Коронавирус инфекциясы таралған алғашқы күннен бастап пандемиямен күреске Қарулы күштердің әскери-медициналық қызметі белсенді қатысуда. Әскери медицина қызметкерлерінің негізгі міндеті әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау екендігіне қарамастан, әскери-медициналық қызмет ресурстары азаматтық денсаулық сақтауға көмек көрсетуге бағытталды.
Ағымдағы жылдың 16 шілдесінде Алматы қаласы әскери госпиталінің азаматтық персоналының жекелеген өкілдерінің эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін оларға ай сайынғы үстемеақы төлеуге қатысты сөз сөйлеу фактісі бойынша Қорғаныс министрлігі өз ұстанымын білдірді. Қорғаныс ведомствосы қолданыстағы заңнамада көзделген барлық міндеттемелерді орындап, инфекциямен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеу мәселесін шешумен айналысады. Бұл мәселе Қорғаныс министрінің қатаң бақылауында.Бұл мәселені шешу және нормативтік-құқықтық базаны өзгерту Қорғаныс министрлігіне ғана байланысты емес. Сондай-ақ оның орындалуы белгілі бір уақытты талап етеді. Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылдың 4 сәуіріндегі «COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына толықтырулар енгізу құзыретті мемлекеттік органдармен пысықталуда. Ағымдағы жылдың мамыр айында Қорғаныс министрлігі Денсаулық сақтау министрлігіне толықтырулар енгізу жөнінде және Қаржы министрлігіне коронавирусқа қарсы күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін қаржылық қолдауға қажетті ақшалай қаражаттың қажеттілігін есептеу жөнінде тиісті ұсыныстар жіберді.Ағымдағы жылдың 17 шілдесінде Қаржы министрлігінен министрдің міндетін атқарушы тұлғаның қолы қойылған 16.07.2020 ж. шығ.№ 23-12/2233 хатындағы жауабы алынды. Онда Қарулы Күштердің медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу қарастырылмағандығы айтылған. Өйткені олар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы ҚР Заңына сәйкес лайықты ақшалай үлеспен тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етілген және оларға қолданылатын барлық көзделген жеңілдіктер бар екендігі айтылған.Алынған жауапқа қарамастан, Қорғаныс министрлігі осы мәселені шешу бойынша жұмысты жалғастырады. Өйткені әскери медицина қызметкерлері өздерінің азаматтық әріптестерімен осындай күрделі және қауіпті жағдайларда қазақстандықтардың өмірі үшін тең жағдайда күресуде. Оларды қаржылық қолдау мәселелерінде бөлуді бүкіл ел қауіп-қатермен күресте топтасқан кезде әділетсіз деп санаймыз. Біз бұл мәселе жоғары деңгейде оң шешімін табады деп үміттенеміз. Қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін әскери мекемелердің медицина мамандарына үстемақы төленеді.
АДЫРНА ҰЛТТЫҚ ПОРТАЛЫ