Бізде бәрі керемет деп өз-өзімізді алдап, өтірік мақтануды қою керек - Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ

49866

"Қазақ тілін үлкен бір саясатқа айналдырмай, айқай-ұйқай, у-шусыз ұрандатпай кәсіби деңгейде шешсек екен. "Жаңа Қазақстанда"  сөзбен нақты істің арасы алшақ болмауы керек. Айтылды ма? Сол орындалуы керек. Бәрі керемет, бәрі жақсы деп өз-өзімізді алдап, Қазақстан әлемдегі ең бақытты елдердің қатарында деп өтірік мақтануды қою керек. Қарасаң қазір бізде ешнәрсе керемет емес". Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлы Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ЖАРТЫ ЖЫЛДА НЕ БІТІРДІ?

 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы - 1989 жылы құрылып, содан бері қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында қызмет етіп келеді. Бұл қоғам біздің көптеген атақты академиктеріміз бен зиялы қауым өкілдерін біріктірген үлкен ұйым болды. Алға қойған мақсат-міндеттерінің біразы орындалды деп айтуымызға болады. Ең әуелі, қазақ тілі - мемлекеттік тіл ретінде танылды, халқымыздың рухы да көтеріліп келеді.

 

Орыс мектептерінде оқитын қазақ балалары көбейіп кетті, Үкіметтің осыны тоқтатуға бағытталған арнайы саясаты жоқ...

 

Дегенмен де, соңғы жылдары қайтадан осы «қазақ тілі» мәселесі күн тәртібінде өзекті болып отыр. Себебі, мына сәбилердің, балалардың тілі орыс тілінде шығып жатыр. Қазақтар өздерінің балаларын орыс мектептеріне жиірек бере бастады. Қазақ мектептерінде балалардың саны азайып, аралас мектептер қайтадан көбейе бастады. Өйткені, ақпарат ағыны толассыз ағылған заманда біздің балалар ғаламтор, телефон арқылы тәрбиеленіп жатыр. Үкіметтің осыны тоқтатуға бағытталған арнайы саясаты жоқ. Ол жағынан біз қалып қойдық.

 

 "Тіл майданы", "Тіл сақшысы" сынды т.б. топтарды белсенді жүргізетін тіл жанашырлары көбейді

 

Сондықтан соңғы кездері көзге көп көрінбей жүрген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын қайта қолға алғанымызда, осы қоғамды қайтадан жандандырайық деген мақсат болды. Қазіргі уақытта ағартушылық жұмыстарын жүргізіп келеміз. Әсіресе көшелерде, жарнамалар жазылған қазақтілді көрнекі ақпараттарда қателіктер көбейіп кетті. Осының барлығына мүмкіндігімізше қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беру үшін қайта жұмысымызды бастадық. Үкіметтің жұмысымен әкімдіктер айналысса, біз қоғамды қолдау мақсатында ашылдық. Құдайға шүкір, әлеуметтік желілерде «Тіл майданы», «Тіл сақшысы» сынды т.б. топтарды белсенді жүргізіп жүрген тіл жанашырларының саны да өсіп келеді. Азаматтық бастамалар, түрлі жобалар жүзеге асып жатыр.

 

«Көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылдадық

 

Екінші мәселе - өңірлерде бұрын жұмыс істеп, кейін тоқтап қалған қоғамдарды қайтадан құру керек болды. 90%-ға жуығын қайтадан құрып шықтым. Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру мен қаржыландыру да шешімін тауып келеді. Қоғамдық ұйым болғаннан кейін оның барлығын қаржыландыру керек. Штаттағы адамдар айлық алуы керек. Осыған орай, әкімдіктен, демеушілерден, Үкіметтен қаражат сұрап, сондай жобаларды қолға алып жатырмыз. Солардың бірі - «Көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, қаңтар айынан бастап өз күшіне енді.

 

"Тек қазақша болсын" деген талапты ашық қоя бастадық

 

Осы Заң аясында көшеде мемлекеттік тілде қате жазылған жарнамаларды дұрыстауды талап ету, тіпті мына ас мәзірін де қазақшаландыруды қолға алдық. Міндетті түрде «тек қазақша болсын» деген талапты ашық қоя бастадық. Елді мекен, көше атауларын түгел қазақша жазу, аудармаларды түпнұсқаға сай ету сынды ауқымды істер жолға қойылды. Қазір гуглмен аудара салады да, ол түпкі мағынасын жоғалтады. Міне осындай бірқатар мәселелерді қолға алып, Республика бойынша «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның орындалуын, «Көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның орындалуын назарда ұстап, қоғамдық бақылауды күшейтіп отырмыз.

