Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов «Ақ жол» партиясы атынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияға ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Былтыр жыл аяғында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Бізге түсініксіз себептермен бұл комиссияның құрамына «Ақ жол» партиясының депутаттары мен өкілдері енгізілмей қалды. Осы орайда, біз комиссия құрамына кірмесек те, оның жұмысын қолдап, одан әрі жалғастыру мақсатында өзіміздің ұсыныстарымызды жолдамақпыз", - деді Берік Дүйсембинов.
«Ақ жол» партиясының ұсыныстары:
1) Еліміздің тарихшы ғалымдары, академик Хангелді Әбжанов төрағалық ететін «Әділет» қоғамы мен профессор Ғарифолла Әнес басқаратын «Арыс» қоры (баспасы) аштық құрбандарын анықтап, тізімдеу жұмыстарын қолға алуда. Бұл шараның өте маңызды да күрделі екенін ескере отырып, осы іске бастамашы болып отырған ғалымдарға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету керек;
2) Қызыл әскерге ұйымдасқан түрде қарсы шығып соғысқан – ең алдымен Алаштың әскери бөлімдері. Ғалымдардың мәліметтеріне сәйкес сол бөлімдерде соғысқа бірнеше мың жас қазақ, оның ішінде ұрпақ қалдырып үлгермеген мыңдаған өрімдей жас қатысып, құрбан болды. Бүгінде олардың сұрау салатын іздеушілері де жоқ. Әрине, олар әліге дейін ақталған жоқ. Nur Otan фракциясындағы әріптесіміз Берік Әбдіғалиұлы бұл тақырыпты зерттеуді бастап кеткен де болатын. Бұл көтерілістерде құрбан болған батыр бабаларымыз бен Алаш әскерінің құрамында жүріп, жанын пида еткендердің тізімін анықтауды ресми қолға алу қажет;
3) большевиктердің репрессиясы мен аштықтан қашып, шекара асуға тырысып, бірақ қандықол қызылдардың қырғынына ұшыраған босқындардың тізімін әртүлі дереккөздерді пайдалана отырып анықтау керек;
4) 1920-1930 жылдары болған 360-тан астам қарулы көтеріліс пен аштық құрбандарын тізімдеу барысында олардың туыстары мен бүгінгі ұрпақтарын іздестіріп, оны жариялап және жаңалап отыру үшін арнайы ресми сайт ашып, оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және бұл шараларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асыру.
«Ақ жол» партиясы 2017 жылдан бастап «Алашқа тағзым» шеруін өткізіп келеді. Әрбір қазақстандық жанұяда аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбаны, оның суық ызғарын сезген ата-бабалары мен ұлы аналары бар екеніне ешқандай күмән жоқ. Алайда, шеру қалаларда орналасқан құрбандар мемориалымен ғана шектеліп, әкімшілік пен полиция өкілдері шеруге келгендерді қоршап, көшелермен шеру өткізу туралы ресми өтінішіміз әкімшілік тарапынан қолдау таппай отыр. Ендеше, биыл да осы шараға санаулы уақыт қалғанын ескере келіп, осы құрбандарымызды еске алып, әруақтарына бас иіп, тағзым етуге жергілікті шенеуніктер кедергі келтірмесе екен дейміз, - деді депутат.