміздегі қаған
деген жоғары лауазымды қолбасшыға тиесілі ұғымды білдіреді
[20].
Сосын, осы тұста байырғы викинг тілі мен түркі тілдерінің
арасындағы кейбір ұқсастық осы тілдердің ескі жазу үлгілерінің
арасында да, атап айтқанда, олрдың руникалық жазу үлгілерінің,
яғни әліппелерінің арасында да бар екенін ерекше атап өткен
лазым.
Лингвистикалық зерттеулер викингдердің мәдениеті,
әлеуметтік құрылымдары және тарихы жайлы ғана емес, олардың
өзге халықтармен қалыптастырған мәдени байланыстары туралы
да, сауда-саттық қарым-қатынастар орнату үшін жасаған
жорықтары немесе шет едердегі мекен-жайлары туралы да қомақты
ақпарат береді. Байырғы викингдердің қарым-қатынастары
жөнінде, әсіресе бүгінгі швед, норвег, дат, фарос және исланд
тілдерінен анық байқалады. Алайда славян тілдеріне байырғы
викингдердің тілі айтарлықтай ықпал ете қоймаған. Себебі
викингдердің белсенді ықпалы Шығыс Еуропа елдерінен гөрі Батыс
Еуропа едерінде өте басым болған. Оның үстіне, скандинавиялық

жазба дерек көздерінің көпшілігі викинг дәуірінде норвегтер
отарлаған Исландия тарапынан көбірек тараған. Сондықтан да
викинг дәуіріндегі норвегтер туралы жазба ақпарат шведтер туралы
ақпараттан басымдау келеді. Мұның бір дәлелі викинг дәуіріндегі
нормандықтардың мыңдап саналатын құлпытасқа бәдізделген
руникалық жазуларынан да анық байқалады. Сосын, викингдер
қолданған руникалық жазу тілі 15-ғасырға дейін сақталып келген.
Руникалық жазулар бәдізделген тастар, сонымен қатар, байырғы
викингдердің Грекияға, Хорезмге, Иерусалимге, Италия жеріне,
мұсылман әлеміне, Англияға және Шығыс Еуропаның өзге
аймақтарына жасаған жорықтарынан да мол хабар береді. Ондай
жазулар бәдізделген құлпытастар Ұлыбритания мен Ирландия
арасындағы Мэн аралынан да табылған.

Викингдер дәуіріндегі қайтыс болған адамдарды жерлеу
рәсімдері де ерекше назар аударады. Еуопа аймағында викинг
дәуірін еске салатын жерлеу рәсімдері мен зираттардың әртүрлері
кездеседі. Олар Скандинавияда, Британ аралдарында, Ирландияда,
Гренландияда, Исландияда, Фарер аралдарында, Германияда,
Балтық аймағында және Ресей жерінде де кездеседі.

Жазба деректерге қарағанда, викингдердің жерлеу рәсімі
әдетте теңізде орын алған. Алайда жергілікті халықтардың
дәстүрлеріне сай, қайтыс болғандарды олар көбінесе бейіттерге
жерлеген немесе кремациялаған. Мәселен, Швецияда кремациялау
рәсімі басымдау болса, Данияда, керісінше, адыңғы тәсіл жиірек
қолданылған. Есесіне, Норвегияда екі түрлі рәсімнің екеуі де қатар
жүрген. Төменде адам жерленген бейіттердің кеме пішіндес
бейнелері өте жиі кездесетіні айқын көрініп тұр.