 

Қаржыландыру мәселесі шешіліп, нақты жұмыстарға қолдау көрсетіліп жатыр

 

Қазір өңірлерде қаржыландыру мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр.1989 жылы құрылған қоғам кезінде айтарлықтай жұмыс істеді. Алайда, дәл осы қаржыландыру мәселесі шешілмегесін, қолдау болмағасын жұмысы тоқтап қалды. Бір жиналады, айтады, айтады да ақыры өшіп қалады. Бұл жолы арнайы президенттің қолдауы болды, Үкіметбасы әкімдерге тапсырма берді. Нақты жұмыстар бойынша қолдау көрсетіліп отыр. Ең бастысы, осы ана тілі мәселесіне бей-жай қарамайтын қоғам белсенділерінің басын қосып, жобаларға қолдау көрсету . Олардың қандай да бір ұсыныстары болса, соны министрліктерге, үкіметке, әкімдікке жеткізе білу. Халықтың көкейінде жүрген мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалысу. Осы бағыттар қолға алынып жатыр.

 

Жастардың тарапынан "Қазақ тілі" пәнін оқып, түсіну қиынға соғып жатыр деген шағым көбейді

 

Оқулық мәселесі де өзектілігін жояр емес. Біз күні кеше осы тақырыпта жиын өткіздік. Қазақтілді мектептерде «Қазақ тілі»  пәнін оқып, түсіну қиынға соғып жатыр деген шағымдар түсіп жатыр. Оның жанында ағылшын, орыс тілін ойнап жүріп үйренуге болады. Қазақ тілінің грамматикасы, ғалымдардың аудармасы күрделі, жастар түсінбейміз дейді. Тіпті қазақ тілін үйретіп жүрген оқытушылардың өзі «біздің өзімізге жастарға қазақ тілін оқытып, жеткізу күрделі» дейді. Ал мынау шет тілін оқытатындар әдістемені еш қиындатпай, оңай етіп жасаған. Неге бізге солай жасамасқа? Қазақ тілін оқыту әдістемесінің оңай түрлерін, жаңа әдістерін қолдануды қолға алайық деп, бұл мәселені қазір ҚР Білім және ғылым министрлігіне жеткіздік. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен арнайы меморандумға қол қойылды.

 

Айқай-ұйқай, у-шусыз ұрандатпай заңның аясында жұмыс істеудеміз

 

Кітап жоқ емес бар, оқулықтар жоқ емес бар. Көптеген әдістемелер бар. Оны қайтадан ойлап табудың да керегі жоқ. Кейбір тіл жанашырлары өз бастамаларымен әдістемені жазып жүргендері де бар. Осындай жандарға қолдау көрсетіп, тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселені тек қана үйірмелер емес, мектептер өз назарында ұстауы тиіс. Балалар орыстілді мектептерді бітіреді де, қазақша білмейді. Ал емтихан нәтижесі бойынша «қазақ тілін біледі» деп шығады. Әсіресе, сол орыстілді мектептердегі қазақ балалар «оқулықтарды жеңілдетейік, сабақты ойындар арқылы жүргізейік» деп отыр. Соның барлығын министрлікке айттық. Олар осыны өз назарына алып, жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізгі мақсатымыз - осы халықтың ұсыныстары болса, соны әкімдікке, үкіметке жеткізе білу. Өкінішке қарай, тілді білмейді деген шектеулер көбейіп кетті. Заң бұзушыларға шамамыз келгенше қолдау көрсетіп келеміз. Біздің негізгі жұмысымыздың бағыты сол – заңның аясында жұмыс істейміз. Айқай-ұйқай, у-шусыз ұрандатпай шамамыз келгенше осы мәселелерді шешудеміз.  

 

ТОҚАЕВ ТІЛ РЕФОРМАСЫН ЖАСАЙЫҚ ДЕДІ, "ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДА" ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БОЛАШАҒЫ НЕ БОЛМАҚ? 

 

Реформа деген сөзді біздің елде дұрыс пайдалана бермейді. "Білім саласында реформа, оқулықта реформа" деп барлық жерге келсін-келмесін "реформа" дегенді қосып келеміз. Тіл реформасы дегенде бізде бірінші кезекте мынау латын графикасы қолға алынады. Латын графикасы қазақ тілінің мән-мағынасын ашып, оны әрі қарай дамытуға өз үлесін қосады.

 

 Латын әліпбиі дұрыс жасалмаса, кейбір әріптердің өзі түбі жоғалып кетуі мүмкін...

 

Мемлекет басшысы айтып кеткендей,  міндетті түрде бұл мәселені бірінші ғалымдар толыққанды зерттеп, "латын графикасы біздің тіліміздің дамуына өз үлесін қосады, барлығы дайын" дейтін кезде ғана бастау керек. Осы жағынан асықпауымыз тиіс. Латын әліпбиіне біртіндеп, біртіндеп көшеміз. Шыны керек, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасағанда біреулер келісті, біреулер келіспеді. Осының барлығын арнайы ғалымдар ескеріп, әлемдік тәжірибені зерттеу керек. Өйткені бұл іс дұрыс жасалмаса, кейбір әріптердің өзі түбі жоғалып кетуі мүмкін. Содан абай болу керек.  

