Қазіргі жазушыларға әлемдік деңгейде тәрбие алу қажет. Заманауи драматургия тіптен жоқ – Дәурен Серғазин

2645
Adyrna.kz Telegram

Астанадағы «Жастар» театрының негізін қалаушы, режиссер, актер Дәурен Серғазин қазіргі театр мен көрермен, әдебиет пен драматургияның мәселелері жайында ой бөліседі.  

- Сахнада театрмен ауыратындар жұмыс жасайды дейміз. Ал театрға қандай адамдар тұрақты көрермен болып қалады деп айта аласыз?

- Өзін-өзі зерттеген, өзінің ішкі дүниесіне үңіле алатын, өз жанымен түсінісе алатын адам театрға көп келеді деп ойлаймын. Өйткені театр адамға эмоционалдық сезім сыйлайды. Сондай эмоционалдық сезімді бастан өткергенді жақсы көретін, өзін әр түрлі күйге сала алатын көрермен театрдан керегін таба алады.

- "Жастар" театрының репертуарындағы "Асауға тұсау", "Ревизор" қойылымдарын көрмеген қала, аудан, өңірлер көп.  Осындай танымал қойылымдарға қазір әлеуметтік желілерде сұраныс өте жоғары. Халықтың осы сұранысына сай қандай жауап бере аласыздар?

- Қамтитын ауқымы кинодағы сияқты емес, театрдың шекарасы өте тар. Оның құндылығы да осы шығар. Негізі бұл қойылымдарды еліміздің барлық қалаларында қойып шықтық деуге болады. Бірақ бір рет қойғанда оны тек бес жүздей көрермен көреді. Театр қойылымын әрбір аудан-өңірлерге апаруға мүмкіндік жоқ. Себебі, театр деген - үлкен ұжым. Осы ұжымдағы 50-80 адамды, қойылымға керекті сахна мен декорацияларды әрбір өңірге алып бару мүмкін емес. Осы қойылымдарды шынымен қатты көргісі келетін көрермен, өкінішке орай, астанамызға арнайы келіп қана көре алады.

- Жақында ВІ Group құрылыс компаниясы "Жастар" театрына жаңа ғимарат салып беру ісін өз жауапкершілігіне алғаны туралы ақпарат естідім. Бұл ақпарат қаншалықты рас?

- Екі жақтың келіссөзі әзірге жүріп жатыр. Бұл тек театр мен құрылыс компаниясының арасында шешілетін мәселе емес. Мемлекет пен әкімдіктің араласуымен ғана жүзеге асатын іс болғандықтан, бұл әзірге ниет, арман ғана болып тұр.

- Театр режиссері ретінде жақында "Күйеу бала" қойылымын ұсындыңыз. Бұл қойылым негізінен қазақ жігіттеріне бағытталып, "Еліңді, жеріңді, ұрпағыңды білімді болу арқылы қорғай аласың, "білім ізден, еңбек ет" деп тұрғандай көрінді. Режиссер ретінде осы қойылым арқылы қандай ойды жеткізгіңіз келді?

- Бұл қойылымда талқыланатын тақырып, өзекті мәселелер көп. Әр көрермен өзі түсіне алатын тақырыпты, өзіне жақын өзектілікті таңдап алады. Иә, режиссер ретінде көбірек қазақ жігіттеріне үндеу тастауға тырыстым. Біріншіден, әр қазақ қызына өзіміздің қарындасымыз немесе әпкеміз ретінде қарамасақ, ертең талан-таражға салынып, қазақ намысын қорғайтын ұрпақ қалыптаспауы мүмкін деген үндеу болды. Қазақ жігіттеріне орныңнан тұрып, алға қарай қозғалып, жан-жағыңды саралап, өз ұлтыңа және өз болмысыңа жанашырлықпен қарап, тек бүгінгі күн үшін емес, болашақтың қамы үшін жанпида ете білуің қажет деген үндеуді жеткізгім келді.

- "Азаттық" порталы жүргізген мынадай сауалнаманы көрдім: "тұрмысқа шыққан қазақ қызының келін ретінде қандай міндеттері бар екенін қоғам болып жатқа білеміз, ал үйленген қазақ жігітінің күйеу жігіт ретінде қандай міндеттері бар?" деген сұраққа жігіттеріміздің 99 пайызы "қайын жұртын сыйлауы керек" деген жауапты қайталай беріпті. Бұл жауапты қазақ жігіттерін тәрбиелеуде кеткен қателіктің көрінісі ретінде тануға бола ма?

- Қайын жұртқа өз отбасыңды бақытты етуден артық құрмет жоқ. Өз отбасыңды бақытты ете алмай тұрып қайын жұрттың алдында жорғалауыңның ешқандай құны болмайды. Шын мәнінде, әр қазақ жігітінен тосыннан барып емес, түбегейлі ақтарып сұрасаң, олар басқаша дұрыс жауапты берер еді деп ойлаймын.

Ал тәрбиенің дұрыс қалыптаспауына әртүрлі нәрселер әсер етеді. Тәрбие балаға кішкентай кезінен берілуі тиіс,  үлкейгенінде тәрбиелеу өте кеш болады. Өкінішке орай, біздің қоғамда баланың тәрбиесін де, білімін де мектепке ысырып қоятын ата-аналар көп. Мектепте балаға білім беріледі, ал негізгі тәрбиені бала өз ата-анасынан алады. Баланы мейірімділікке тәрбиелеу, оған өмірдің құндылықтарын түсіндіру, адами болмысты таныту - осының барлығын ата-ана өз мойнына алуы қажет.

- Театр режиссері ретінде көбірек шет елдік шығармаларды таңдайтыныңызды байқадым. Қазақ жазушылары шет елдік жазушылардан қандай үлгі алғанын қалар едіңіз?

- Біздің тәуелсіз ел атанған кезеңдегі әдебиетіміздің жазушыларын айтатын болсақ, Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртазалардың шығармалары шет елдік жазушылардың шығармаларынан кем емес. Дулат Исабеков, Ілияс Есенберлинның шығармалары әлемдік сахналарда қойылып та жүр.

Дегенмен бізге қазіргі заманғы қазақ әдебиетін жасайтын жазушылар қажет. Өкінішке орай, қазір бізде кәсіби тұрғыда жазатын, өз шығармасымен әлемдік деңгейде тәрбие бере алатын жазушыларымыз жоқ. Жазғанын жіберетін жазушылар бар, олардың ішінде әсер ете алатыны аз. Ал заманауи драматургия деген тіпті жоқ деуге болатын шығар. Біздің қазіргі замандағы жазушыларымызға әлемдік деңгейде өсу мен әлемдік деңгейде тәрбие алу қажет.

Режиссер ретінде мен үшін шығармада шығармашылық тілмен айтқанда "ауа" болуы және шығарманың тынысы терең болуы тиіс.  Біздің осы сұранысымызға сай шығармалар табылмағандықтан, шет елдің шығармаларын оқып, повестьерді пьесаға айналдырып, ол пьесаларды өзіміздің ұлттық руханиятымызға лайықтап шығаруға тырысып, жан-жақты ізденісте жұмыс жасаймыз.

- Мысалы, жақында сахналаған "Күйеу бала" қойылымын автор Жәнібек Әлкенмен бірге өзіңіз жазғаныңыз туралы естіген едім...

- Иә, бұл пьеса басында 15 беттік шығарма болды. Режиссер ретінде маған осындай образдарды қосу керек, бір ғана қыздың тағдырын емес, онымен бірге бүкіл ауылдың тұрмысын көрсету қажет деген сұранысымды жеткізіп, автормен бірге ақылдасып, пьесаны 25 бетке дейін ұзарттық. Шығарманың соңындағы қорытындыларды өзім жазып шықтым.

- Қателеспесем, бір сұхбатыңызда киносценарий жазу жұмысын қолға ала бастағаныңызды айтып едіңіз. Болашақты жазушы-сценарист ретінде туындыларыңыз жарыққа шығуыңыз мүмкін бе?

- Әбден мүмкін... Біздің көп уақытымызды актерлық жұмыс алып жатыр. Болашақта драма жанрында фильм түсіргім келеді, бірақ дәл қазір бұған дайынмын деп айта алмаймын. Тәжірибем мүмкіндік беріп, батылым жетсе, сәті түскен уақытта ойдағы жобаларды жүзеге асырып қаламын.

-  Ал актер ретінде былтырғы жыл сіз үшін табысты болған сияқты. Алғаш рет тикетон сайтының ұйымдастыруымен өткен сайыста "Ең үздік киноактер-2022" номинациясын жеңіп алдыңыз. Дәл осы жылы драма театрда актерлық өнердің шыңы саналатын Гамлет рөлі репертуарыңызға қосылды. Өз салаңызда жеткен осындай екі жетістіктен кейін актер ретінде қандай сезімде болдыңыз?

- Жалпы менің шығармашылық жолдағы жетістіктерім үлкен дүмпулермен емес, бір-бір баспалдақпен көтеріліп келе жатыр. Бұл екі жетістікті үлкен қуаныш демесек те, орта деңгейдегі қуаныштардың бірі болды. Әрине, интернетте отырған халықтың даусымен "Ең үздік киноактер" номинациясы бұйырғанынан кейін ол жердегі халықтың ықыласы, қолдау-қошеметі үлкен қуаныш сыйлады. Ал "Гамлет" рөліне келер болсақ, бұл рөлді әлі өз қоржынымдағы рөл деп айта алмаймын. Театр сахнасында көп қойылмағандықтан, бұл рөл әлі даму үстінде. Мен үшін Гамлет рөлі өзінің сарасы мен саласына түспеген,  әлі бағынбаған белес болып тұр.

- Қазақтың актеры болып тумағанда басқа дамыған қай елдің, қандай ұлттың актеры болар едіңіз?

- Өзімнің болмысыма, тірлігім мен тіршілігіме қазақтың болмысы лайықты келіп тұр. Өзімді басқа жақта жүріп бұдан да биік белестерге жетер едім деп айта алмаймын. Сондықтан, шүкір, өз ортама сай келген сияқтымын.

Жұлдыз Қадірова

Пікірлер