Тәуелсіздікке 30 жыл: Жаңа Қазақстанды өркендетуге азаматтарымыздың көбі сүбелі үлес қосты – Мемлекет басшысы

807
Adyrna.kz Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде салтанатты жиынға қатысушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, бұл мерекенің ұлт мерейін өсіретін ұлық мейрам екенін атап өтті.

«Біз тарих тұрғысынан алғанда қысқа мерзім ішінде жаңа Қазақстанның негізін қаладық. Тұғыры берік, экономикасы қуатты, беделі биік мемлекетке айналдық. Мұның бәрі, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының жемісі. Сонымен бірге, бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. Кез-келген халықтың табысқа жетуі азаматтарына байланысты. Бұл – өмірдің заңы. Адам капиталы мықты мемлекет барлық қиындықты еңсере алады. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз елдіктің бірегей үлгісін көрсетті. «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтылмаған. Шын мәнінде, біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Жаңа Қазақстанды өркендетуге азаматтарымыздың көбі сүбелі үлес қосты. Бүгінгі мерейлі сәтте еліміздің барша азаматтарына табанды еңбегі үшін зор алғыс айтамын», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы көпғасырлық мемлекеттілігіміздің маңызды кезеңі және заманауи Қазақстан жылнамасындағы айтулы белес екеніне тоқталды. Оның айтуынша, осы жылдар ішінде еліміз зор жетістіктерге қол жеткізген, күрделі сын-қатерлерді еңсерген үлкен жолдан өтті.

«Ел азаматтарының басым көпшілігі өздерінің қажырлы еңбегімен қуатты әрі дамыған мемлекет құру ісіне елеулі үлес қосып келеді. Бүгін өздеріңізді марапаттай отырып, Қазақстанды көркейтуге үлес қосқан барлық азаматқа ризашылық білдіреміз. Сіздер нағыз отаншылдықтың, кәсіби білік пен адал еңбектің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді. Осыдан бір жыл бұрын мен үлкен мерейтойды шусыз, даңғазасыз, ысырапсыз нақты жұмыстармен атап өту қажеттігі туралы айттым. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жаңа, ауқымды реформалар қолға алынды. Сондықтан, бұл жылды нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Біз экономиканы және әлеуметтік саланы жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Індетке қарамастан, мемлекет отандық бизнеске қолдау көрсетуде», – деді Мемлекет басшысы.

 

Пікірлер