Кеме демекші, викингдер кеме жасаудан алдына жан салмаған
қас шеберлер әрі кәсіби ұсталар болған. Археологиялық қазба
жұмыстары кезінде табылған көлемі сан-алуан викинг кемелері осы
айтылғанның нақты дәлелі бола алады. Викинг кемелері әртүрлі
мақсаттарға бола құрастырылған. Солардың ішінде ерекше мәнге
ие болғаны ‘longship’, яғни ұзын кемелер. Ондай кемелердің екінші
атауы – dakkar (даккар). Олар негізінен әскери мақсаттарға немесе
барлау экспедицияларына арналған өте жылдам әрі тез бұрылатын
әрі желсіз мезгілде ескектермен, ал қолайлы жел тұрған кезде
желкендермен де қозғала алатын кемелер болған. Бұл кемелердің
тұрқы ұзын әрі өте сүйір болғандықтан таяз суларда да жүзе алған.
Ұзын кемелер, әсіресе, Скандинавияның қорғаныс флоттарында
басымдыққа ие болған сыңайлы. Сондықтан да викинг кемелері
викинг деген ұғыммен синонимдес болып кеткендей әсер
қалдырады. Бір сөзбен айтқанда, вкинг жорықтарының өте сәтті әрі
нәтижелі болуы әлгі кемелердің әскери сапасының мықтылығынан
болған десек, артық айтқандық емес.
Викингдердің күнделікті өмірде транспорт ретінде
пайдаланған өзге кемелерді де жасағаны байқалады. Олардың
инновациялық кемелерінің енді бірі ‘beitass’ деген атауымен
белгілі болған. Оның басты ерекшелігі сол, биік мачтаға

орнатылған көлемді желкендермен мұндай кемелер желге қарсы да
еркін жүзе алған. Мұндай кемелерді, жиһангез викингдер әсіресе,
жағадан қашықтау, яғни терең жерлерге якорь тастаған соғыс
кемелерінің экипаждары мен жауынгерлерін және қажет жүктерін
жағалауға жеткізу үшін қолданған. Әдетте викингдер мұндай
шағын кемешіктерді үлкен соғыс кемелеріне тиеп алып, ұзақ
сапарларда өздерімен бірге алып жүрген.
Викинг кемелерінің енді бір қыры діни рәсімдермен тікелей
байланысты. Өйткені викингдердің көсемдері мен әлеуметттік
статусы биік тұлғалары өмірден өте қалса, алдымен марқұмдарды
кеме ішіне жерлеп, содан соң әлгі кемелердің үстіне қорғандар
тұрғызылатын болған. Мәселен, Норвегия жеріндегі Особерг және
Гокстад қорғандарының ішінен норвег археологтары адамдар
жерленген викинг кемелерін ғана емес, сол адамдарға арнап
құрбандыққа шалған жылқылардың да қаңқа сүйектерін, сол
сияқты марқұмдарға тән құнды бұйымдарды, атап айтқанда,
марқұмдардың қару-жарақтарын және олардың көзі тірі кезінде
пайдаланған өзге бұйымдарын да қазып алған.

Соғыс кемелерімен қатар викингдер бейбіт мақсатқа қажет
өзге де кемелердің түрлерін жасай білген. Мәселен, knarr деп
аталатын кеме негізінен сауда-саттық үшін ауадай қажет жүк
таситын кеме болған. Ондай кеме соғыс кемесіне қарағанда тұрқы әлдеқайда қысқа әрі
сыйымдылығы жоғары, демек, қомақты жүк немесе адам тасуға
ыңғайлы екені көрініп тұр.

Мұндай байырғы викинг кемелері бұл күнде қайта жөндеуден
өткізіліп, соларға арналған Норвегия, Дания және Швеция
мемлекеттерінің астаналарындағы немесе өзге мемлекеттердегі
арнайы музейлерде сақталуда.

Скандинавияда қойнауында, сондай-ақ адам және викинг
кемелері жерленген қорғандар көптеп кездеседі.

