Бүгін Екібастұз қаласында екінші Халыққа қызмет көрсету бөлімі ашылды. Жергілікті тұрғындар үшін мұнда мемлекеттік қызметтерді алуға көмектесетін операциялық зал мен дайын құжаттарды беру секторы жұмыс істейді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облыстық филиалының директорының орынбасары Салтанат Ауппаеваның айтуынша, 130 мыңнан астам тұрғыны бар шаһар үшін тағы бір бөлім ашу қажеттілігі бұрыннан туындаған. Жарты жыл ішінде екібастұздықтарға 63 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. «Екібастұз үшін бір ХҚО жеткіліксіз болды. Қала тұрғындарының саны артып келеді, сондай-ақ біздің қызметкерлеріміз көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру сияқты автоқызметтерді де қосымша көрсетіп келеді. Бөлімнің ашылуына жергілікті кәсіпкер қолғабыс етіп, осы ғимаратты бізге өтеусіз пайдалануға берді. Осы ретте, оған үлкен ризашылығымызды білдіреміз», - деді Салтанат Ауппаева.
Жаңа бөлімде құжаттандыру (жеке куәлік және паспорт беру) және транспортқа қатысы жоқ барлық мемлекеттік қызметтерді алуға болады. Бөлімнің ауласында көлікке арналған автотұрақ қарастырылған. Жаңа бөлім Екібастұз қаласының Энергетиктер көшесі, 37/1 мекенжайы бойынша орналасқан. Жұмыс кестесі дүйсенбі-жұма аралығы сағат 9.00-ден 16.00-ге дейін, сенбі күні 9.00-ден 14.00-ге дейін.
Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі