«Балуандарға футболшылардың ақшасын төлесін!» Келісу мен келіспеудің себептері

2732
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның ММА боксшысы Қуат Хамитов қазақ балуандарының жетістігін атап өтіп, оларға футболшылардың жалақысын беру керегін айтты. Бұл туралы ол желідегі парақщасына видео жариялаған. Оның пікірімен келісетіндер де бар, қарсылар да кездеседі.

“Біздің балуандар Азияда бірінші орынға шықты. Мен барлығына өтініш айтамын: Азия чемпионатының жүлдегерлеріне футболшылардың жалақысы берілуі керек деп есептеймін. Спорт деген – нәтиже. Спортта нәтиже үшін төлейді. Оларға футболшылардың ай сайынғы алатын  20, 25-30 мың долларды Азияда чемпион болған, күміс, қола жүлдегері болғандарға беру керек. Өйткені, біздің футболшылар ешқашан Азия чемпионы бола алмайды. Олар тіпті көршілерімізді де жеңе алмайды», - деді Хамитов.

Еске сала кетейік, 9-14 сәуір аралығында өткен Азия чемпионатының медальдық есепте қазақ балуандары бірінші орын алған болатын. Қазақстандық спортшылар барлығы жеті алтын, төрт күміс және тоғыз қола медаль жеңіп алды.

«АҚЫЛҒА СЫЙМАЙДЫ»

Спортшының бұл сөзіне қалай қарайтынын білу үшін спорт журналисі Есей Жеңісұлына сұрақ қоюдың сәті түсті. Айтуынша, бір спорттың ақшасын өзге спорт түріне бөліп бергенше, барлық спортты бұқаралық түрге айналдырған жөн.

«Қуаттың сөзінде жанашырлық бар. Біздің спортшылар Азияны жеңіп, Олимпиадан да, медальдан да үмтті болуы мүмкін деген ой жатыр. Алайда, футбол – бұқаралық спорт түрі. Кез-келген жерде, мектепте, ауылда балалардың ойнайтыны, осы – футбол. Әйтеуір бір  доп табылса  болды және ойнау үшін кем дегенде алты бала керек болады. Сондықтан менің ойымша, біз керсінше футболдың бұқаралығын дамыта беруіміз керек. Өйткені, бұл – бүкіл әлемдегі тенденция. Біз қаласақ та, қаламасақ та футболдың жалақысы өте жоғары. Қазақстан оған ілеспесе көштен қалады. Оған ілеспесе футболдың бұқаралық сипаты жоғалады. Талай баланың арманы өледі», - деді спорт журналисті Есей Жеңісұлы.

Сондай-ақ, ол қазіргі балалардың шамамен 70 пайызы басқа спорт түрлеріне қарағанда, футболды жақсы көретінін айтты.

«Біздің футболымыз нашар екен деп оның ақшасын бөліп бере салу ақылға сыймайтын сияқты. Керісінше, футболдың инфрақұрылымдарын жақсылап дамытуымыз керек. Қазіргі «Оқжетпес», «Каспий», «Қызылжар» командалары осыған дейін өздерінің қалаларында ойнаған жоқ. Өйткені, стадиондары дайын емес. «Каспий» сонау Ақтаудан келіп, Алматыда ойнап жүр, өз алаңындағы ойындарын «Оқжетпес» Астана - Аренада өткізді. «Қызылжар» Павлодарға барып, бір-екі ойын өткізді. Ақтөбенің де стадионы дайын болмай, қазір спорт мектебінің стадионында ойнап жатыр. Демек, біздің командалар осындай сынға қалмас үшін, өзінің инфрақұрылымын өте жақсы дамыту керек. Әрине, 30 жылдық футболда нәтижеміз болмады деп Еуропа чемпионатына шықпады, әлем чемпионантына шықпады деп сан соғуымызға болар. Бірақ футболдың бұқаралығын ұмытпауымыз керек. Футбол сияқты бүкіл әлемді аузына қаратқан спорт түрі жоқ. Ал жеке спортшыларға ешқандай қарсы емеспін. Оған мемлекет көмектесіп жатыр мүмкіндігінше. Қазақстан әлемдік спорттың жалпы алғышарттарын қабылдап, кірісіп жатыр. Сондықтан біреудікін біреуге бөліп беру дегеннен көрі, кез-келген спортты бұқаралық дамыту керек дегенге бас ұрамын», - деді Есей Жеңісұлы.

«ТОЛЫҚТАЙ КЕЛІСЕМІН»

«Аlash Pride» жекпе-жек клубының президенті, Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов болса, Қуат Хамитовтың айтқанына келісетінін білдірді. Ол футболға көп шығын жұмсалғанымен, оның ақталарына күманданатынын жасырмады.

«Мен Қуат Хамитовтың айтқанымен толықтай келісемін. Ол осыны бұрыннан айтып келеді. Футбол әлемдегі бірінші спорт екенін білеміз. Алайда, шынымен де көп қаражат кетеді. Спортшылардың көбі спорттан кеткеннен кейін, бала-шағасын баға алмағаннан кейін, кішкентай жалақыға жаттықтырушы болып кетеді. Жұмыссыз жүргендері де, далада қалғандары да қаншама. Қуат та спортшы болғандықтан, өзі барлығын біледі. Оның уайымдап айтып жатқаны дұрыс. Қазақстанда экономика дамып, басқа мемлекеттерден жақсы, тұрақты болғанның өзінде де, ауылдан келген талантты жастарға көңіл бөліне бермейді. Сондықтан Қуаттың айтқандары орынды», - дейді Данияр Қасқарауов.

 

Пікірлер