Асан қайғының Жерұйықты іздеу себебі неде?

46067
Adyrna.kz Telegram

 

Ай хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің,
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің, -

деп, ханның елді өз бетімен билеп-төстеу, қаһары түскен адамын өлім жазасына кесу хақысынан айрылып, рубасы ақсақалдарсыз ешбір мәселені шеше алмайтын күйге жетуін жырмен жеткізген дала философы Асан қайғы бабамыз.Ия, менің осы мақалам да желмая мініп, жер кезген Асан қайғы философиясына арналмақ.

Ең алдымен Асан қайғы кім деген сауалға жауап берер болсақ, Асан қайғы:

  • Ақын
  • Жырау
  • Философ, ақылшы, би
  • Реформатор, мемлекет қайраткері
  • Ел болашағы үшін қызмет еткен ұлы бабамыздың бірі.

Аты аңызға айналған біртуар тұлға Асан қайғы Сәбитұлы бір деректерде Еділ бойында дүниеге келген. Қазақ тарихшысы Құрманғали Халитұлы «Тауарих хамса» атты кітабы бойынша, Асан қайғы-Шыңғыс ханның замандасы ұлан Майқы бидің алтыншы ұрпағы.Бұл-қазақ халқының «Түгел сөздің түбі бір,түп атасы Майқы би» деген мақалындағы Майқы,Шыңғыс ханның тарихтан белгілі әскербасыларының бірі Үйсін Майқы екенін айта кету керек.

Асан қайғыға қатысты аңыздарды өз кезінде бірқатар Ш.Уәлиханов, Г.Потанин секілді этнограф-ғалымдар өз зерттеу нысанына айналдырған еді. Ш.Уәлиханов Асан есімін өзінің зерттеу еңбектерінде бірнеше рет атап көрсеткен. Зерттеуші ғалым Асан абызды қазақ ханы Жәнібек ханның билік құрған тұсымен байланыстыра отырып, дала халқы күні бүгінге дейін пәслсапашы  Асан қайғы туралы аңыздар мен оның адамгершілік туралы өсиеттерін аузынан тастамайтынын баса айтып өтеді. Сонымен қатар, ғалым Г.Потанин де Асан қайғы туралы аңыздарға көңіл бөліп, көшпелілер философы туралы екі аңыз нұсқасын жазып алған. Тағы бір зерттеулерде атақты Берке хан Жошының үшінші ұлы, Батудың інісі дүниеден қайтқан соң Алтын Орданың тағына таласқан хандар баянды билік құра алмаған. Сондай баянсыз хандардың бірі Ұлық Мұхаммед болғаны айтылады. Белгілі жазушы М.Мағауин өз еңбегінде: "Қазақ "Орманбет хан өлгенде, он сан ноғай бүлгенде" деп күй тартады. Халық аңыздарында қазақ-ноғайдың айырылуын Орманбет ханның есімімен байланыстырады. Тіпті Орманбет хан өлерінде айтқан екен деген бірер шумақ жыр да бар:

Таудан аққан бұлақтың 

Аяғы тартар теңізге,  

Санды айдаған бай болса —  

Қуанбай қоймас егізге,  

Жақсыдан туған жаманды  

Жамандай берме, жараңдар,  

О да бір тартпай қалмас негізге.  

Бұл  Орманбетті  қазақ  шежіресі  жəне  кейбір  зерттеушілер  кəдімгі  тарих-тан  белгілі  Ұлұғ-Мұхаммед хан деп түсінеді» —деген пікірді алға тартады.  Асан қайғының ерен зор талантын ерте байқаған Ұлық-Мұхаммед оны өзіне ақылшы, бас би етіп, сарайында ұстайды. Асан жырау сол Алтын Орда ханымен бірге ел билеуіне араласады.Сонымен қатар зерттеуші  Қ.Халид «Тауарих хамса» еңбегінде Асанның өмірі мен шығармашылығы турасында ел аузынан тарихи деректер жинап, Асан Қайғының өмір сүрген мезгілін анықтауға тырысады. Асан қайғыны әуелі Кіші Мұхаммед хан жанында Сарайда болған, кейін Ұлық-Мұхаммед хан қасында болған деген пікір айтқан болатын. Бұл пікірдің зерттеуші-ғалым Ә.Дербісалин тарихи шындыққа сәйкес еместігін атай отырып, аңыз Асанды Жәнібек заманының адамы етіп көрсететінін айтады. Ғалым М.Әуезов «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты еңбегінде Асан қайғы туралы ойды толғай отырып, ол туралы аңыздарды халық аңсаған арман-тілек бейнеленген кейіпкер екенін аңғартады.

