Қазақ тыйымдары не үшін керек?

14620
Adyrna.kz Telegram

Ұлы далада өмір кешкен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің қыр-сыры өте көп болған. Тыйымдардың дәл қай заманда пайда бола бастағаны белгісіз. Бірақ өте ертеде пайда болғандығын елімізде болған шетелдіктердің жазғандары куәландырады. Мысалы ХІІІ ғасырда Орталық Азияға келген итальяндық Плано Крапини сол кездегі далалықтардың тыйымдары туралы былай деп жазғаны белгілі: «...олар көп нәрсені күнә деп санайды, пышақты отқа салуға болмайды, етті пышақпен қазаннан алуға болмайды, және оттың қасында балтамен отын жаруға болмайды, егер олай етілсе оттың басы жоғалады деп сенген; әрі жас құстарды аулауға немесе атуға болмайды екен; атты жүгенмен айдауға тыйым салынады; бір сүйекпен екінші сүйекті шағуға болмайды; ақты жерге төгуге болмайды. Үйде дәрет сындырған адам бұнысын әдейі істесе ол қалайда бақсыға көп ақы төлеп ластаған жерін тазартуы лазым. Бұлай етілмеген жағдайда ол өлтіру жазасына кесіледі». Жалпы қазақ халқының тыйымдарын бұзуға ханның да қараның да құқы болмаған.

Көпшіліктің осынау пікірімен санаспай тек сал-серілер ғана өзін еркін ұстаған. Бірақ сайын даланың осынау еркін перзенттерінің іс-әрекеттерінде өзіндік бір наным-түсінік болатын. Мысалы ұлы Тәттімбет бірде жалғыз баласы қайтыс болған бір қарияға киіз үйдің табалдырығына отырып күй тартып қайғысына ортақ екенін білдірген. Қазақ табалдырық екі дүниені бөліп тұрады деп сенген. Осыны білетін Тәттімбет сері қарияға тірі адам тіршілігін жасайды дегенді меңзеп өзінше сабырлылыққа шақыру мақсатымен, табалдырықа отырған. Енді бірде Тәттімбет Абайдың атасы Өскенбайдың асына атынан түспей, қолына күнқағар шатырын қолына ұстап келгені де белгілі. Серінің бұнысы да ол дүниенің өз жүрісі болса, бұл дүниенің де тоқтамай дөңгеленіп жүре беретінін көпшілікке өзінше ишаратпен білдіруі болатын.

Ұрпақ тәрбиелеуде халық даналығының бір көрінісі болып табылатын тыйымдардың өмірде алатын орны ерекше. Жасы үлкендер өмір құндылықтарын сақтап қалу ниетімен тыйымдар арқылы жас ұрпақ өкілдеріне ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіріп отырған. Әр тыйымның өзіндік тәрбиелік мәні мен міндеті бар. Бұл тыйымдар кімді де болса көп шалыс қадам жасаудан сақтап отырған. Ұрпақтан ұрпаққа ауызекі түрде жеткізілген өмір тәжірибесі халықтың ұлт болып қалу жолында игілікті қызмет көрсетіп келеді. Мысалы:

Жерге түкірме, Жер-ана. Анасының бетіне ешкім түкірмейді;

Нанды баспа – киесі ұрады;

Жасы үлкеннің алдын кеспе, сөзін бөлме – бұл құрмет;

Бас киіммен ойнама, біреуге сыйлама – басыңа қонған бақтан айрыласың, басың бірікпейді;

Ошаққа су құйма – өз отыңды өзің өшірме;

Бос бесікті тербетпе – ұрпақсыз қаласың;

Кешқұрым ұйқтама – жын-пері көшетін кез;

Екі бүйіріңді таянба – қайғы-қасіреттің белгісі;

Өтірік жылама – құдай жылатайын десе қиын емес;

Табалдырықта тұрма – суыт хабар жеткізгеннің белгісі.

Ғасырлар бойы бір халықтың болмысы болып келген осы бір өмір ережелері қазіргі таңда өз маңызын жоғалтқан жоқ.

