Салынған санкциялар қазақ тілінің дамуына өте қатты ықпал етеді - Серік ЕРҒАЛИ

1269

Қазақ тілінің болашағы, латын әліпбиіне көшудің жақсы жақтары мен кемшілігі, халық арасындағы қазақ тіліне деген құрмет һәм талап ету фактісі бойынша “Адырна” тілшісі лингвист, “Халықаралық Қазақ тілі” қоғамының мүшесі Серік Ерғали мырзамен сұхбат жүргізді.

-Мемлекеттік тілді дамыту тақырыбы қазір қоғамда ең өзекті орын алады. Ал осы қазақ тілін дамыту бойынша қандай нақты әрі жемісін көрсетер қадамдар жасалуда?

-Қазақ тілін үйренудің мерзімі - адамның қабілетіне, ниетіне және үйренетін әдістеріне байланысты. Үш айдан, бір жылдағы аралықта тілді сындырып, үйренуге болады.

Ең бастысы - тілдік ортаның ықпалы болуы керек.

Айналасында қазақ тілді ортамен қарым-қатынас жасаса, қазақ  тілді контентті аудио, видео материялдарды меңгерсе, тыңдаса, көрсе адам тез қабылдайды. Яғни, тілді үйрену - құлаққа байналысты.

-Өкінішке қарай, қазір мемлекеттік тілді жетік білмейтін жандар үкімет басында да бар. Қазақ тілін жалпы толық түрде қанша ай, жылда меңгеруге болады? Нақты зерттеулер жүргізілді ме?

-Тілді - құлақ үйретеді.

Тыңдау арқылы адамның сөйлеу аппараты сөйлеуге бейімделе бастайды. Ең бастысы сол қасиет. Менің өз методикамның мәнісі осында жатыр.

Яғни, адам қазақ тілді ортамен қарым-қатынас жасаған сайын, көп тыңдап, көп қараған сайын жетік меңгере береді.

-Латын қарпіне көшу біз үшін қаншалықты тиімді?

-Қазіргі кезде латын қарпіне көшу - пайда бергеннен гөрі, зияны көбірек болады. Себебі, халықтың қазіргі жағдайы орыс тілді және қазақ тілді болып екіге айырылып тұр.

Бұндай жағдайда басқа графикаға негізделген жазу реформасын қосып жіберсек, онда ұрпақтардың арасында сабақтастық жойылады.

Бізден бұрын көшкен өзбек, әзірбайжан ұлттарының тәжірибесі мен айтуларына қарағанда аға ұрпақ пен жас ұрпақ арасы бөлініп қалған. Бұл бізге тиімсіз. Бұдан тілдік орта одан әрі тарылып кетеді.

Содан кейін тілден арылу қаупі туады. Сондықтан мен өзім латын қарпіне көшуге қарсымын.

-Елімізде болған соңғы қаралы оқиғалар қабырғамызды қайыстырды. Халық көтерген мәселенің ішінде тіл де бар еді. Қазақстан халқының "қазақ тілінде сөйлеңдер, білу керек" деп мәселе көтермеуі үшін тілді дамыту керек. Біздің тілді дамыту факторының нақты үш қағидасын атап өте аласыз ба? Жеңіл жол қандай?

-Тілді дамытудың нақты 3 факторы ретінде мына мәселелерді атап өткім келеді.

Әуелі, мемлекеттік қызметтің мемлекеттік тілге толықтай көшуі, яғни мемлекеттік ұызметкердерден мемлекеттік тілді білуін талап ету керек.

Ол үшін «Кaztest» деген жүйе арқылы олардың тіл білу деңгейін саралап, сынап білуіміз керек.

Әр деңгейдің мемлекеттік қызметтегі өзінің мемлекеттік тілді білу бағасы, көрсеткіші, талабы болу керек.

Екінші, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту шаралары ең басты фактор бола алады.

Үшінші, қазақ тіліндегі контентке мемлекеттен қаржы аямау керек. Кітаптан бастап, кино мен мултьфильмдер, гаджет пен түрлі қолданбалардың барлығы тілді оңай пайдалануды және қолдануды жолға қояды. Міне, осылар қолға алынуы керек.

-"Қазақ тілінде сөйлей алмаған депутат қазақтың мәселесін шеше алмайды" деген пікірмен келісесіз бе?

-Қазақ тілінде сөйлей алмайды деген депутат - қазақтың мәселесін шеше алмайды деген сұрақты қоюға болмайды.

Мұндай көзқараспен келісе алмаймын. Бірақ мемлекеттік қайраткер, мемлекеттік шенді, мемлекеттік лауазым иесі мемлекеттік тілді білуге міндеттелуі керек.