Асан қайғы шығармашылығында негізгі орын алатын қазақ халқының өзекті мәселелерін арқау еткен философиялық-нақылдық жанрлар: толғау, терме, шешендік сөздер болып табылады. «Қырында киік жайлаған»,«Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің»Құйрығы жоқ, жалы жоқ»Еділ бол да, Жайық бол»Қырында киік жайлаған», «Таза мінсіз асыл тас», «Бұл заманда не ғаріп?», «Есті көрсең кем деме», «Көлде жүрген қоңыр қаз» сынды әрбір толғауының өзіндік мән-мағынасы бар.

Ел ішіндегі шежіре сөздер мен күй аңыздарына қарағанда, Асан қайғы халық қамын ойлаған ақылгөй, дана ғана емес, сонымен бірге дәулескер күйші де болған. Біршама күйлердің аты мен аңыз әңгімесі бүгінгі күнге дейін айтылып жүр. Алайда Асан абыздың бүгінгі күнге «Ел айрылған», «Асан қайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты санаулы күйлері ғана жеткен. Жұрт санасынан ойып орын алған Асан  - халық бақытын,ел тыныштығын ойлаған дана әрі дара қария.

Ел аралап, жер кезген Асан қайғының негізгі арманы халыққа жайлы қоныс іздеу болғандығы баршамызға мәлім. Желмаясын мініп ап, Асан қайғының аралаған жерлеріне айтқан сындары мен берген анықтамалары сол өз заманының талап - тілектері мен халық жағдайынан туған болжамдар болса керек. Фольклорлық деректер бойынша, Асан Қайғы Қазақстанның және Орта Азияның жерін желмаясына мініп көп кезген ақылгөй, дана  болып суреттеледі. Оның бармаған жері, баспаған тауы жоқ десек те болады.  Себебі жер жәннәтін іздеп, табу - баяғы Қорқыт заманынан келе жатқан әлеуметтік сарын. Көшпенділер философы атанған Асан қайғы өз заманындағы қоғамдық өмірге үңіле қарап, халықтың тартып отырған ауыр азабын - аш жалаңаштық, жұт, апат, өзара қырқысқан жаугершілік, әлеуметтік теңсіздікті көріп назаланды, күңіреніп, қайғырады. Оның ғайыптан армандаған Жерұйығы - суы сүт, топырағы май, тасы алтын, ағаш басы толған жеміс-жидек, жұрт қайғы-қасіреттен аулақ құтты қоныс, оған жеткен елді жау алмайды, онда ел аласы, ру таласы жоқ, "қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды,"  - деп санаған болатын.

Асан  жыраудың  жер  туралы  сындары  терең  философиялық  мағына-сымен  халық  есінде  қалған.  Көптеген  сындары  əлі  күнге  дейін  өз  мағы-насы  мен  маңызын  жоғалтпаған.  Сондағы  Асан қайғының желмаяны жел-діртіп жүріп əр жерге, суға, тауға айтқан сындарының біршамасына тоқталсақ:

  • Яссы қаласын (қазіргі Түркістан) олардың қожа-молдаларын көргенде: «Ай, қарыс жері бір арық, жер сорлысы мұнда екен, әйелі семіз, өрі арық, жұрт сорлысы мұнда екен»,— депті.
  • Шымкент пен Сайрамды көргенде: «Екі басса бір базар,малда береке болмайтұғын, екі басса бір мазар,бас-та береке болмайтұғын, базары жақын байымас, мазары жақын көбей-мес», — деген екен.
  • Алатауға келгенде:Түні суық, күні ыстық, жер даласы, 

    Ананың емшегіндей сай саласы. 