Ең таңданарлығы жоғарыда аталған қорғандар Сібірдегі
Хакасия жеріндегі немесе Алтай аймағындағы Берел секілді
қорғандар тобынан немесе еліміздің оңтүстігіндегі Алатау етегінде
орналасқан байырғы сақ қорғандарынан ешбір айнымайды.
Скандинавия қорғандарының ұзын саны 100 мыңға жуық болса,
төңкерілген табақ сияқты бұл қорғандар Еуопаның көптеген
елдерінде, атап айтқанда, Германияда, Швецияда, Данияда,
Шотландияда, Оркней аралдарында, Исландияда, Гренландияда,
Латвияда, Эстонияда, Украинада және Ресейде де кездеседі.
Көріп отырғанымыздай, кеме жасау өнері - викинг
мәдениетінің ажырамас әрі ең құнды бөлігі. Кемелер теңіз
жағалауларын мекен еткен әлгі халықтардың күнделікті өміріндегі
көлік құралы ғана емес, жоғарыда аталып өткендей, діни жерлеу
рәсімдерінің де объектісі. Викингдер теңіз сапарлары мен
жаугершілік миссияларын да, жаңа жерлерді барлап қайту үшін де,
алыс-жақын елдермен қарым-қатынас жасап, сауда-саттықты
дамыту үшін де, қоныс аудару үшін де сол кемелерді кеңінен
пайдаланған.
Викингдердің дәстүрлі баспаналары да ерекше назар
аударады. Әдетте олар “long house”
(‘ұзын үй’) деп аталатын ағаштан, тастан немесе шымнан жасалған
әрі төңкерілген кеме сияқты көлбеу баспаналарда өмір сүрген.
Ондай үйлерде терезелер болмағандықтан үйді жылтатын оттың
түтіні сыртқа үй төбесіндегі арнайы ойластырған ойық тесіктен
ғана шығатын болған. Қыс қатты болатындықтан ондай үйлердің
қабырғалары әдетте өте қалың болған. Жылуды ұстау үшін ондай
үйлердің қабырғаларына аң терілері мен қалың кілемдер ілінетін
болған. Үй жиһаздары өте қарапайым әрі жұпыны болған.
Ұйықтайтын бөлмелерде төсеніш ретінде, негізінен, малдың
терілері пайдаланылған. Ұзақ қыста әйелдер ас бөлмедегі негізгі

шаруасынан бөлек бала-шағасын бағып-қағумен, жіп иіріп, мата
тоқып, киім тігумен айналысқан. Сондықтан да, мата немесе кілем
тоқитын өрмек әр үйдің ажырамас бөлігі болған. Бір үйде ата-
әжелерінен бастап күллі отбасы бала-шағалары мен немере-
шөберелеріне дейін бірге тұрған. Жұмыстан бос уақыттарында
викингдер аң немесе балық аулаған, ермек үшін ара-тұра шаңғы
немесе коньки тепкен. Ер адамдардың негізігі жұмысы қол
өнерімен, кеме жасаумен, ұзаққа созылатын қысқы маусымға мол
отын қорын даярлау, жер өңдеу және мал өсіру секілді күнделікті
тұрмыс тіршіліктермен айналысқан.

