«Арон Атабекке араша сұраймыз!» Ақын-жазушылар Президентке хат жазды

2470
Adyrna.kz Telegram

Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер түрмедегі ақын Арон Атабекке араша сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды,деп хабарлайды «Адырна» тілшісі abai.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы белгілі заңгер Шынқуат Байжанов өзінің желідегі парақшасында жазды.

«Ұлықбек Есдәулет мырза, Олжас Сүлейменов мырза, Мұрат Әуезов мырза бастаған бір топ қазақ майталмандары арқалы ақын Арон Атабекке жан сауға сұрап Қазақстан президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлына өтініш хат жолдады. Қазақстанның барлық зиялы қауымы қол қоюға өтініш білдірген, бірақ, пандемияға байланысты олардың қолдарын қойғызу мүмкін болмады.

Президент мырза! Жан сауға сұрау қазақ халқының ежелден келе жатқан ата салты, егер ел ақсақалдары, ақындары өтініш жасағанда одан ешбір хан аттап кетпеген. Сіз де ата салтын сақтап, 68 жастағы жүрек ауруымен, қант диабетімен, буын ауруымен ауыратын арқалы ақынымызды тар қапастан шығаруға ықпал жасайды деп сенеміз. Қазақ Аронының ендігі тағдыры Сіздің қолыңызда. Мен адвокат ретінде заңға сәйкес барлық мүмкіншілікті пайдаланып көрдім, тас бауыр, заңға ешбір мән бермейтін қатыгез мамандар меселімді қайтарды, жігерімді құм етті.

Асыл аға түрмеде шейіт кетсе обалы бүкіл қазақ халқына болады, онсыз да ата-баба наласына қалған елміз, енді осы қателікті жібермейік Қасым-Жомарт Кемелұлы мырза!», - деп жазды заңгер.

Ал президент Тоқаев атына жазылған Ашық хат мәтінінде:

«Аса құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы мырза! Сіздің еліміздің сарабдал саясатын ел тыныштығы, ынтымақ-бірлігі, үшін көрегендікпен жүргізіп отырғаныңызды өте жоғары бағалаймыз. Елі мен туған жері үшін қасық қандары қалғанша күрескен батыр тұлғаларымызды құрметтейтініңізді де жақсы білеміз.

Сөзге тиек еткелі отырған қазақтың дара азаматы – Арон Атабек 2006 жылғы әйгілі «Шаңырақ» оқиғасын ұйымдастырды, кісі өліміне себепкер болды» деген жалған жаламен 18 жылға итжеккенге айдалып, сотталды. Қазақ елі тарихында өзіндік қолтаңбасы бар, яғни, «Қазақ мемлекеті» т.б. бірнеше ұйымның жетекшісі, ақын, түрколог, Желтоқсан көтерілісінің бел ортасында жүріп, бүгінгі Тәуелсіздігіміз үшін күрескен батырымыз Арон Қабышұлы Атабек ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге арналған түрмеде отырғанына алдағы жылы 15 жыл толады.

Жан азабы өз алдына, түрмедегі қинау мен азаптаудың алуан түрін басынан кешірген Арон Атабектің денсаулығы бірнеше жылдан бері күрт нашарлап кетті. Жасы 70-ке таяған қарттың екі қол мүлдем көтерілмейді, жүректің ишемиялық ауруы қан қысымы, бүйрек-өкпе, буын ауруларына т.б. өміріне қауіп төндіретін, түрме жағдайында емделуге келмейтін кеселдерге душар болды.

«Көзімнің тірісінде қадірле мені!.. Өлгесін басыма көк тас қойып, құрметтеп керек емес!», - деген екен бір қарт назаланып... Сол айтпақшы, халық батырын көзі тірісінде бостандыққа шығарып, денсаулынын түзетуге жағдай жасасаңыз нұр үстіне нұр болар еді. «Елім-қазағым!», - деп жанын шүберекке түйген батырымыздан тас зынданда айырылып қалсақ, арымызға сын болары хақ! Ұрпақ алдында ұятты болмайық, Президент мырза!

Сіздің ел болашағының ынтымақ-бірлігін сақтаушы, ұлт жанашыры, қамқоршысы ретінде Арон Атабектің бостандыққа шығуына көмек қолын созады деген зор үміттеміз», - деп жазылған.

Бұл хатқа Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүйлейменов, Мұрат Әуезов, Бақыт Беделхан, Амантай Асылбек, Гүлжан Ерғалиева, Т.Айтбай т.б. бірнеше адам қол қойған.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер