Қазақстан оқушылары халықаралық химия олимпиадасында 1 алтын, 3 күміс медаль жеңіп алды

398
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/incCmnpFja9mNPG42RXyFdkCckDCaNLogmBC913F.jpg

Фото: оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық мектеп оқушылары Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен 58-ші халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO 2026) жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды "Адырна".

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ұлттық құраманың барлық 4 мүшесі жүлдегер атанып, ел қоржынына 1 алтын және 3 күміс медаль салды.

Алтын медальді Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (NIS) 11-сынып оқушысы Айзере Женісханова жеңіп алды.

Күміс медаль иегерлері:

  • Астана қаласы Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әбілмансұр Қали;
  • Алматы қаласындағы №134 лицейдің 11-сынып оқушысы Данил Полетаев;
  • Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы Ансар Жақсылықов.

Ұлттық құраманы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, KAIST университетінің студенті Санжар Бегдаир және химия мен экономика магистрі Ануар Нұртазин дайындады.

Биылғы олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден астам дарынды оқушы қатысты. Қатысушылар 5 сағатқа созылған теориялық және практикалық кезеңдерде күрделі химиялық есептерді шығарып, зертханалық жұмыстар орындады.

Халықаралық химия олимпиадасы – мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең беделді 7 пәндік олимпиаданың бірі. Қазақстан бұл додаға 1998 жылдан бері тұрақты қатысып, жыл сайын жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Биылғы жетістік – еліміздегі дарынды жастарды қолдау, олимпиадалық қозғалысты жүйелі дамыту және педагогтердің кәсіби еңбегінің айқын нәтижесі. Бұл жеңіс қазақстандық оқушылардың халықаралық білім додаларындағы табысты жолын жалғастырып отыр.

 

댓글
기타 기사