Фото: оқу-ағарту министрлігі
Қазақстандық мектеп оқушылары Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен 58-ші халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO 2026) жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды "Адырна".
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ұлттық құраманың барлық 4 мүшесі жүлдегер атанып, ел қоржынына 1 алтын және 3 күміс медаль салды.
Алтын медальді Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (NIS) 11-сынып оқушысы Айзере Женісханова жеңіп алды.
Күміс медаль иегерлері:
- Астана қаласы Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әбілмансұр Қали;
- Алматы қаласындағы №134 лицейдің 11-сынып оқушысы Данил Полетаев;
- Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы Ансар Жақсылықов.
Ұлттық құраманы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, KAIST университетінің студенті Санжар Бегдаир және химия мен экономика магистрі Ануар Нұртазин дайындады.
Биылғы олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден астам дарынды оқушы қатысты. Қатысушылар 5 сағатқа созылған теориялық және практикалық кезеңдерде күрделі химиялық есептерді шығарып, зертханалық жұмыстар орындады.
Халықаралық химия олимпиадасы – мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең беделді 7 пәндік олимпиаданың бірі. Қазақстан бұл додаға 1998 жылдан бері тұрақты қатысып, жыл сайын жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Биылғы жетістік – еліміздегі дарынды жастарды қолдау, олимпиадалық қозғалысты жүйелі дамыту және педагогтердің кәсіби еңбегінің айқын нәтижесі. Бұл жеңіс қазақстандық оқушылардың халықаралық білім додаларындағы табысты жолын жалғастырып отыр.