 

 Балаларға арнайы саясат керек жоқ, оларға қай тіл ыңғайлы сол тілде сөйлеседі...

 

Қазақ тілі мәселесінің бүгінгі жәй-күйіне келетін болсақ, жалпы жеткен жетістіктеріміз де бар. Димаш сияқты жастарымыз әлемді мойындатып, қазақтың әнін, өнерін, мәдениетін биікке көтеріп жатыр. Әлеуметтік желіде де біздің журналистер белсенді. Айтарлықтай жетістіктер бар. Дегенмен де кемшіліктеріміз де аз емес. Әсіресе мына қалаларда қазақ балабақшаларына балаларымыз аз барады, керісінде орыс балабақшаларында қазақ балалары өте көп... Сөйтіп, оларды орыстандырып алған... Мысалдар көп. Бәрі орысша. Неге орысша? Балаларға арнайы саясат керек жоқ қой... Оларға қай тіл ыңғайлы сол тілде сөйлеседі. Ата-анасының өзі қазақ тілінде сөйлессе де, балалары орыс тіліне жақын болып кетіп жатыр. 

 

 Балалар қызығатындай қазақ тіліндегі контент жасай алмадық

 

Ол дегеніміз біз бәсекелестікке сай бола алмай келе жатырмыз, мынау гаджет, смартфондағы мультфильмдер, ойындар неше түрлі соларды қолға алмаудамыз... Өкінішке қарай сол балаларды қызықтыратындай контент жасай алмадық... Сәбилерге нағыз қажет қазақ тіліндегі контент жасалынбай келе жатыр. Жасағанымыздың өзін олар қарағысы келмейді. Себебі, заманға сай емес. Қазір Үкіметтен қаржы бөлініп, 3 канал мультфильмдері қазақша аударылайын деп жатыр. Nickelodeon, TiJi т.б. Үкімет шешім қабылдады, бюджет бөлінді. Бірақ дегенмен де бұл жеткіліксіз. Оны қазір қарап жатқан балалар да жоқ. Бұрын кезінде қараушы еді, қазір жастар мүлде басқаны қарайды. Сондықтан үлгере алмай кешігіп келе жатырмыз...

 

Қазақ тілін үлкен бір саясатқа айналдырмай, кәсіби деңгейде шешсек екен

 

Бүгінгі күні осы қазақ тілін үлкен бір саясатқа айналдырмай, бір кәсіби деңгейде шешсек деген шешім қабылданған. Қазір осы  балаларға арналған қазақ тілді контент мәселесі - ҚР Білім және ғылым министрлігіне берілді. Бұрын тіл тек Мәдениет министрлігіне қарайтын. Енді ол жақта көбіне саяси жағынан айналысатын... Бұл жолы тәрбие ретінде беріліп жатыр. Мына балабақшадан бастайық дегеніміз сол. Қоғамды қазақша сөйлетейік десек бәрін осы балабақшадан бастау керек, балалар мектепке дайын болып келеді. Мектепте дұрыс қолдасақ, мектептен кейін олар қазақ тілді болып шығады.

 

30 жылда біз көп мүмкіншіліктерімізді жоғалтып алдық

 

Шын мәнінде, 30 жылда Қазақстан 99 пайыз қазақша түсінетіндей жағдай жасауға болар еді. Біз өкінішке қарай, көп мүмкіншіліктерімізді жоғалтып алдық... Сондықтан бүгінгі күн тәртібінде осындай мәселелер қойылып жатыр. "Жаңа Қазақстандағы"  қолға алынған үлкен шешімнің бірі -  ведомствоаралық комиссия құрылып жатыр. Оны Үкімет басшысы өзі басқарады.  Тіл мәселесін әрбір салаға байланысты жеке-жеке дамыту көзделген. Кеше ғана Қорғаныс  министрлігіне қатысты мәселелерді көтеріп жатырмыз. Сол әскерге барған азаматтар егер қазақ тілін білмесе, сол жақтан біліп келуі керек деген сияқты талаптар қойылуда. Мейлі бір жыл болсын, жарты жыл болсын, екі жыл болсын. Әрбір әскери бөлімшелерге дейін қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде танылып, қолданыс аясының кенеюіне әркім өз үлесін қосып, оқыту керек.

 

Қысқы спорт түрлерімен айналысатын спортшыларымыздың 90 пайызы қазақша білмейді

 

Жеке-жеке салаларда қазақ тілін дамытып, қолға алу - өте өзекті мәселе.  Мәселен, қысқы спорт түрімен айналысатын спортшылардың көбісі қазақ тілін білмейді екен. Спортшылардың өздері де, жаттықтырушыларының 90 пайызы қазақша білмейді. Федерацияның өздері осы мәселені көтеріп, айтып отыр. Жиналыс кезінде олар: "өкінішке қарай, мына біздің жазғы спорт түрлерімен айналысатын спортшылар қысқы спорт түрлерімен айналысатын спортшыларға қарағанда қазақ тілін әлдеқайда жақсы біледі" деп мәлімдеген болатын. Міне, осындай мәселелер өте көп...

 

Колледждерде қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы...

 

Оқулықтар мәселесі де өз шешімін әлі күнге дейін таппай келеді. Колледждерде қазақ тіліндегі техникалық саладағы оқулықтар жоқтың қасы деуге болады. Сол сияқты басқа да салаларда осы мәселе өзекті...  Мысалы, денсаулық саласында. Көптеген колледждерге қазақ тілінде оқулықтар жетіспейді. Ол да міне 30 жылда істелінбеген нәрсе ғой... Өкінішке қарай, айта берсек мәселелер өте көп. Осының барлығымен Үкімет айналысуы тиіс, оларға бұл мәселелерді жеткізбей ме сонда...

 

Үкіметтің алдына сұранысты жеткізіп, талап қоя алатындай жауапкершілік болмағасын жағдайымыз осы...

 

Біз қолға алып отырған "Қазақ тілі қоғамының" да басты мақсаты осы. Бүгінгі таңда осы қоғам жұмысына белсене араласып, осындай өзекті мәселелерді көтеріп жүрген депутаттарымыз бар. Жанарбек Әшімжан, Қазыбек Иса, Сауытбек Абдрахманов, Геннадий Шиповских, Жұлдыз Сүлейменова, Ерлан Саиров т.б. көптеген жандар қызығушылық білдіріп, қолдау көрсетіп жатыр.  Осындай мәселелерді көтеріп отырса, Үкімет шешіп беретін еді ғой... Ол не сөздік деген, оқулық деген... Қаншама оқулықтар аударылып, баспа үйлері жұмыс істеп жатыр. Сол сияқты талай оқулықтарды дайындап берер еді. Үкіметтің алдына сұранысты жеткізіп, талап қоя алатындай жауапкершілік болмағасын жағдайымыз осы. Бәрі сол беті қалған ғой... Міне, осындай мәселелерді қолға алып жатырмыз.

 

30 ЖЫЛ ЖЫР БОЛҒАН ҚАЗАҚ ТІЛІ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕ МЕ? 

 

Ешкімді мәжбүрлеуге болмайды, бірақ талап ету керек

 

Иә, біз бір жағынан тіл саясатына демократиялық принциппен келдік. Ол жерде ешкім ешкімді мәжбүрлемейді. Мәжбүрлеу демократияға қайшы. Бірақ былай қарасаңыз, талап ету керек. Талап қоя білу керек, бірақ мәжбүрлеуге болмайды. Мәжбүрлеген күні олар алады да, Қазақстаннан көшіп кетеді. Адам қазақ тілін шын жүрекпен, ізгі махаббатпен, үлкен сүйіспеншілікпен үйренуі керек. Қызығып, ниеттеніп... Ал біз тілді білмесең сен андайсың, сен мұндайсың десек, ол әрине үйренбейді. 

 

Ру десек, ағайын десек намыс бар, ал тілге келгенде намыс та, ұят та жоқ...

 

Біз қазақ тіліне деген қажеттілікті жасай алмадық. Бізде бәрі көбінесе "патриотизм" деңгейінде ғой. Білу керек, білу керек дейміз.  Бойында ұлттық қасиеттері сақталған, намысы барлар қазақша білмесе де, үйреніп алады. Орысша мектеп, университет бітірген қыз-жігіттер қазақ тілінде сөйлей алмаса да, намысы болса тіл үйренеді. Қазақтың маңызды ұлттық қасиеттері: намыс, ұят, ар-ұждан жұмыс істемей тұр... Біз өкінішке қарай, осы қасиеттерді тілге келгенде жоғалтып алдық. Жеке баста бар, ру десек, ағайын десек бар. Тіпті бір-бірін қырып-жойып жатады, ал тілге келгенде көбінесе күліп, үндемейді. Осы жағынан біз ұлттық иммунитетімізді жоғалтып алдық. Мазаққа айналдырдық, қатені көрсек күлеміз. Дамымай жатқанымыздың үлкен себебі осы деп ойлаймын.

