Мағжанды ұстатқан Сәбит Мұқанов па?

2888
Adyrna.kz Telegram

Алаш азаматтарының ақталғанына биыл отыз екі жыл! Сәбит Мұқанов кінәлі болса, отыз екі жылдың ішінде «жеті қабат жер астындағы құпияны» алып шығар уақыт болды. Сәбеңді «ұрлық» үстінде ұстап алуға екі білегін сыбанып кім кіріспеді? Бірақ солардың бірде-біреуі «олжалы» қайтқан жоқ. Ондай олжа, ондай құжат қайдан табылсын, шын мәнінде Сәбит Мұқанов ешкімді сатпаса, «сені ұстатқан Сәбит» деп, ешкімді атпаса.

1957 жылы Сәкендер ақтал­ғанда, халық арасына «Сәкенді ұстатқан – Сәбит» деген де сыбыр сөз шығарған. Ол – қасақана пен­делікпен айтылған сөз еді. Бөтен емес, қолында қаламы: жазам десе жаза алатын, айтам десе бетіне басып айта алатын шығармашылықта «ауы­лы аралас, қойы қоралас» қалам­гер. Бірақ Сәбеңе бетпе-бет айта да алмады, жаза да алмады. Себебі «жаптым жала, жақтым күйе» азаматтық арына сын еді. Оның үстіне Сәбеңнің тазалығын білетін Сәкеннің жары Гүлбарам тәтейден бастап, «әй» деп қағып тастайтындардың төрт көзі түгел болатын. Ал Алаш азаматтары ақталған тұста алдымен Сәкенге, сосын Сәбит Мұқановқа қайта соқтыға бастады. Қашанда архив ақтармай, тергеу ісінің протоко­лын өз көзімен көрмей, жан-жақ­ты зерттемей пікір айтпайтын Тұр­секең-Тұрсынбек Кәкішев Сәкен­нің де, Сәбит Мұқановтың да Алаш қайраткерлерінің алдында азаматтық арының тазалығын жан-жақты дәлелдеді.

Ал соңғы кездері желіге же­лімдей жабысқандар арасында бір зиянды әдет пайда болды. Ол – кітап оқымау, газет, журнал қарамау, жүйелі сөзге құлақ ас­пау. Бұның ғалым мен залымның ара- жігін ажырата алмайтын мәңгүрт­тікке соқтыратынын өмір өзі көр­сетіп отыр. Осындай келеңсіз құ­бы­лысқа алаңдаған Елбасы: кітап оқығанның озатынын, темірге тел­міргеннің тозатынын ескертті. Ата­лы сөзге құлақ асқандар да бар, жүре тыңдағандар да бар. Соның нәтижесі ғаламтор желісіндегі желдей ескен жел сөздер. Орынсыз айтылған оңды-солды пікірлер. Ал Сәбит Мұқановтың атына айтылып жүрген қате пікірлердің белең алғаны сондай, жауапсыз жасамыс та, атақ қуған «ғалым» да, аузынан шыққан әр сөзі сатулы бизнесмен де, тіпті классик жазушы да ойлан­бастан Сәбеңнің шалғайына «жар­масуда». Осылардың біреуінің қолында дәлелдейтін құжат болса кәні?!

Сәкен мен Сәбеңе қатысты мәсе­леде кім болса да Тұрсынбек Кәкі­шевтің қазылығына жүгі­нері хақ. Себебі Тұрсекең – КГБ­ архи­віне түскен санаулы ғана­ ғалымның бірі. Сәкен мен Сәбеңді зерттегенде екеуінің де Алаш азаматта­ры алдында ар тазалығына көзі әб­ден жеткен. Сондықтан екеуінің де сөзін сөйледі. Даусы жететін жер­ге жар салып айтты, қаламы қолы­нан түскенше: «Сәкен, Сәбит – Алаш қайраткерлерінің соты­на араласып, куәлік берген жандар емес. Сондықтан жазық­сызды жазғырып, обалдарын көтер­меңдер, даңғаза, даурықпа көсемсіген біл­гірлер, маңғазданған «мар­қас­қалар!» деп жазып кетті.

Сондықтан Сәбит Мұқанов – еріккеннің ермегі де емес, кім көрінгеннің қолжаулығы да емес. Сә­беңе «мін» таққысы келген адам ең алдымен, ұлтқа әдеби, мәдени, ғылыми мұра жасап, Сәбит Мұ­қановпен терезесін теңестіріп алсын. Бұл – бір. Екіншіден, жала жаппастан бұрын «мен Сәбит Мұқановты айыптауға құқым бар ма? Дәлелім қайда?» деген сұрақты «шешендер» өзіне-өзі қоюы керек. Өкі­нішке қарай, Сәбит Мұқановқа келгенде орыстардың қарапайым субардинациясынан аттағанды былай қойғанда, мұсылмандық иманымыздың өзін ысыра салатынымыз күнә емес пе? Осындайда еңбегі еш, тұзы сор қайран Сәбең демеске амалың жоқ...

Соңғы кездері ғаламтор желі­сінде Самат Құдайбергеннің оқуында Ерболат Қуатбектің ав­тор­­лығымен «Сәбит сатқын болып шықты», «Мағжанды атқызып тас­тады» деген дабыра шарлап жүр. Сәбит Мұқановтай қазақ әдебиет­тану ғылымында өзінің адал еңбек, мол мұрасымен орныққан ұлы тұлғаның шалғайы тұрмақ, балағына жармасу үшін бұл жігіттерге құнсыз сөзбен емес, құнды құжаттармен қаруланған жөн болған болар еді... Мәтінді тістеніп оқығандағы салмағы «қор­ғасындай» ауыр көрінгенмен, бар болғаны бір ғана сұхбаттың әсері­мен жазылған текстің дәлелі, балапанның «қауырсынындай» ғана. Желпілдетіп желіге жүктей салуының да себебі сонда болса керек. Оның айтуынша: «Өте білімді ғалымның біраз нәрсеге қойған нүктесін» жүрдім-бардым айта салмай, еліміздің бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» газетінде неге жарияламаған? Не бол­маса, қазақ әдебиетінің көр­нек­ті тұлғалары туралы ой қоз­ғаған екен, «Қазақ әдебиеті» газе­тіне неге жарияламасқа? Сүбелі жаңалықтармен оқырмандарын құлақтандыруға жоғарыда аталған мерзімді басылымдардың қай-қайсысы да құқылы ғой.

Автор өзіне «таңсық жаңа­лық­ты» жариялауда екі қателік жіберген. Біріншісі, оқырмандар арасында Сәбеңді бізден де жақсы білетін, тіпті жақсы көретін зерделі зиялылар, зерек замандастар, білімді бауырлар басым екенін ескермеген. Екінші, айдың-күн­нің аманында айналасының бәрі­нен жау іздеп жүретін ғалымға, санасында сәулесі бар адам сезіктене қарау керек емес пе? Ғылыми дәле­лі өте әлсіз сұхбатқа «там­санғаны» Ерболаттың да ғылымның ішкі, сырт­қы заңдылықтарынан хабар­сыздығын аңғартады. Соған қара­ғанда жоғары білімді Қазақ­стан­ның жетекші оқу орындарында алмаған-ау... Мәтінді оқыған Самат Құдайберген де, оны жазған Ерболат Қуатбек те қателікке, жай қателік емес тарихи қателікке ұрынған. Желідегі жел сөздің «Білген дұрыс» дегені дұрыс болар еді, егер айтқандары қате болмай, дұрыс болса.

Енді мәтіндегі Сәбит Мұ­қа­нов­қа қатысты айтылған тарихи фак­тілерге тоқталайық.

