Тамыры тереңде жатқан тәрбие басқармасы

3807
Adyrna.kz Telegram

Уақытпен жылжып  Тәуелсіздік мерекесі де келіп қалды. Биыл тәу етер Тәуелсіздігімізге 30 жыл толса, ҚР ҰҚК Шекара академиясына 26желтоқсанда табаны күректей  90 жыл толады. Осыған орай газетіміздің осы санын ғасырға жуық тарихы бар оқу ордасына арнауды жөн санадық.

Әскери қызметшілермен жұмыс жасауда жауынгерлік және моральдық рух негізгі басымдық болып қаралмайтын армия жоқ шығар, сірә. Армия үшін барлық негіздердің негізі және мұндағы маңызды рөл тәрбиеші офицерлерге жүктелген. Олардың міндеті – нағыз әскери қызметші етіп тәрбиелеу болып табылады. Осы ретте тәртіп пен тәрбие тізгінін тең ұстаған тәрбиешілердің қызығынан да қиындығы басым айтулы қызметтерін сөзбен суреттеп жеткізудің өзі оңай шағылатын жаңғақ емес. Әйтсе де, бүгін бізакадемияның мәдени ағартушылық және мемлекеттік тіл мәселелері туралы кеңірек әңгімелейміз.

Айта кету керек, тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстары жөніндегі басқарма құрамына тәрбие және идеологиялық жұмыстары, тіл саясаты, психологиялық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімшесі мен мәдени бос уақыт ұйымдастыру бөлімдері жатады.

Аталмыш басқармаға саналы ғұмырын шекарашы мамандығына арнаған тәжірибелі шекарашы, білікті офицер полковник Алиев Айдос Абдибахабович басшылық етсе, оның орынбасары жақында ғана  полковник әскери шенін алған офицер Белгожаев Дәурен Қуанышұлы басқарма жұмысын бір кісідей ұйымдастырып келеді.

Бүгінде осы білікті шекарашылардың басшылық етуімен академияның негізгі бағыттарының бірі болып саналатын жоғарыдағы бөлімдер өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыройлы атқарып жүр.

Бізге берген сұхбатында бас тәрбиеші полковник А.Алиев: «Мақсатымыз – ауысапалы жеке құрамға патриоттық тәрбие беру, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды сапалы орындау, курсанттарды тәрбиелеу, жоғары моральдық рух, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу», – деп ерекше атап өтті.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», - демекші тәрбие құрылымдарының офицерлері академиядағы басқа да құрылымдық бөлімдермен бірлесіп, оқу дивизиондарындағы моральдық-психологиялық жағдайды қалпына келтіру, қастерлі шекарашы мамандығының беделі мен имиджін арттыру, курсанттардың ар-намысының қорғалуын қамтамасыз ету, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту үшін үлкен тәрбие жұмысын атқаруда. Әсіресе, бұл бағытта тәртіп пен тәрбие тізгінін тең ұстаған бірінші бөлім бастығы подполковник С.Ормантаев, консультант подполковник Б.Нұрпейсов және бөлімнің аға офицері майор Ю.Жомартқызының айтулы еңбегінәріптестері жақсы біледі. Сонымен қатар, психологиялық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімшесінің бастығы майор Д.Семенов, майор Р.Утешов және қызметші А.Бердіғожаеваны адам жанының инженері деп айтқым келеді. Әр курсанттың ішкі жандүниесіне үңіліп, адам бойындағы ауытқушылықтың алдын алуғаға асығатын психологтар қандай құрметке де лайықты.  

Біз сөз етіп отырған басқарма ұжымы ҚР ҰҚК Шекара академиясының 90 жылдық мерейтойына қызу дайындық жұмыстарын бастап кеткелі қашан. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен академияның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған тәлім-тәрбиелік маңызы зор мәдени ағартушылық және спорттық айтулы шаралар курсанттардың қатысуымен ұйымдастырылып көпшіліктің көңілінен шығуда.