 

Біз өзіміздің ана тілімізді еліміздегі тұрақтылықтың құрбанына айналдырдық

 

Орыстілділерден бөлек өзіміздің ішіміздегі қазақтардың арасында осындай нәрселер болып жатыр.  Екіншіден, сол орыстілді қазақтардың ішінде де сол. Өзіміз сөйтіп жүргесін, басқа ұлттар да қазақ тіліне немқұрайлы қарайды. Өзіміз сондай үлгі көрсетеміз. Негізгі себептердің бірі сол. Әрине Үкімет те демократиялық принциппен кетті. Қазақ тіліне деген қажеттілікті, сұранысты қатты талап етпей, елдің тыныштығын ойлап, соған баға беріп келді. Біз өзіміздің ана тілімізді еліміздегі тұрақтылықтың құрбанына айналдырдық. Тілімізді білмей-ақ қойсын, бастысы тату-тәтті өмір сүрейік дедік. Енді тату-тәтті өмір сүру қиындау. Тілді білмеу шиеленіске әкеліп жатыр. Қақтығыстар көбейе береді...

 

Президент, депутат, әкім болғысы келетін үміткер қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек 

 

Қазақ тілін кәсіби жағынан талап етуіміз керек еді. Мысалы, президенттікке үміткер қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек. Сол сияқты депутат болғысы келетін барлық үміткерлер тапсырсын. Әрине, емтихан тапсырғаннан кейін ол ертең қазақ тілінде сайрап кетпейді. Дегенмен психологиялық тұрғыда сұраныс бар екенін іштей сезіп, білуі тиіс. Ертең аудан, қала, облыс әкімі боламын, мәслихат, Мәжіліс, Сенат депутаты боламын деген әрбір сайлауға түсуші үміткер мемлекеттік тілді білуі керек.  Біз мектептік деңгейде ғана сұраймыз ғой... Міне, өкінішке қарай, осындай талаптар болмады. 

 

Қоғам, мемлекет, үкімет болып жіберген басты кемшілігіміз - өз қазағымызға қазақ тілін үйрете алмадық...

 

Сонымен қатар біз мына полиция, жедел-жәрдем қызметкерлеріне т.б. тиісті талап қоймаймыз. Олар барады да, не орысша түсінбейді, не қазақша түсінбейді. Оған өз ауруын жеткізе алмайды, ол оны түсінбейді. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін осы мәселелер шешімін таппай келеді. Ең басты жіберген үлкен қателігіміз - ол осы балабақшадағы, мектептердегі өзіміздің қазағымызға қазақ тілін толық меңгерте ала алмағанымыз. Егер ана тілін бәрі жақсы меңгеріп шықса, қазақ тіліне деген қызығушылық артып, ұлттық иммунитетіміз қалыптасар еді. Мемлекеттік тілден емтихан қойылып, мұғалімдер де жауапкершілік сезініп, талап етсе, қазіргідей үлкен мәселеге айналмас та еді... Өйткені, бұл бір жағынан тәрбие жұмысы ғой... Қоғам болып, мемлекет, үкімет болып жіберген басты кемшіліктеріміз осы...

 

Бір-бірімізбен орысша сөйлесіп, "мәдениетті" болып кеттік 

 

Енді тілге деген қажеттілікті қалай дұрыстаймыз? Бүгінгі күні қазақ тіліне деген сұраныс көбейген сайын қазақ тілді мамандарға сұраныс көбейе береді. Өзіміз де әлі күнге дейін дүкенге, қай жерге барсақ та қазақша сөйлемегесін ол жердегі адам қазақша білуі міндетті емес. Неге? Бәрі орысша біледі, бәрі орысша сөйлеседі. Бір-бірімізбен орысша сөйлесеміз. Себебі, бұл  "мәдениет". Өзіміз де сол жағынан өте бір "мәдениетті" болып кеттік. Саяси ұстамдылық "политкорректность" дейді оны саясатта. "Корректный" болып кеттік. Сондай бір кемшілік, кінә іздегенім емес. Кемшіліктерімізді мойындауымыз керек. Үкімет те, қоғам да бәріміз өз кемшіліктерімізді мойындай білейік. 

 

Ұялмаймыз, намыстанбаймыз. Ниетімізді дұрыстайықшы...

 

Енді осыны болдырмау үшін не істеуіміз керек? Бірақ оны қайтадан бір ұранға айналдырып, шулатып оны да жасауға болмайды. Біраз нәрседен кешігіп қалдық. Енді бұрынғыға қарағанда қиындау. Бұрын қоғамның ниеті мықты болатын. Әсіресе 1989-1991 жылдары есімде... Біз ол кезде студентпіз. Бәрі "тіл тіл" деп тіл білмейтіндер тіл курсына жазылып, қазақ тіліне деген сұраныс жоғары еді. Қазір ондай шынайы ниет жоқтың қасы. Соны жоғалтып алдық. Мемлекет басшысына айтып жүргеніміз де осы, ең бірінші - ниет. Осы ниетті қалыптастырайықшы. Қазақ тіліне деген қызығушылық, шынайы ниет... Намыс, ұятты айтып жатырмыз. Ол категориялар дұрыс жұмыс істемей тұр. Ұялмаймыз, намыстанбаймыз да. Үйреніп кеттік...

 

Шетелге барсақ "өз ұлтыңның тілі қайда, неге орысша сөйлейсіңдер" деп сұрайды...

