"Спутник V" вакцинасын өз еркімен салдырып жатқан жанның қарасы көбейіп келеді. Олардың қатарында белгілі журналистер Болат Мүрсәлім мен Айдос Жұқанұлы, білікті математик Алмас Кунгожин да бар. Бұл туралы олар өздерінің Facebook парақшасындағы жазбасында мәлім етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Алматы жұртының тәртіпке бағынуы қиын. Ығы-жығы халық. Сабылған көлік. Тіршілік үшін күрес. Кіріп шыққан қонақтарды, тіркеусіз елді қосқанда бұқара саны 3 млн-ға жуықтайды.Нұр-Сұлтандағыдай қашықтық сақтап, сол жағада жұмыс істеген түр көрсетіп отыра алмайсың. Оның үстіне науқастар күннен күнге көбейіп барады.Сондықтан сақтанбаса болмайды. Өз өмірім өзіме керек. Қазақ вакцинасын күтіп жүргенде тырапай асармын деп бүгін орыстікін ектірттім" деді Айдос мырза өз жазбасында.
" "Спутник V" салдырдым. Коронавирус өршіп кеткенде, вакцина шықса салдырам деп ойлап жүруші едім, вакцина салдырудың реті бұнша тез болады деп күтпеппін. Дәрігерім "салдырасыз ба?" деді, сөзге келместен тәуекел дедім. Белгілі дәрежеде реакция болатынын да білем, дәл маған келгенде сол реакция жеңіл болады деп үміттенем. Енді антидене қалыптасқанша сақ болу керек" деп жазды Болат Мүрсәлім.
Алмас Кунгожин да өз еркімен жүгінген вакцинаны қазіргі таңда бәрімізге жедел түрде салғызу қажет деп танитынын атап өтті. "Індетті жеңуге тек вакцина көмектеседі" деген пікірдегі математик, 2 сәуір күні бірінің қарсылығына, бірінің қолдауына тап болып жатқан "Спутник V" вакцинасын салдыртқанын растады.
"Адырна" ұлттық порталы