  1. Адамзат тарихында домалақ арыз деген бар. Болған. Болатын да шығар. Репрессия тұсында домалақ арыз жазғандардың қатарында Сәбит Мұқанов жоқ. Сенбесеңіз, іздеп көріңіз. Ал арыз жаздың ба, ол – домалақ арыз ба, жоқ басқа арыз ба, арыздың аты – арыз. Іс тір­келгеннен бастап арызданушы да жауапты. Тергеушілердің нәти­желі жұмысы ұсталушы мен сат­қынның беттестірілуімен дә­лел­денеді. Бұл – бір. Екіншіден, арыз­данушының аты-жөні тергеу протоколында тайға таңба бас­қан­дай міндетті түрде жазылады, арызы нөмірленіп тігіледі, қо­лы қойылады. Сәбит Мұқанов ре­п­рессияға ұшырағандардың еш­қайсысымен беттестірілмеген. Тіпті шақырылмаған. Тергеу протоколдарынан Сәбит Мұқановтың аты-жөнін «шам алып іздегендер» болған. Таппады. Жоқ.
  2. Сәбеңнің кезінде ЧОН отрядында болып, қара бөрік атанғаны рас. Оны өзгеден бұрын Сәбеңнің өзі айтқан, жазған. Сәбеңнің Көк­шетауға барып ревкомды ұйымдас­тыруға қатысқаны болмаса, Сәбең суық қаруды адам тұрмақ аңға да кеземеген.

Сәбит Мұқанов КГБ қызмет­кері болмаған. Сәбеңнің ашық­ауыз, көпшіл мінезі КГБ талаптарына кеше де, бүгін де, ертең де сай емес.

  1. Әрине Мағжан ақталмай жатып қолжазбасын Олжас Сүлей­менов пен Мұрат Әуезов бастырып, жасырын таратыпты дегені естір құлаққа өте жағымды. Бірақ бұл өкінішке қарай олай емес. Ал шындығында Зылиха апайдың Мағжанның қолжазбаларын өз қолы­мен берген, сенген адамы Олжас Сүлейменов те емес, Мұрат Әуезов те емес. Ол – қазақ­тың сатирик-жазушысы Ғаббас Қабы­шев. Зылиха апайдың ал­ғаш­қы жоспары – бір данасын Ал­матыдағы мемлекеттік архивке, екінші данасын сол кездегі Пушкин атындағы кітапханаға (бүгінгі Ұлттық кітапхананың сирек қорына – К.А.) тапсыру бол­ғанмен, төрт данасын бастырып, түптетіп әкелген кезде апай бұрынғы жоспарын өзгертіпті. Бі­рінші данасы өзіне, екінші данасын Қабышевке, үшінші данасын Олжас Сүлейменовке, төртінші данасын Әнуар Әлімжановқа Ғаббас Қабышев өз қолымен апарып берген. Әнуар Әлімжанов әлі ақталмаған ақынның шығармалар жинағының өзіне тиесілі данасын: «мұрағаттан хабарың бар ғой» деп жазушы Амантай Сатаевқа беріпті.

Ал Олжас Сүлейменовке тие­сілі данасын Жазушылар одағының жертөлесінде көп кітаппен бірге ортада үйіліп жат­қан жерінен көтеріп алып, не жыларын, не күлерін біл­мей дал болған Ғабаңнан ақын Сабыр­хан Асанов қоярда-қоймай сұрап алыпты. Соған қарағанда, сырт көзге арыс­тандай айбатты көрінгенмен, «батырға да жан керектің» кебін киді ме, әлде тілді білместің... кері келді ме? Қалай болғанда да машинкамен терілген Мағжанның шығармаларын Олжас ақын бауы­рына баса қоймаған. Алаш азаматтары ақталған бойда Мағжан Жұмабаевтың жазған-сызғандары баспадан шығаруға сақадай сай дайын тұрған. Ол – баспа үшін үлкен олжа. Мағжан Жұ­мабаевтың шығармалар жинағын Әбділда Тәжібаевтың алғысөзімен басып шығарған «Жазушы» бас­пасы Зылиха апайдың:«Кітапқа құрастырушы Ғаббас Қабышев» деп басыңдар», деп қадап айтқан өтінішін ескермегені, әрине өкі­нішті. Ол жөнінде кітап шығып кеткеннен кейін Зылиха апай Ғаббас Қабышевке қысыла да қынжыла баяндапты.

Ал Мұрат Әуезовтің қатысына келе­тін болсақ, сол кезде Жазушы­лар одағының жанындағы Лит­фонд­ты басқарып отырған Ғаббас Қабышев мәшенкелету барысында қаржылай қиындық туғанда Мұрат Әуезовті шақырып алады да, Литфондтың жетім-жесір­лер­ге беретін қаржылай көмегіне өті­ніш жаздырып алып, өзі бұрыш­тама­сын қойып, ақысын Мұраттың кө­зін­ше мәшеңкелеп дайындаған кісіге қолма-қол береді. Егер Мұ­рат Әуе­зовті Мағжанның шығар­ма­­ларына араласты дейтін болса, ол тек осы ғана. Бұл да аз кө­мек емес. Бірақ бұл жерде «Жас тұл­пар­­­ды» кірістірудің еш қисыны жоқ.

4.Орынбордағы қазақ жас­­т­а­рының Орталық клубы Мағжанға «әдеби сот» жасағанда, С.Мұ­қа­новтың қоғамдық айыптаушы бол­ғаны рас. Бұл жерде Мұқановты айыптамас бұрын, Орынбордың Мәскеу алдындағы қауқарын ескеру керек. Мәскеу Орынбордың қас-қабағына қарады ма, әлде керісінше ме? Мағжанға байланысты дөрекі социологиялық сынның шоқпарын бірінші болып көтеріп, жастарға, оның ішінде
С.Мұқанов та бар, жол бастаған кім?

Әдебиетке кеше келген Сәбит Мұ­қанов па, жоқ Мәскеудегі Күн­шығыс халықтарының коммунистік университетіндегі қазақ-қырғыз студент жастары алдында Мағжан туралы арнайы баяндама жасаған Нәзір Төреқұлов па?! Сәбит Мұ­қановты кінәламастан бұрын, сол кездегі Сәбеңнің саяси сауатын да ескеру керек. Сәбит Мұқановқа же­ңілдік жасау мақсатында емес, ол – қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқының өсіп-өркендеу жолындағы ескермеуге болмайтын бір тарихи кезеңі. Оның үстіне ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы жазба сынның профессионалдыққа бет бұрғаны болмаса, «сүрініп, қабынып» тұрған кезі. Мұндай өсу жолынан еуропалық дамыған ел­дер де өткен. Бұл – табиғи құ­былыс. Мағжанға кім сын айтпады? «Ақырын сөйлеп, анық басу керек» екенін меңгерген Мұхтар Әуезовтің өзі, «Абайдан кейін Мағжанды сүйемін» деген ойын 1929 жылы сын мәдениеті өскен кезде айтты. Одан кейін Қазан төңкерісінің 40 жылдығына жасаған баяндамасында  Мағжанға қарата айтқан зілді сыны тарихи құжатта сайрап тұр. Саясатқа байлаулы қоғамға кім, қай кезде қарсы тұрыпты?