 

  1. Адаммен қарым - қатынасқа байланысты тыйымдар

Қазақ халқы даланың қиын табиғатыың ыңғайына қарай отырып өзінің тұрмыс-тіршілігін құра білді. Халық болып қалыптасуы да «кішінің үлкенді сыйлау» ережесіне бағынғандықтың жемісі. Бұл алтын ереже әлі де өз маңызын жойған жоқ. Қазақтардың бүгінгі күнде де үлкен адаммен «сіз» деп сөйлесуі осының айғағы.

[caption id="attachment_12092" align="aligncenter" width="940"] ????????????????????????????????????[/caption]

Жасы үлкеннің сөзін бөлме;

Жасы үлкеннің жолын кеспе;

Ата-анаңа қайда барасыз деп сұрама;

Адамды санама;

Адамға пышақ кезенбе;

Адамды айналма;

Адамға қарап түкірме;

Әйел еркек жолын кеспейді;

Жақсының жасын сұрама;

Жаңа байығаннан қарыз сұрама;

Кемтарға күлме;

Кісі аяғынан аттама;

Кісіге қарап есінеме;

Кісіге қарап керілме;

Кісіге қару кезенбе;

Кісі жолын кеспе;

Қыздың төсегіне отырма;

Кісі мініне күлме;

Кісінің үстінен аттама;

Кісіні сұқ саусағыңмен нұқып көрсетпе;

Кісіден қайда барасың деп сұрама;

Қонақтарды санама;

Қонаққа берер затты сол қолмен берме;

Үлкенге сыртыңды беріп отырма.

 

  1. Ай мен Күн және Тәулік мезгілдері, уақыт және апта күндеріне байланысты тыйымдар

Сегізінші ғасырда тасқа қашап жазылған Күлтегін жазуындағы:

«Биікте көк тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған» деген жолдар қазақтардың бабалары ислам дініне дейін тәңірге сенгенін, оны жоғарыда деп түсініп күн мен айды қасиетті санап төмендегі тыйымдардың пайда болу жолын дәлелдейді.

 

Айды нұқып көрсетпе;

Айға қарап дәрет сындырма;

Жеті түнде жүрме;

Жүрер жолыңның уақытын кесіп айтпа;

Жұлдызды санама;

Жұма күні кір жума;

Күн шықпай күл төкпе;

Күн бата жатпа;

Күн батқанда сыпырындыны далаға шығарма;

Күнге қарап дәрет сындырма;

Қараңғыда киіз қақпа;

Қараңғыда суға барма;

Түнде түс жорыма;

Түнде айнаға қарама;

Түнде кір жайма;

Түнде су басына барма;

Түнде судың бетін ашық қойма;

Түнде тырнақ алма;

Түнде шаш алма;

Түнде үй сыпырма;

Түн ішінде жылама;

Ымыртта күл төкпе.

  1. Су мен отқа байланысты тыйымдар

Қазақтар байырғы заманда от пен суды қасиетті санаған. Оның себебі кең далада жан сақтау үшін денені жылытатын от пен шөлді қандыратын судың алар орны ерекше болды. Сондықтан су мен оттың киесі бар деп сенген.

 

Кірдің суын баспа;

Кірдің суын есік алдына төкпе;

Күлді баспа;

Күлді шашпа;

Отпен ойнама;

Отты аттама;

Отты теппе;

Отты үрлеме;

Отты шашпа;

Отқа түкірме;

Отқа симе;

Суға дәрет сындырма;

Суға түкірме;

Суды сапырма;

Шелектегі суға аузыңды батырма.

 

  1. Тағамдарға байланысты тыйымдар

Атамзаманнан қазақтар ақты шындықтың, қараны сұмдықтың нышаны деп білген. Әрі адамның денсаулығын қамтамасыз ететін сүттен бастау алатын тағамдар да осы ойдың дұрыс екеніне себеп болған. Сондықтан өмірдің өзегі болып табылатын «ақ» деп жалпы атпен аталатын сүт тағамдарына деген ерекше көзқарас қалыптасқан. Ал нан әрқашанда дәм патшасы саналғандықтан қазақтар тағамның бұл түріне әлі күнге дейін көңілі ерекше. Бұған нанға деген құрметті дәлелдейтін төмендегі тиымдар куә.