Орыс тілді адам да қазақ тілінің мәселесін шеше алады.

Бірақ мәселе онда емес. Алайда мемлекеттік қайраткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік шенділер қазақ тілін білуі міндетті. Міне, мәселе осында.

-Украина-Ресей арасындағы соғыстың кесірінен салынған санкциялар бізге де зиянын тигізбей қоймады. Яғни, Голливуд фильмдерін көрсетер компанияларға тыйым салды. Бұл қиындықты керісінше қазақ тілін дамытуға зор мүмкіндік қып қабылдауға бола ма?

-Сұрақты өте жақсы қойып отырсыз. Бұл санкциялар қазақ тілін дамытуға ықпал ететін алғышарттардың бірі. Яғни, голливуд фильмдерін қазір бостан босқа уақыт өткізбей, соны қазақшалауға жұмылу керек.

Қаржы бөлініп, аудармашыларды іске қосып, оларды ынталандыру керек. Сөйтіп жаппай қазақ тілді контентті фильмді, мультфильмді болсын, ертегі болсын бәрі аударылу керек.

Ондай жағдайда біз ешкімнен иек артып, тәуелді болмаймыз. Керісінше, өнеріміз бен мәдениетіміз тәуелсіз болады.

-Қазақстан Республикасының үкіметіне жақсы бір ұсыныс тастапсыз. Тіл комитетін Ақпарат министлігіне, қалған барлық орталықтарды бір корпорацияға жиған дұрыс дедіңіз. Толығырақ түсіндіріп кетесіз бе? Бұл ұсыныс қаншалықты пайдалы болмақ?

-Қазіргі кезде тіл мәселесін шешуге арналған ұйымдар мен құрылымдар бары жеткілікті. Бірақ оның барлығы шашырап жатыр. Оларды ортақ үйлестіретін орган керек. Оны жеке адам үйлестірмеу керек.

Оны белгілі бір тетік, механизм, орган игеру керек. Ол үшін "Тіл білім институты бар", "KazTest" жүйесі бар, "Тіл-қазына орталығы бар" одан басқа тіл комитеті бар. Міне, мұндағы тіл комитеті - елдегі тіл саясатын жүргізуші, мемлекеттік уәкілдік орын болып саналады. Алайда тіл комитеті соңғы уақытта сәтсіздікке ұшырап жүр.

Әр түрлі министрліктің қарауына кіріп кетті. Қазір "Білім және ғылым министрлігіне қарайды" ал бұған дейін "Мәдениет және спорт министрлігіне қарады". Менің ойымша, тіл - ақпараттың тетігі.

Ал бізде "Ақпарат және қоғамды дамыту" министрлігі бар. Ол министрліктің құрамында "Рухани жаңғыру" орталығы бар.

Ол министрлікке осыған сәйкес қаржы бөлінеді. Тіл деген ақпарат қайда, рухани жаңғыру қайда, руханият қайда?

Міне, осы жерде тіл барлығы бірге, біржақты болу керек.

Сондықтан тіл комитеті осы ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарауы керек. Сол дұрыс шешім болады. Одан басқа аталған ғылыми-практикалық орталықтар, түрлі жүйелер, аударма ісі жүйесі бойынша үйлестіретін орган болу керек деп ойлаймын.

Міне, осылардың барлығы бірігіп, бір корпорациядан меңгеріліп, басқарылып, үйлестірілу керек.

Сонда ғана тиын-тебенмен күн көріп отырған "Тіл-білім институты" қазақ тілінің ғылыми зерттелуін жақсартады. Сапалы да жақсы сөздіктер шығара бастайды. Одан басқа, тілге қатысты бағдарламалар, цифрлау жүйесі осы салаға керекті құрылыммен атқарылуы керек.

Осының барлығы мемлекетік деңгейдегі үлкен ұйымға айналса, барлығы бірыңғай үйлесіп жұмыс жасайды.

Ал қазір әркімнің мақсаты бөлек-бөлек өзінше басқару жүйесі болғасын тұтас мәселелерді шешуге олардың қауқары жоқ боп бөлініп жатыр.

Осыны тыңғылықты жүзеге асырғымыз келсе, соған сәйкес механизм болу керек. Ал бұл қазір жоқ болып отыр. Жылына бір жиналыс жасау бұл іске жарамайды.

Елдегі бұл мәселені мемлекеттік орган мемлекеттік үйлестіру мемлекетке арналу керек. Болмаса, үкіметтің бір адамына, бір лауазымына жүктеу дұрыс емес. Мәселе олай шешілмейді.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Інжу ӨМІРЗАҚ,

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket