Туа бітті ерекше жан болса да кәсіп пен өнерді қатар алып жүрген Қуаныш (ВИДЕО)

2057
Adyrna.kz Telegram

Туа бітті ерекше жан болса да, өзін жан-жақты дамыта білген Қызылорда облысының тумасы кәсіпкер әрі ақын Қуаныш Нұржігітовпен “Жастарды әлеуметтендіру және оңалту” жобасы аясында, “NEET Жастардың құндылығы” тақырыбындағы кездесу өтті. Бұл жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының” қолдауымен іске асуда.

“Адырна” ұлттық порталының президенті Арман Әубәкір кездесу барысында Қуаныш Нұржігітовке “Алғыс хат” берді.

Жас кәсіпкер әрі өнер жолына қадам басқан жас ақын Қуаныш мырза “Адырна” тілшісіне де қысқа сұхбат берді.

-Қуаныш мырза, өзіңізді оқырмандарға толығырақ таныстыра кетсеңіз?

-Біз осыдан 2 жыл бұрын анам екеуміз құрт өнімдерін сататын “Ақ жайлау” атты дүкенімізді ашқан болатынбыз.

Кәсіптен бөлек қазір өнер саласында да жүрмін. Арасында өлең жазатын қасиетім де бар.

Өзім төрт ағайындымын. Жасым 20 да, бірінші топтағы мүгедек жанмын.

Қазір кәсібім кішкене тоқтап тұр, алайда әрі қарай жалғастырамын. Өнер жағына келер болсақ, жеткен жетістіктерім көп. Дипломдарым бар. Өлең жазып жүргеніме 3 жылдай болып қалды. Туған күнім тамыздың 12-сі. Соған орай, Қызылорда жастары орталығында шығармашылық кешім болады. Қазір соған дайындық қызу жүріп жатыр.

-Қазіргі таңда, қандай арман, мақсатыңыз бар?

-Атырауданмын дедіңіз ғой иә, қателеспесем, Маңғыстау сіздерге жақын ғой?

Сол Маңғыстаудан шыққан Мұрат Қожа, Айгүл Қосанова, Ақылбек Жеменей ағаларымыздың әндерін тыңдаймын. Сол кісілердің әндерін тыңдап өстім. Іздерін басып келе жатырмын.

Менің арманым, Ақылбек Жеменей ағаммен кездессем деп ойлап жүр едім. Ағаммен бір сахнада ән айтқым келеді. Әндерін жатқа білемін. Елге танымал әндері өте көп қой.

-Өзіңіз сахнамен доссыз ба?

-Мен де сахнаға шығып жүрген әншімін. Қызылордада өткен мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында өткен “Жігіт сұлтаны” байқауының жеңімпазымын.

-Өзіңізді жан-жақты дамытқан екенсіз. Өзіңіз секілді жас буынға қандай кеңес айтасыз?

-Арзан күлкіге келетін болсақ, бізге оның еш қажеті жоқ. Қазіргі жастар арзан күлкіге қарқ болып, адамдарды шеттетіп, мазақтап жатады. Оны құптамаймын.

Көбіне жастар шетелдің әндерін әндерін көп тыңдайды. Оның бізге қажеті шамалы. Өйткені, оның орнына қазақтың халық әндерін, дәстүрлі әндерін, домбырасын тыңдау керек деп ойлаймын.

Өзім үйде бос уақытымда, кәсіптен бөлек, домбыра тартамын. Жас айтыскер ақынмын. Біраз ақындармен кездескенмін.

Атыраудан қателеспесем, Исахаев Салауат деген ағамыз бар. Жатқан жері жайлы болсын. Керемет айтыскер еді...

Жалпы, жастарға айтарым, шетелге еліктегенше, қазақтың өз әндерімен сусындаған жөн.

Бәледен аулақ боп, жамандыққа ермей, жақсылыққа ілескен өте дұрыс қадам.

Біреудің ақылын тыңдағанша, өз ақылымызды пайдаланып, өз еркіндігіміз болуы керек.

Отанымыз өзім сияқты ел жастарынан үлкен үміт күтіп отыр.

Президентіміз айтқандай, Жаңа Қазақстанда жаңа өзгерістер болуы керек.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет! 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер