Тоқаев Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы айтты

584
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OOHIVLVrUOsT9aDbvEm13qZuyoJzpNqM4o0tJamI.png

Республика күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін алдағы өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Әділетті ел құру, яғни мүмкіндіктер мен прогресс мемлекетіне айналу мақсатында ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам басты.

«Жуырдағы Жолдауымда Парламент реформасын бастау туралы айттым. Бұл бастаманы алдын ала жариялау – еліміздегі саяси процестердің ашықтығын көрсетеді. Заң шығару билігінің жаңғыруы соңғы жылдары жүзеге асырылған өзгерістердің заңды жалғасы болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жоспарланған реформалар Парламенттің өкілеттігін және беделін арттыруға бағытталатынын айтты. Өзгерістер тек Парламентке ғана емес, Президент институтына, Үкіметке және саяси жүйенің өзге де бөлімдеріне қатысты болмақ.

«Түзетулердің ауқымын және 2022 жылғы конституциялық реформалар аясында іске асқан бастамаларды ескерсек, бұл өзгерістерді жаңа Конституция қабылдаумен салыстыруға болады», – деді Президент.

Сонымен қатар Тоқаев Қазақстанның мықты президенттік басқару жүйесін сақтауы қажет екенін атап өтті.

«Бұл – еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды шарты. Қазіргі күрделі әлемде кейбір парламенттік жүйелер өз міндетін орындай алмай отыр. Біз мемлекетіміздің тұтастығына қауіп төндірмеуіміз керек және үстірт ұсыныстарға ермеуіміз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында Конституцияға өзгеріс енгізілетінін айтқан еді. Сондай-ақ, Президент 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында Қазақстанда бір палаталы Парламент құру мүмкіндігін атап өткен болатын

댓글
기타 기사