Қазақстанда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын ресми түрде мерекелеу басталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы мерейтойлық жылдың салтанатты ашылуына мәдениет және ғылым қайраткерлері, Алматы және Жамбыл облыстарының делегациялары келді.
Мерекелік кештің қонақтары жаңа театр фойесінде ұйымдастырылған Жамбыл Жабаев музейінің экспозициясымен танысты. ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова салтанатты іс-шарада баяндама жасады.
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аталып өтуде. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылған еді.
«Қадірлі зиялы қауым! Жамбыл қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ерекше орны бар Алатаудай асқақ тұлға. Жыл дүлдүлі, эпик ақын ретінде қазақтың суырып салма импровизаторлық өнерін биік шыңға шығарды. Төл өнеріміз айтыстың ерекшелігі сөз тапқырлық емес, батылдық, өткірлік, шындыққа толы көркем бейнелі сөздер табылып, қалың жұртқа қоғамдық мәселені айқын жеткізе алуымен құнды. Жамбыл айтысы әрдайым тереңдігімен, көркемдігімен, тарихи негіздерімен астарлы мазмұнымен жұртты баурап алған еді», - деді министр өз баяндамасында.
Жамбыл қазақ әдебиетіндегі туған халқының мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Өлеңдері дүние жүзінің қырықтан астам елдерінің тілдеріне аударылды. Ақын шығармашылығы туралы Р. Тагор, М. Шолохов сынды қайраткерлер жоғары бағалаған.
«Жамбылдың биылғы мерейтойында айтулы ақынның өмірі мен шығармашылығын жалпы ұлт мақтанышы ретінде ғана қарастырмай, жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, отансүйгіштікке тәрибелеудің ықпалды құралына айналдыру межеленіп отыр», - деді А. Райвмқұлова.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, мерейтойдың мемлекеттік комиссиясының төрағасы Қырымбек Көшербаев елордадағы Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойған еді.
Бүгін еліміздегі және шет елдердегі қалалар мен елдімекендерде Жамбыл Жабаевтың ескерткіштері мен бюсттеріне гүл шоқтары қойылды, әрқилы мәдени шаралар өткізілді.