    Төрт елі топырақ асты алтын екен, 

    Ішпей-жемей тоятын айналасы, —  

депті. Асан Жерұйықты іздеуде деректер бойынша Ақ Ордадан бастап, жеті өзенге шейін сапар шегеді. Дүниенің төрт бұрышын аралайды. Алайда оның барған жерлері өзіне ұнамайды.Қай жерге барса да, сол жердің өзіне ұнамайтын тұстарын айтып кеткен. Түркі халықтарының көшпелі қоғам өркениетінің өкілдері арасында тарихта Асан қайғыға тең келетін тарихи тұлға жоқ. Асанның Жерұйықты іздеуін мифтік құбылыс деп қарастырып, қиял жанрындағы аңыз ертегілер қатарына жатқызуға мүлде болмайды. Асан Қайғы таным мен түйсіктердің тоғысуынан жаңа мазмұнды қорытындылар шығарып отырды. Жерұйықты іздеу барысында Асан жүрген жеріндегі жақсы қонысқа, жаман қонысқа  баға беріп отырды. Асан қайғы  Жаратушының мейірімділігіне үміт арту арқылы сабырлық сақтап, пендеге түсініксіз өзінің "кезбелік” философиясының жүйесін жасаған. Көшпелі өркениетті құтқару үшін Асан адамдарды табиғатқа, дүние құбылыстарына зер салуды айрықша насихаттайды. Асанның іздегені адамға Алладан жіберілген алғашқы ақиқатты табу, соған көз жеткізу. Табиғат заңдылықтарының адам өміріне байланысы жөнінде Асан ой-тұжырымы нақтылы. Адамның адамгершілік  қасиеттері табиғаттың әсемділік заңдылықтарынан тәлім алып, нәр алып отыруы тиіс. Адам бойындағы  ізгі қасиеттердің қалыптасуының алғышарттары табиғаттағы шынайы үйлесімдіктен, сұлулықтан бастау алады. Сондықтан да Асан қайғы эстетикалық мәселелерді, олардың қоғамдағы көрінуі, шешілу бағамдарына тоқтала бермеген. Адамға аса қажетті көшу-қону процесінде кездесетін қолайсыз табиғат құбылыстары, әсіресе мал асырауға қолайсыз болса да, тіршіліктің басқа салаларына қажеттілігін дәлелдеп, анықтап айтқан. Жерұйық идеясын бүкіл халқының қамын ойлаған Асан қайғының  елді ынтымақ,бірлікке, шынайы түсіністікке,адал еңбегі арқылы мамыражай өмірге же-туге шақырғаны  деп  түсінгеніміз жөн.

Ел мүддесі мен жұрт қамын өз міндетім деп санаған жыраудың шығармаларында қашанда өмір шындығынан ой түю, жинақтаулар басым. Мұнда қоғамдық мәні бар ірі мәселелермен қатар, адамдар арасындағы алуан қарым-қатынастар мен солар туралы сындары да қоса айтылады. Мәселен, адамгершілік пен зұлымдық, байлық пен кедейлік, достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, әділдік пен жауыздық, білімділік пен надандық секілді күрделі мәселелер кеңінен сөз болып сарапталады.

Аристотель, Кант, Гегель сынды ойшылдардың том-том шығармаларында, трактаттарында қарастырылған күрделі философиялық мәселелер, диалектикалық идеялар қазақ философиясында кейде бір ауыз сөзбен түйінделеді. Асан қайғы туындылары да осы сөзімізге саяды. Халықты ынтымақ,бірлікке, достыққа шақырып, сөз маржанын тізбектеп,       терең ойды топшылап өткен Асан жырау :

Таза мінсіз асыл тас 

Су түбінде жатады, 

Таза мінсіз асыл сөз 

Ой түбінде жатады. 

Су түбінде жатқан тас —  

Жел толқытса шығады. 

Ой түбінде жатқан сөз —  

Шер толқытса шығады, —

деп  көңілдегі  көрікті  ойдың  адам  сезімімен    байланысты  туатынына пəл-сапалық тұжырым  жасаған.  Жалпы, ұлы ақын сөздеріне тереңдік пен ойлылық тән. Ол тереңнен толғап, қияндағыны көздейді. Өткенді еске алып, өзінше ой түйіндейді. Осылайша, Асан қайғы халықтың дүниеге деген идеялық қатынастарын өз пайымымен қорытып, оны жаңа деңгейге көтере білген.