 

Атап айтқанда, игілікті шаралардың басы болып академияның 90 жылдығына орай эстафета ұйымдастырылды. Академияға – 90 жыл символы мен «Мен академиямды мақтан тұтамын» құрмет кітабы еліміздің мемлекеттік шекарасына жол тартып, жақында ғана қайта оралған болатын. Бұл туралы бірнеше рет республикалық және ведомствалық басылымдарға арнайы материалдар жазылды. Сонымен қатар, оқу ордасының құрылғаннан бері жүріп өткен  жауынгерлік даңқты жолын дәріптейтін құнды сыр шертетін суреттерге толы кітап дайындалып, мерейтой қарсаңында жарық көрмек. Осындай жауапкершілігі мол бір атан түйге жүк боларлықтай атаулы жұмыстардың басы-қасында жүрген мәдени бос уақыт жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы майор Р.Сейсембеков, аға офицер майор Д.Қарсыбаева, сержант Б.Сегізбаева, қызметшілер С.Каниева, К.Ербулатов курсанттарға бос уақыт қалдырмай өнер-білімге баулуда.  

Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп жүрген тіл саясаты бөлімінің ондағы тілге жанашыр әріптестерім мемлекеттік тілдің мерейін өсіруден жалыққан емес. Академияда жиырмадан астам өзге ұлт өкілдері қызмет атқарады. Мемлекеттік тілді менің тілім деп мақтан тұтатын   өзге ұлт өкілдерінің тіл үйренуге деген құлшынысы күшті. Шекара академиясының бастығы бекіткен әскери қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру бойынша арналған оқу бағдарламасына сәйкес жоспарланған сабақтарда қызығушылық танытып үйренсем, білсем дегенниеттері көңілге қуаныш ұялатады. Бұдан бөлек тіл жанашырлары аударма жұмысының сапалы жасалуын жүзеге асырып, ерекше қадағалайды.Әскери қызметшілердің басым бөлігі өзге ұлттың өкілінен болса да мемлекеттік тілдің дамуы бәсеңдеген емес. Мемлекеттік тіл бөлімінің бастамасымен академия жеке құрамының арасындағы өзге ұлт өкілдерінің өз тілдеріндегі құттықтауларын жинақтап «Жеті жұрттың тілін біл» жобасы жүзеге асқан болатын. Жоба аясында  Шекара академиясында қызмет атқаратын түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ҚР ҰҚК Шекара академиясының 90 жылдық тарихына орай «Сен де бір кірпіш дүниеге...» челлендж бейнеролигі түсіріліп, көрермендеріне жол тартты. Сонымен қатар, «Тіл шебері» байқауы ұйымдастырылып үздік  жеңімпазымыз анықталып басқа да әріптестеріне үлгі болды. Тағы бір айта кететіні, тіл саясаты бөлімі басқарма ұжымының жұмысын қорытындылап отыратын басылымның шығуына ұйытқы болды.

Алаш ардақтыларының бірі  - Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі күшті болса, сол ел күшті саналады» деген сөзі бар. Осы қағиданы берік ұстанған басқарма ұжымы  «Академия: Кеше.Бүгін. Ертең.» атты оқу орнының ішінде ғана таратылып, айына бір рет жарық көретін газет шығаруды қолға алды. Басылым оқу ордасында болып жатқан тың жаңалықтарды, академияның тыныс-тіршілігін яғни, өткені мен бүгінін үздік курсанттар мен олардың тырнақ алды туындыларын және озат бөлімшелер мен атаулы мерекелік шараларды арнайы жариялап отырады. Кезінде осы баспасөз арқылы идеологиялық жұмыстарды жүзеге асырған алпауыт елдер өздерінің көздеген мақсатына жетіп отырғаны тарихтан белгілі. Сондықтан, курсанттардың ұлттық рухын көтеретін бұл басылымның орны ерекше.     Осындай игілікті істердің жүзеге асуына бөлім бастығы подполковник Л.Беглова, подполковник С.Ибраимова, майор Т.Тастанов және қызметші Ж.Жабырбековтың тынымсыз еңбегін айта кетсек артық болмас.

        Иә,  «Тәрбие басы – тал бесік», - деп  халқымыз бекер айтпаған. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Өйткені «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, апаты», - деген екен  Әл-Фараби бабамыз. Олай болса, тәрбие басқармасының ұйымшыл ұжымы қашанда курсанттардың тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың  мықты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосуда.

Жабырбеков Жанат,

ҚР ҰҚК Шекара академиясының

баспасөз хатшысы

Пікірлер