 

Ақтың жуындысын ағып жатқан суға төкпе;

Ақты төкпе;

Ертеңгі асты тастама;

Жер таянып отырып тамақ ішпе;

Нанды төңкеріп қойма;

Нанды бір қолыңмен үзбе;

Нанды баспа;

Нанды тастама;

Нанның үстіне басқа зат қойма;

Нанды лақтырма;

Тұзды баспа;

Таңғы асты тастама, кешкі асты бақпа.

 

  1. Сөзге және күлкі мен көз жасына байланысты тыйымдар –

Дала халқы дана халық болғаны оның сөз өнерінен көрінеді. «Өнер алды қызыл тіл» деген сөздің шығуы осының айғағы. Жақсылық та жамандық та  көбінесе сөзден келетін болғандықтан тұрмыс шырқы бұзылмас үшін адамдар сөзді абайлап қолдансын деп сөзге деген көзқарастарын тыйым арқылы білдірген.

Ант-су ішпе;

Бейуақытта жылама;

Жаман сөз айтпа;

Қарғанба;

Өсек айтпа;

Өсек тасыма;

Өтірік жылама;

Өтірік күлме;

Өтірік айтпа.

 

  1. Ата – ене, күйеу мен қалыңдыққа байланысты тыйымдар

Жас жұбайлардан ең алдымен ата-енені сыйлауды талап ету арқылы жанұяның қалыптасуын, әрі сақтап қалуды қамтамасыз ету бағзы заманнан қалыптасқан әдет-ғұрып. Сондықтан алдын-ала тыйымдар көмегімен жастарға өздерін қалай ұстау керек екенін алдын ала білдіріп отырған. Әрі осы тыйымдар арқылы жас келіншектерді әлдебір қиыншылықтарға душар болудан сақтауға тырысқан.

Ата-енеңнің төсегіне отырма;

Ата-енең жатқан жерге жатпа;

Жас босанған ананы түнде суға жіберме;

Жас жұбайлардың төсегіне отырма;

Күйеуіңнен бұрын жатпа.

 

  1. Бесікке байланысты тыйымдар

Бесікке деген көзқарас балаға деген, болашаққа деген көзқарас екені белгілі. Сондықтан нәрестенің дүниеге нәрестенің келуін ең басты қуаныш деп танитын қазақтар үшін бесік тұрмыстағы ең киелі зат.

 

Бесікті ашық қалдырма;

Бесікті аяқ астына тастама;

Бесікті көрінгенге берме;

Бесікті сатпа;

Бос бесікті тербетпе.

 

  1. Үйге байланысты тыйымдыр – запреты, связанные с домом

Қазақтар өздерінің тіршілікке деген көзққарасын үйге қатысты тыйымдар арқылы білдірген. Себебі бұл өмірдің барлық мәселелері үйге, үйлі болуға тіреледі. Мысалы бұрынғы заманда ауылға атпен шауып «ой, бауырым!» деп дауыстап біреудің қайтыс болғанын, немесе «аттан, аттан!» деп елге жау шапқанын хабарлайтын болғандықтан ауылға қарай атпен шабуды жамандыққа балаған.

 

Босағада отырма;

Босағаға сүйенбе;

Босағаға тұрма;

Босағаны құшақтама;

Есікті керме;

Есікті құшақтама;

Есікті теппе;

Үй айнала жүгірме;

Үйді айналма;

Үйге жүгіріп кірме;

Үйге қарай жүгірме;

Үйге сыртыңмен кірме;

Үйде ысқырма;

Үйді сабама;

Үйіңе келгенге үйдей дауыңды айтпа.

  1. Тұрмыстық бұйымдар мен құралдарына байланысты тыйымдар

Адамды адам ететін оның жан-жағына, күнделікті қолданыста жүрген заттарға деген көзқарасымен де байланысты екенін ерте пайымдаған қазақтар жас буын өкілдері осы заттардың өздеріне қолқанат екенін дұрыс түсінсін деп түрлі тиымдарды ойлап тапқан.