 

Намысты қалай оятамыз? Намысшыл қыз-жігіттер бар. Бірақ олардың 70-80 пайызы дәл ана тіліне келгенде намыс, ұят дегенді білмейді, оларды ол мазаламайды. "Керек болса сөйлеймін, бірақ маған керек емес. Саған керек болса өзің сөйле" дейді. Солай. Өкінішке қарай, ұлт, ұлттың намысы, ұят, қазақ болып білмеген деген сондай ұлттық қасиетімізді жоғалтып бара жатырмыз. Шетелге барсақ айтып жатады басқа ұлт өкілдері, сұрайды бізден «неге орысша сөйлейсіңдер?» деп. Бізге ыңғайлы. Ал өз ұлтыңның тілі қайда? Білмеймін. Құлдық сана дейміз ғой. Ұлттық рухымызды жоғалтып алдық. Қай заманда да елім деп еміренген ұлы тұлғаларымыз ұлттың рухын жоғары қоятын. Кешегі Алаш 1937 жылы  атылды, одан кейін жазушылар, композитор, ақындар ұлттық рухымызды сақтап жүрді. Еңбектерінде жазып жүрді. Бірақ көпшілік ондайды жоғалта бастады...

 

Ұлтты болашаққа жетелейтін зиялы қауым өкілдері азайып кетті

 

Бәрі осы орыс тілін білмесек біттік, балалары да, өздері де қиналғасын болашағымыз жоқ деумен болды. Ал олар орыс мектептерінде орысша оқығасын тәрбие дегенді жоғалта бастады. Тәрбие екінші жоспарға кетіп қалды. Бәрі балалары мен немерелерін жаппай орыс мектептеріне бере бастады. Тіпті қазақтілді мектепті бітіргендердің өзі қазаққа жаны ашымады. Жеке қасиеттерін сақтағандар ғана әрекет етті... Мынау ұлтты болашаққа жетелеп, қоғамды қоғам қылатын рухы бар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ғой... Оларды біз зиялы қауым дейміз. Сондай зиялы қауым өкілдері азайып кетті. Адасып бара жатсақ дұрыс жол көрсетіп, рухымызды биікке көтеретін осындай рухты тұлғалар көп болған сайын намысшыл, рухты қоғам қалыптасады. 

 

Ұйықтап бара жатқан ұлтымызды 1986 жылы Желтоқсан оятты...

 

1950-60 жылдары Мұрат Әуезов пен Болатхан Тайжан бастаған біздің қаншама тұлғаларымыз сыртта оқып жүріп «Жас тұлпар» ұйымын құрды. Хасен Қожа-Ахмет ағамыз қандай еді. Сол кезде мықты, рухты кісілер көп болды ғой... Кейін ұйықтап бара жатқан кезімізде 1986 жылы бізді Желтоқсан оятты. Шын мәнінде оятты. Жәй қарапайым ғана ұмытып бара жатқан ұлттық қасиеттерімізді жастардың рухы, намысы оятып кетті. Олар көпшілікке осыны жеткізе білді. Біз өзімізді сол Желтоқсанның ұрпағымыз деп санаймыз. Ол кезде мектепте оқыдық, бала болсақ та осы Желтоқсан бізді де оята білді. Мен ол кезде 14-15 жаста шығармын. Олар да көпшіліктің бірі болып жүре берулеріне болар еді. Бірақ, олар елдің намысын қорғап шықты. Сондай тұлғалар әрқашан жеке-жеке шығып тұрады. Мұндай ұлы тұлғаларымыз көп болуы керек. Көп болған сайын қоғам да өзгереді.

 

Бәрі керемет, бәрі жақсы, Қазақстан әлемдегі ең бақытты елдердің қатарында деп өтіріп мақтануды қою керек

 

Біздің қазақ тілі мәселесі -  рухтың мәселесі. Құр сөзге беріліп қажеті жоқ, сөздің берекесі кеткен заман. Қандай сөз айтсаң да, бәрі шашыраңқы. Әдемі-әдемі сөздерді айтып айтып, сол сөз күйінде, қағаз жүзінде қалды көп нәрсе... Сондықтан «Жаңа Қазақстанда"  сөзбен нақты істің арасы алшақ болмауы керек. Айтылды ма? Сол орындалуы керек. Мемлекет басшысының да талабы сол. Болмайтын нәрсені одан да айтпай-ақ қойғаның дұрыс. Бәрі керемет, бәрі жақсы деп өз-өзімізді алдап, Қазақстан әлемдегі ең бақытты елдердің қатарында деп өтірік мақтануды қою керек. Қарасаң қазір бізде ешнәрсе керемет емес қой. Өкінішке қарай, осындай жағдайға жеттік...

