Ауғанстанда билікті басып алған «Талибан» қозғалысына қарсы соғысып жатқан Ауғанстанның Ұлттық Қарсыласу Майданының жауынгерлері соңғы 8 күнде 61 Талибан содырын өлтірді. Тағы 42 талиб жараланған. Бұл туралы Масуд жасақтары хабарлады.
Масуд жасақтары Талибанға қарсы 16 провинцияда арнайы операция өткізген. Бағлан, Панджшир, Кабул, Капис, Саманган, Тахар, Парван, Бадгис, Лағман, Балх, Фарьяб, Газни, Гор, Герат, Нангархар және Кунар аймақтарында партизандық соғыс тәсілдері табысты болып, тәлібтер үлкен шығынға ұшыраған.
«Жау Кабул, Капис, Бағлан және Панджшир провинцияларында ең көп шығынға ұшырады. Ұлттық қарсыласу майданы бұл операцияларды шеберлікпен ұйымдастырғандықтан, бейбіт тұрғындардың ешқайсысы зардап шекпеді. Операцияларда біздің екі ержүрек сарбазымыз қаза тауып, тағы үшеуі жараланды», - деді Масуд жасақтарының арнайы өкілдері.
Масуд жасақтары бүгінде Ауғанстанның барлық аймағында бар деген ақпараттар кездеседі. Олар ашық соғыспай, партизандық соғыс әдісіне көшкені айтылуда.
"Адырна" ұлттық порталы