Арқанды аттама;

Айырдың басын жоғары қаратып қойма;

Бақаннан аттама;

Балтаны аттама;

Дастарқанды ашық қалдырма;

Дастарқанды қағазбен сүртпе;

Дастарқанды пышақпен қырма;

Дастарқанды баспа;

Дастарханды аттама;

Ескі сыпырғышты отқа жақпа;

Желіні (көгенді ) аттама;

Жер – ошақты аттама;

Жер – ошақты айналып жүгірме;

Жаяу қамшыланба;

Жақын адамыңа пышақ сыйлама;

Кесені төңкерме;

Кетік кесемен шай құйма;

Көсеуден аттама;

Күректің сабын жоғары қаратып қойма;

Күректің сабын аттама;

Қазанды төңкерме;

Құр ерге мінбе;

Құрықтан аттама;

Оқтаумен баланы ұрма;

Ожаумен баланы ұрма;

Өлген адамға топырақ салғанда, күректі табаныңмен баспа;

Пышақты аузыңа салма;

Пышақты ұшынан ұстама;

Пышақтың жүзін жалама;

Пышақтың жүзін көкке қаратып қойма;

Сыпырғының басын жоғары қаратып қойма;

Сыпырғыны төрге қойма;

Сыпырғыны көкке көтерме;

Сыпырғымен баланы ұрма;

Таяқ таянба;

Ыдысты теппе.

 

  1. Аң мен құсқа, жан-жануарлар мен жәндіктерге байланысты тыйымдар

Аң мен құстардың жаны бар деп қабылданғандықтан оларға деген көзқарас та ерекше болған. Мысалы пәктік пен шындықтың белгісі деп танылған аққуларды атуға болмайтыны көне заманнан келе жатқан тыйым. Әсіресе үй жануарларының адам өміріндегі алар орны оларды сақтау керек деген көзқарасты қалыптастырды.

Аққуды атпа;

Құстың ұясын бұзба;

Атқа теріс мінбе;

Аттың жүгенін аттама;

Жақсы аттың тісіне қарама;

Жылқыны басынан ұрма;

Жыңғылмен ат қамшылама;

Жас малдың тісін санама;

Итті теппе;

Итке ожаумен ас құйма;

Қойдың үстінен аттама;

Құмырсқаның илеуін баспа;

Малға «кет» деп зекіме;

Малға теріс қарап мінбе;

Малды басқа ұрма;

Малды құр қол айдама;

Малды теппе;

Малдың желінген басын түнде лақтырма;

Малды теппе;

Малға қарап дәрет сындырма;

Мал қорада дәрет сындырма;

Мысықты ұстама;

Тірі малға көрсетіп басқа малды сойма.

 

  1. Дене мүшелеріне байланысты тыйымдар

Дене мүшелеріне байланысты тыйымдар халықтың жүріс-тұрыс жөнінде өзіндік ережелер қалыптастырғандығын айқындайды. Осы тыйымдар арқылы қазақтар адамның қоғамдық жерде өзін қалай ұстауы керек екенін үйретіп отырған. Мысалы: егер біреу бүйірін таянса немесе шашын жұлса қасындағылар әйелдердің жоқтау айтуын көзіне елестетеді де көңілдері бұзылады. Сондықтан әр қимылдың өзіндік бір орны болатыны адамдарға осындай тыйымдар арқылы түсіндіріліген.