Желідегі жел сөздің «айқай­лаған» тақырыбы алғаш естіген аңғал елді елең еткізгенмен, әсіре­се «Мағжанды атқызып тастады», «Мағжанның ұсталуындағы Сәбит­тің рөлі үлкен», «Сәбит Мұқанов КГБ қызметкері» бол­ған дегенді ғылым­ның соңғы жаңа­лықтарынан хабардар адамның айтуы мүмкін емес. Алаш азамат­тары ақталған бойда «кім ұстат­ты, кім атты» деген сұрақтың бол­ғаны заңды құбылыс болатын. Ол сұраққа зерттеу объек­тісіне өте жауапкершілікпен қара­ған зерттеушілер жауапты сол кезде-ақ тапқан. ХХ ғасырда ғы­лыми атағын алған ғалым ХХІ ғасырда да әлі сол сұрақтың төңі­регінен ұзай алмаса, онда өзінен басқа ешкімді оқымайтын болып тұр ғой. Ең болмағанда өзіне қарата айтылған ескертулерге құ­лақ асса, өнбейтін тірлікке алдан­баған болар еді. Тұрсынбек Кәкі­шев мағжантанушының «Мағ­жан төсекте жатып, орыс кітап­тарынан аударып жазып жата­тын» деген сөзінің өзі-ақ Мағжан поэзиясындағы өрттей қаулаған өсекке дес бермей ме?! (Б.Қанарбаева. Жырымен жұртын оят­қан // Ана тіл. 1998, 87-б.) дегенін қалай түсінерін білмей, дал бол­ғанын айтқан. Себебі деректерді шатастырып беру машығы тағы да орын алған деп кейитін тұстары жиі кездеседі. «Тап осы арада Сә­бит поэзия туралы емес, көне грек, рим тарихтары жөнінде айтып отыр. Дұрысы: «Бұл сабақтардың қазақ­ша конспектілерін жазғанда мен Мағжанның хатшысы сияқты болып алдым: кешкі уақыттарда ол мені өз комнатасына шақырып алады да, диванға қисайып жатып, орысша кітаптағы тексті маған қазақша диктовать етеді. Мен оның айтқандарын араб әріптерімен жазып отырамын» (Мұқанов С.Таңдамалы шығар­малар. 10 том, 1976. ‒ 91-б.) деген­ді поэзия жаңа­лықтарын айту үшін пайдалану және оны Сәбең абыройына кірбің түсіру үшін келтіру қан­шалықты қажет еді?» деп көрсеткен Тұрсекең.

Біздің көзіміздің жеткені Бақыт­камал Қанарбаеваның «Дидар» газе­тіне берген сұхбатының Сәбит Мұ­қановқа қатысты фактілерінің тоқсан тоғыз пайызы қате. Оның себебі де белгілі. Ал оның өтірік-расын ажырата алмаған редакция позициясын түсіну қиын.

Сәбит Мұқановқа еш дерексіз жала жапқанның енді біреуі – Елдос Тоқтарбай. Елдостың ұзын-сонар атағына сенетін болсақ, дә­лел­ді құжатын «Жетісу» теле­арнасындағы сұхбатта көрсетуге мүмкіндігі болды. Бірақ Елдостың «мені» жауапкершілікті өзіне көп алғызады... Бұл баланы 2015 жыл­дан танимын. Әже бауырында мейіріміне шомылып өскен Елдостың сөздік қоры бай, ойын жүйе­лі жеткізеді. 2015 жылы Тұрсекеңмен танысудың өзін қалай ұйымдастырғанын Елдос ұмыта қоймаған болар... Сол жолы айы оңынан туар ма еді, «Түрмеде жазылған шығармаларды» зерттеп жүрмін деп, тың тақырыптың ұшын шығармағанда. Судыраған сөзге сене қоймайтын Тұрсекеңді Елдостың өзінен гөрі тақырыбы қызықтырғанын өзі де аңғарды ғой деп ойлаймын. Ал Сәбеңе байланысты таптым деген архив документін ең болмағанда көшірмесін көрсетуге не ай­қайлатып тұрып осы кезге дейін мақала тұрмақ, кі­тап жазатын уақыт өтті. Уәдесін бер­се де қашқақтап жүргеніне таңғала­мын. Қазіргі хат-хабарды техника тездетіп тұрған заманда өтірік болмаса қолындағы алақандай ғана қағаздың көшірмесін жібере салу сөз болып па? «Болам деген баланың белін буу керек» екенін білмейді емеспін, бірақ уәде – Құдайдың аты. Күні үшін күңейдің сөзін айту болашақтан үміті бар азаматқа жараса ма?