Көптеген зерттеушілер Асан Қайғының философия дүниетанымы үш бөлімге топтастырып, қарастырады:

- этикалық дүниетаным – дана қарт жыраудың философия ойларының өзегі іспеттес. Яғни, адам, адам бойындағы басты қасиеттері, олардың мәні мен сипаты жоғары имандылық деңгейінде қарастырылған.

- Асан Қайғы философиясының басты бағыттарының бірі - адам өмірінің мәні, мақсаты, өлімнің растығы, қоршаған дүниені тану мәселелері екенін байқауға болады. Поэтикалық таным және философияның қазақ дүниетанымында егіз ұғым екенін Асан жырау өз толғауларында толық көрсетіп берді.

- соңғы бағыты ретінде Асан Қайғы гуманизмін айта аламыз. Адамзатқа деген сүйіспеншілігі тарихи сана арқылы түркі халықтарының жадында сақталған. Ноғай, өзбек, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ секілді түркі халықтары арасында Асан Қайғы есімі құрметпен аталады.

Сөзімізді түйіндесек, тарихта аты қалған ұлы тұлғалардың әрқайсысының өзіндік орны болады. Қазақ дейтін халықтың басын біріктіруде Асан Қайғыдай данышпанның болуы қазақ халқы үшін үлкен мәртебе деп білеміз. Біздің ұлы жұртымыздың басым бөлігі мыңдаған ғасыр бойына көшпелі өмір салтын ұстанды. Асан Қайғы бабамыз осы тіршіліктің түйінін тапты. Ол – Жерұйық болатын.Сонымен қатар ол ұлы-ұлы мемлекеттердің – Алтын Орда, Ноғайлы ұлысы, Қазақ хандығының бас биі, ақылшысы, бастаушысы, елшісі, ұраншысы, сол мемлекеттің ең басты қағидаттарын қалып­тастырушы, құраушысы еді. Асан қайғы бар­лық жыраулық-дастаншыл ақындардың атасына айналды. Ол – ұлттық тұлға. Ол өз халқына бақыт тіледі,оның болашағын ойлап қайғыға батты.Сол себептен Асан Қайғы атанып тарих беттерінде есімі қалды.
Тереңдей үңілгенде Асан Қайғы бабамыз, бүгінгі қазақ мемлекеттігінің дипломатиялық мектебін қалыптастырды. Ел мен елді жауластырмау, достастыру,татуластыру, бейбіт өмір сүру қағидатын тұңғыш рет  әлемнің жарығына алып шықты. Ол сөз әлеміне де өз өрнегін салды. Асыл сөздермен өрнектелген толғаулар қалдырды. Асан қайғы – тек қана қазақ жұрты емес, бүкіл түркі жұртшылығының қастерлеп жүрген ұлы тұлғасы. Қазақ үшін Асан қайғы – халықтың жанашыры, ақылгөйі, данышпаны, елдің бірлігін, қамын,тыныштығын ойлаған қайраткер.Қазақ­тың жер көлемін шолып, баға беріп, небір асыл ойларды қалдырған Асан қайғы есімі бүгін де, келешекте де ұмытылмайды.

«Өзі зордың болады ығы да зор» деп Абай атамыз айтқандай, Асан Қайғы бабамыз туралы ең әуелі өз дәуірінде айтылды .Оның бірқатары уақыт өте аңыз әңгімеге, ертегіге,тарихи жырларға айналды. Асан абыз қариялық қалыпта ханнан да қаймықпай сөз айта алатын жарқын жаратылыстың дәл өзі болған еді. Асан Қайғы  қазақ халқының от тілді,орақ ауызды ақындары, ділмар шешендері мен көсемдеріне үлгі боларлықтай абыз адам десек артық айтқанымыз емес.

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, философия ғылымының кандидаты

Мейіркамал Алуа, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультетінің магистранты

Дереккөз:

https://alashainasy.kz/politic/ulttyik-ideyanyin-uyyitkyisyi--asan-kaygyi-65619

 

 

Пікірлер