Аузыңды қолыңмен жаппа;

Аяғыңды жоғары көтерме;

Аяқ-қолыңды жіппен байлама;

Басыңды босағаға беріп жатпа;

Басыңды шайқама;

Бетіңді баспа;

Беліңді таянба;

Бүйіріңді таянба;

Екі езуіңді керме;

Иегіңді таянба;

Қолыңды артыңа айқастырма;

Қолыңды желкеңе қойма;

Қолыңды қалтаңа салып тұрма;

Қолыңды қусырма;

Қолыңды сілікпе;

Қолыңды төбеңе қойма;

Қолыңды таянба;

Қолыңды тарақтама;

Мойныңа белбеу салма;

Саусағыңды шытырлатпа;

Саусағыңды айқастырма;

Табаныңды тартпа ;

Таңдайыңды қақпа;

Тісіңді қайрама, қышырлатпа;

Тізеңді құшақтама;

Тырнағыңды тістеме;

Тырнағыңды бір-біріне сүйкеме;

Ішегіңді тартпа;

Шашыңды жұлма;

Шашты таптама;

Шашты отқа тастама.

 

  1. Киімге байланысты тыйымдар – запреты касающиеся одежды

Киімге қазақтар ерекше көңіл бөлетін болған. Адамның талғамын, қоғамда алатын орны мен мүмкіншілік деңгейін көрсеткіші киім болған. Әрі киім киіс адамды адам етуге, тазалыққа, кісілікке тәрбиелейтін құрал болған.

Аяқ-киімді төңкерме;

Аяқ киімді төрге шығарма;

Бас киіміңді босағаға ілме;

Бас киіммен ойнама;

Бас киімді біреуге сыйлама;

Бөркіңді теріс қаратып киме;

Киіміңді желбегей жамылма;

Киімнің жағасын баспа;

Мойныңа белбеу ілме.

 

  1. Дінге байланысты тыйымдар

Қазақ халқының дінге деген көзқарасы оның әлемге деген көзқарасын білдірген. Адамның осы бір әлем теңізінде тамшының тамшысындай пенде екенін, адам мен табиғаттың біртұтас екенін ұмытпауы үшін ақылды адамдар осы тыйымдарды ойлап тапқан.  

Айтта кір жума;

Жайнамазды баспа;

Құранды баспа;

Құран оқып отырған адамды тоқтатпа;

Құранды жерге тастама;

Құранға отырма;

Құбылаға қарап дәрет сындырма;

Намазды бөлме.

 

  1. Өлім-жітімге байланысты тыйымдар

Адамның қайтыс болуына байланысты тыйымдар адамдардың осындай қиын жағдайда пендешілікке салынбауы үшін айтылады.

Бейуақытта адамға көңіл айтпа;

Бейітке қолыңды шошайтпа;

Бейіт топырағын сәндеме;

Бейіт тұсынан шауып өтпе;

Жас баланы қабірге түсірме;

Қабірді баспа;

Мүрдеде күректі екінші адамға қолмен берме;

Өлген адамға топырақ салғанда, күректі табаныңмен баспа.

 

  1. Жамандық жасамау туралы тыйымдар

Қазақ халқы ғасырлар бойы өмірдің елегінен өткен заңдар бойынша өмір сүреді. Ол заңдар барлық адамға түсінікті әрі мәңгілік. Ұлы дала заңдарының біріншісі «басқаға жамандық жасама» деген заң.

Біреудің затын сұраусыз алма;

Біреуге ор қазба;

Біреуді ұрма;

Ұрлық жасама.

 

  1. Табиғатқа байланысты тыйымдар

Табиғатты Отанындай көріп анасына Табиғат ана деп теңеп айту қазақтарда бұрыннан қалыптасқан. Мысалы: байырғы заманда ағаштың қабығын ерігіп сыдырған адамнға қатаң жаза қолданылған. Бұл табиғаттың адам өмірінде алатын орнының құндылық деңгейін көрсетеді.

Жалғыз ағашты кеспе;

Жерді таянба;

Жер таянып отырып тамақ ішпе;

Жыңғылмен атты қамшылама;

Көгалды таптама;

Көкті баспа.

Тыйымдар қазақ ұлтының бала тәрбиесінің алтын діңгегі деуге әбден болады. Бұл рухани құндылықтар қазақ ұлтына ұлт болып қалыптасуына ғасырлар бойы көмектесті. Солай бола да береді.

 

Бердалы ОСПАН.

"АДЫРНА" ұлттық  порталы.

Пікірлер