 

 ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ТҰРҒЫСЫНАН ҚАУІПТІ САНАЛАТЫН ҮРДІСТЕР БЕЛЕҢ АЛЫП КЕТТІ, ҚАЛАЙ ТҮЗЕТЕМІЗ? 

 

Бұл шын мәнінде өте күрделі мәселе... Өйткені мына урбанизация, қала бәрібір өзінікін жасайды. Қоғамды тек дәстүр мен дін аман алып қалады. Осы екеуін бірге алып жүру керек. Имандылық дейміз ғой... Ислам елдері еуропалық құндылықтарды кіргізбеуге тырысады. Ал еуропалық құндылықтар - ол жалпы урбанизацияның құндылықтары. Қазір Қазақстандағы қалаларда көбіне "еуропалық құндылықтарға" бейімделу басым. Киіміміз, жүрісіміз, бәрі сол Еуропа... Ол болса өзінің тәртібін, белгілі бір құндылықтарын осы арқылы насихаттайды. Мысалы, мына жапондарды айтамыз ғой. Олар ұлттық дәстүрді жақсы сақтаған. Үлкендерге зор құрмет көрсетеді. Бірақ соның өзінде оларда қазір неше түрлі қылықтар шығып жатыр. Урбанизация деген бәрібір шығады. Қалалық дәстүрлі өмір бәрібір өзінікін жасайтынын көрсетіп жатыр.

 

Қазақтілді болсақ, бәрі шешіледі деп ойладық. Мәселе тілде емес...

 

Бүгінгі күні  бізде мынау қыздардың арасында, жігіттердің арасында гомофобия, ЛГБТ соның өзі де үлкен проблемаға айналды. Ол дегеніміз не? Бұл Еуропа. Біз бұрын былай ойлайтын едік, егер "қазақтілді болсақ, бәрі шешіледі ғой" деп. Қазіргі қаланың осындай қоғамымен бұл шешілмейді. Қазақтілділер де сол. Ол тілге байланысты емес болып тұр ғой... Ол тәрбиеге, адамның табиғатына, санасына байланысты... Тәрбие дегенде бірінші кезекте имандылық, ұлттық дәстүр, үлкенді құрметтеу. Қазір жастар үлкенді тыңдамайды, үлкен адам оларға беделді емес... Сондай өзіміздің ұлтқа тән қасиеттерімізді жоғалтып жатырмыз.

 

Үлкендер бөлек, жастар бөлек, екеуі екі жақта жүр...

 

Бізде бұрын қалай болатын еді? Үйдің тұңғышын кемпір-шалға береді, кемпір-шал өзінің баласына бере алмаған тәрбиесін соған береді. Шалдың қолында өскен олар дәстүрге жақын, құндылықтарды біледі. Ал қазір үлкен кісілердің өздері де көп нәрсені білмейді. Үлкендер бөлек, жастар бөлек, екеуі екі жақта жүр... Өкінішке қарай, ауылды сақтап, ауылдағы үлкендерімізді құрметтеуден қалдық... Ең басты құндылығымыз осы тәрбие ғой. Қазақты қазақ қылып тұрған ауыл емес пе. Біздің дәстүрлі құндылығымыздың бәрі ауылда... Соны сақтап, келесі ұрпаққа жеткізе білуіміз керек. Қазір беделі жоқ әке-шешелер көбейіп кетті. Бұл да бір қасірет...

 

Аға буынның жіберген кемшіліктері көп...

 

Ауылға бар десе, ауылға барғысы келмейді. Ауылға не үшін баруым керек? деп. Ата-бабасының бейітіне барып, қол жаю дегенді ұмытып "Ол тағы не үшін" дейді. Үйге қонақ шақырсақ, "не үшін шақыра бересіңдер" дейді... Иә, шынымен сондай жастарымыз көбейіп келе жатыр... Біздің аға буынның жіберген басты кемшілігі осы. Оларға дұрыс жеткізе алмадық... Түсіндіре алмадық... Тәрбие деп не үшін ақыл айтып жүрміз, егер біз өзіміз осының бәрін жеткізе алмасақ... Тәрбие жұмыс істемейді. Өте өзекті мәселені көтеріп отырсыз... Шын мәнінде, қоғамымыздың қазіргі хәл-жағдайы осы... "Қазақ қандай болуы керек? Қандай қасиеттерден  арылып, қандай қасиеттерді сақтап, жаңғыртуымыз керек? Нағыз қазақтарды шығарайықшы өзі" деп Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бәріміз бірігіп осы мәселені көтеріп жатырмыз.

