Каратэден XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Дархан Асаділов пен Софья Берульцева туған жерге оралды.
Шымкент қаласының халықаралық әуежайында жеңімпаз спортшыларды жерлестері зор қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қала әкімі Мұрат Әйтенов ғаламдық бәсекеде жүлдегер атанған спортшыларды әуежайдан қарсы алып, жерлестерімізді жарқын жеңісімен құттықтады. Төрт жылдықтың басты бәсекесінде ел үмітін ақтағанын, алдағы дүбірлі додаларда одан да жоғары жетістіктерге жетулеріне сәттілік тіледі. Сайыпқыран спортшыларға демеуші азаматтардың атынан темір тұлпардың кілтін табыс етті. Айта кетсек, Токио Олимпиадасында Шымкент қаласынан 10 спортшы бақ сынаған болатын. Каратэ спортынан Дархан Асаділов пен Софья Берульцева жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлдегер атанды.