Викингдердің қоғамы экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан,
Thrals, Karls және Jarls деп аталатын үш таптан тұрған. Бұл
ақпараттың қайнар көзі байырғы исландиялық Эдда эпосы болса,
мұны археолгия ғылымының нәтижелері де қуаттайды.
Thrals деп аталытын алдыңғы әлеуметтік топтағылар негізінен
қоғамның төрттен бірін құрайтын ең кедей және әлеуметтік статусы
ең төмен құлдар мен жалшылар болған. Себебі құл иеленушілік
викинг дәуірінде өте маңызды роль атқарған. Басқаша айтқанда,
жалшы құлдар күнделікті тұрмыста да, үлкенді-кішілі құрылыстар
салу үшін де, сауда-саттық үшін де, бір сөзбен айтқанда,
экономиканың қозғаушы күші ретінде ауадай қажет боған. Бұл
әлеуметтік класс соңғы екі топтың фермаларында ғана емес, үй
шаруашылығында да жалшылық еткен. Сондай-ақ, олар қамалдар
тұрғызу үшін де, жол салып, каналдар қазу үшін де, қорғандар
тұрғызу үшін де, кез келген қара жұмысты атқару үшін де қажет
болған. Сосын, викингдер Еуропа елдеріне жасаған басқыншылық
сапарларының соңында жергілікті адамдары әдейі тұтқындап,
кемелеріне тиеп алып, оларды өз елінде жаппай құлдыққа жеккен
немесе оларды арабтарға құлдыққа сатып жіберетін болған.
Karls деп аталатын екінші топтағылар негізінен еркін
шаруалар болған. Олардың жекеменшік фермалары, жерлері және
малдары болғандықтан күнделікті өмірде олар да жер жырту, сиыр
сауу, үй салу үшін құлдар мен кедей жалшыларды кеңінен
пайдаланған.
Викинг қоғамының аристократтары Jarls деп аталатын бай-
бақуатты үшінші топтың өкідері болған. Олардың иелігінде ірі
фермалары мен жоғарыда аталған ұзын үйлері, жылқылары және
көптеген құлдары болған. Бұл топтағылар негізінен әкімшілк
қызметте, саясатта және аң аулап, спортпен шұғылданған, серуен
құрып немесе өздерімен теңдес байлармен қарым-қатынас жасап,
шет елдерге шығып, экспедицияларға қатысқан. Бұл топқа кіретін
аристократтар қайтыс бола қалса, олармен бірге қарамағындағы
құлдары да құрбандыққа бірге шалынып, қожайындарымен бірге
жерленген. Мұның дәлелі археологиялық қазба жұмыстарының
нәтижесінен анық байқалады.
Жоғарыдағыларды қорыта келе, байырғы скандинавиялық
викиндер дәуіріне қатысты дерек көздерін жинақтап айтар болсақ,
олардың ішінде жазба деректеріне жататын энциклопедиялық
мәліметтерден бастап, ағылшын, неміс, француз, орыс тілдерінде

жарық көрген ғылыми-танымдық зерттеулер де, викинг дәуірін
бейнелейтін эпостар мен аңыз-қисалар да, жер-су атаулары
(топонимдер) немесе кісі есімдері де, археологиялық артифактілер
де, лингвистикалық айғақтар да, викингдердің генеалогиясы да,
вкинг кемелері бейнеленген петроглифтер де, олардың жорықтары
мен сауда-саттық жолдарының карталары да, байырғы баспаналары
да, кәсібі де, сол сияқты генетикалық материалдар де қамтылған.

Сілтеме жасалған әдебиеттің тізімі:
1. Wikipedia (Free Encyclopeda)
2. Википедия (Интернет энциклопедия)
3. Regis Boyer. Les Vikings. Histoire et Civlisation, 2004; Режи Буайе.
Викинги. История и цивилизация. Санкт-Петербург, Издательсво
Евразия.2014.
4. Gwyn Jones. A History of the Vikings. Oxford University Press”,
1968.
5. Robert Ferguson “The Vikings. A History”.
6. John Haywood.Northmen. The Viking Saga 793 – 1241 AD; «The
Penguin Hstorical Atlas of the Vikings».
7. Лебедев Г.С. «Эпоха викингов в Северной Европе и на Руси»
8.Rosalind Kerven.“Viking Myths & Sagas”; Jane Smiley. “The Sagas
of the Icelanders”
9. Lars Brownworth. “The Sea Wolves: A History of the Vikings” .
10 Neil Oliver. “TheVikings”; “A History of Ancient Britain”; “A
History of Scotland”.
11. Thomas Williams “Viking Britain: A History”.
12.Snorri Sturluson. The Prose Edda: Norse Mythology.
13. Davidson H. Myths and symbols in Pagan Europe.
14. Else Roesdahl. The Vikings. Penguin books, 2016.
15. Thor Heyerdahl. The Search for Odin.
16. Snorri Sturluson “The History of the kings of Norway”.
17. Vibeke Roggen. Thor Heyerdal’s Search for Odin. Pengguin books,
2016.
18.Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Алма-Ата,
1961. Е.1. С.483-484.
19. Ахмет Тоқтабай. «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті».
«Ғылым» аспасы. Астана, 2015.
20. The Vking Rune. Swedish names: Top 100 Popular Names in Sweden

Пікірлер