 

Ұлттың рухын оятатын видеороликтерді тик-токқа шығару керек

 

Бізде көреалмаушылық, қызғаншақтық, еліктеушілік, жағымпаздық  сынды жағымсыз қасиеттердің белең алып тұрғаны жасырын емес. Біз осы неге ондай болып кеттік? деп видеороликтер арқылы, тик-ток арқылы жауап іздеп, ұлтымызға тән рух, намыс, батырлық сынды нағыз қажетті қасиеттерімізді қайта дәріптесек жақсы болар еді. Өзіңіз көтеріп отырған өзекті мәселе - қыз бала тәрбиесі, ұл бала тәрбиесі, үлкенге құрмет... Міне осыларды балалар қарайтындай қысқаша-қысқаша етіп, роликтер шығарсақ нәтиже шығады. Біз видеороликті өзімізге ұнайтындай жасаймыз, ал оны жастар қарамайды. Біз жасаған "күшті видеороликтерді" тек 40-тан асқандар көреді. Ал жастарға ол бүтін кинофильм... Өте мағыналы, бірақ оны ол қызықтырмайды.  Бәрі ақырын... Сызылып... Бір-біріне қарап, сөйлеп... Міне біз жасайтын видеоролик осындай. 

 

"Рухани жаңғыруды" науқаншылыққа айналдырып жібердік

 

Ал жастардікі тез-тез-тез... Стандарт деп жатырмыз ғой. Бізге сол қазақи стандарт шығару керек. Қазақилық дегеніміз не? Қазақ болу дегеніміз не? Өзіңіз айтқандай, қыздарға, жігіттерге, үлкен кісілерге қатысты құндылықтардың бәрін анықтап алып, бір кодекс, нұсқаулық шығарып, ұлттық кодымыз осы деп соны насихаттауымыз керек. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы шынымен жағымды, жақсы бағдарлама болды. Өкінішке қарай, оны біз науқаншылыққа айналдырып, түпкі мән-мағынасын жоғалтып алдық... Ал ол жерде көп дұрыс нәрсе айтылған, соны дамытуымыз керек. Жалпы ұлттың өзіне модернизация қажет, ұлттың өзін дамытуымыз тиіс. Бүгінгі жаһандану заманына сай қазақ ұлтының өзіне тән қасиеттерін қайта дамыту жұмыстары қолға алынуы керек. Ғалымдардың бәрі жиналып, ғылыми жағынан зерттеу жүргізіп "не істейміз" десе бір шешімі табылады ғой. Нақты теория қабылдап, соны Үкіметке ұсынса ұлттық идеология басталады ғой. Бірақ, жауапкершілік сезінбегесін бұны ешкім істемейді... Өкінішке қарай, әлі күнге дейін қозғала алмай келе жатырмыз.

 

КИОР сынды институттарға қыруар қаржы бөлініп жатыр, нәтиже жоқ

 

Былай қарасаңыз, бізде ғылымға қыруар қаражат бөлініп жатыр. "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымыз бар, орысша айтсақ КИОР. Өткенде отыратын кеңселеріне барып қарасам, офистері үлкен, миллиардқа дейін ақшасы бар. Соның ішінде жастар орталығы, өздерінің командасы бар. Міне, осындай мәселелерді сол жерде қолға алуымыз керек қой. Ресурсымыз бар, неге онымен айналыспасқа? КИОР осы үшін айлық алып отыр, жері бар. Одан да өзіміз бірігіп бір жоба жасайық та. Мен бұл мәселесені Мемлекет басшысына да, Мемлекеттік хатшыға да айтқанмын. "Осыны бір ұсынайықшы" деп. Енді сіздің сұрақтарыңыз осыған сай келгендіктен өзіңізге де айтып отырмын. Бізде қаражат бар, тек  ұйымдастыру керек. Анау тренингтер, психологтардың методологиясы бір арнаға жақсы қойылған, сені 3-4 күнде дайындап шығады. Міне, осындайларды біздің тақырып бойынша жасаса нәтиже береді ғой. 

 

Жіберген қателіктерімізден сабақ алып, нақты қадам жасауымыз керек

 

Бәріміз бірлесіп, бір команда болып, бір жоба жасап көрейік. Қазақ стандарты қандай болуы керек, оны қалай насихаттау керек? Кемшіліктеріне бір зерттеу өткізіп алып, психологиялық тесттер ұйымдастырып, ұлтымыздың нақты бір моделін шығарып, соны Мемлекеттік хатшыға көрсетуіміз керек. Мүмкін бір жоба етіп жасап көреміз. Ұлттық идеология осылай дамиды. Аға буын мен жастар болып бірігейік. Біз жасамасақ кім жасайды? Бәрі төменнен балабақшадан басталады. Егер осыдан 10-15 жыл бұрын бәрін балабақшадан, мектептен бастап, қазақ тілін білмейтіндерді дұрыстап алғанымызда қазір орыстілділердің қатары көбеймес еді ғой... Қаражат болды ғой, әрине қазір де бар. Көп нәрсені жоғалтып алдық. Осыдан үлкен сабақ алуымыз керек. Бізде тәрбиеге байланысты үлкен, үлкен концепция береді де, оның бәрі сол күйінде қалады. Бізге тек нақты-нақты қадамдар керек...

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket