Конституциядағы 99 баптың жартысына жуығы өзгермек

1539
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/oGHnm5EqrvccxHpU04kuC0XuurCHlYlu3R2o7MFr.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында Конституцияға өзгеріс енгізетінін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, Парламенттік реформа – аса күрделі әрі жауапты жұмыс. Ол бұл үдерісте асығыстыққа жол беруге болмайтынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. 

Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. 

Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек. 

Сондықтан алдағы реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пікірімді білдіргім келеді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ алдағы реформа кезең-кезеңімен жүзеге асатынын және оның елдің саяси жүйесін жаңғыртудың қисынды жалғасы болатынын айтты.

«Біріншіден, біз барлық реформаны тек эволюциялық жолмен жүргіземіз. Яғни азаматтардың сұранысы, төл ерекшелігіміз бен еліміздің түпкі мүддесі ескеріледі.

Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді.

Естеріңізде болса, саяси реформалардың төрт пакеті аясында парламенттік оппозиция туралы норма бекітілген еді. Онда өкілдері аз партияға Мәжілістің тұрақты комитеттерінің бірінде төрағалық лауазым атқару және парламенттік тыңдау өткізу туралы бастама көтеру құқығына кепілдік берілді.

Бұдан бөлек, партиялар Парламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азайтылды. Содан соң 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның арқасында біз Мәжілістің құзіретін елеулі түрде кеңейттік. Нақты айтқанда, бүгінде Мәжіліс заң қабылдайды, ал Сенат мақұлдайды.

Бұл алғашқы қадамдар еді. Енді соңғы жылдары қоғамдағы саяси мәдениеттің едәуір өскенін ескере отырып, біз бірте-бірте және байыпты жолмен бір палаталы Парламентке өтуді бастаймыз», - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қазақстанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылған болатын. Топты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин басқарады. Оның құрамына Президент Әкімшілігінің өкілдері, министрлер, Мәжіліс пен Сенат депутаттары, саяси партиялар фракцияларының жетекшілері, сондай-ақ заңгер ғалымдар мен сарапшылар кірді.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында Қазақстанда бір палаталы Парламент құру мүмкіндігін атап өткен еді. Оның айтуынша, саяси реформалар қоғамның нақты сұранысына сай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Пікірлер