«Сәбит сатқын» деген қа­те пікір­ді ойланбастан айта сал­ғанның тағы біреуі – Нұрсила Ах­метбек. Бұл азаматтың ретсіз сөзін елемеуге де болар еді. Бірақ ақша жасау­дың қыр-сырын білу ХХ ғасырдың басындағы қазақ интел­лигенциясының қиуы қырық қат­пар азаматтық қарым-қатынасын біледі деген сөз емес... Ахметбек Нұр­силаның отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтынын бір қазақтай-ақ түсінетінінен не пайда? Үлкен аудитория алдында алыс-жақын шетелдегі мил­лиондаған қазақтар да көретін Ютуб желісінде биыл туғанына 120 жыл болған Сәбеңнің сақа­лына жармасса. Қазақтың этно­графиялық мәдениетін мөлдіретіп жазып берген Сәбит Мұқановты «Қалаулымға» қосақтап соғатын­дай қандай байланыс тапты? Жігіт ағасы болуға жарап қалған азаматтың анығын білмей айтуға болмайтын жайды адам қарасы көп жиналған жерде ретсіз айта салуына итермелеген ненің буы?

Сәбеңнің адалдығын мүйізі қара­ғайдай ғалымдар қанша дәлел­десе де, мемлекеттік теле­арналардың бірінде Сәбит Мұқа­новтың көзін көрген, драматург-жазушы Дулат Исабековтің өзі Мағжанның аты­лу үкімін ОГПУ Сәбит Мұқановпен ақыл­дасқандай, ше­шімді Сә­бең шы­ғарғандай сөз айтты. Сон­да клас­сик жазушы да жел сөз­дің жетегінде кеткені ме? Атала­рымыздың «үй өзімдікі деме, үй сыртында кісі бар» дегенін ескер­мейтініміз талай жерде опық жегізіп-ақ келеді. Сонда да соны ескере бермейтініміз өкінішті. Ол қателікті қолма-қол жөндей қоятын, не «жуып-шая» салатын журналистердің де әуселесі көрініп тұр...

Жазушы-драматург айт­қан фак­ті мен Сәбеңнің өмірбая­нын­дағы хро­нология тіпті де сәйкес келмей­ді. Қараңыз.

Мағжан 1937 жылы 25 нау­рызда Алматыға жетті. Сәуір-мамыр айларында Жазушылар одағын басқарып отырған Сәбең, Алматыға Мағжанның келуімен байланысты гу-гу әңгіме шыға бастағанда, еңбек демалысын алып, «Жұмбақ жалауды» жазуға Мәскеуге тартып отырады. Мау­сым­дағы әңгіме шілде айында мерзімді басылымдарға ауы­сып, Сәбеңнің соңына «шам» алып түсті. Сәкен мен Сәбит Мағ­жанға көмектесті, қаржылай қарас­ты деп. Содан сескенген Сәбең қыркүйекке дейін Мәскеуде бой тасалай тұрды.

1937 жылдың қыркүйек айы­ның жетісінде Алматыдағы ақын-жазушылардың қалалық жиналысы өтіп, Мәскеуден Сәбит Мұқа­новтың тез оралып, талқыға түсуін талап еткен қаулы алды. Осыдан кейін Сәбит Мұқановты Фрунзе аудандық партия комитетінің бюросы «Муканов, как активный член контрреволюционый националистической группировке, как пособник народа и как неразоружившийся буржуаз­ный националист» деп партия қатарынан шығарды. «Муканов был тесно связан с Сейфуллиным, Досмухамедовым Асылбековым, Айсариным, Вали­ах­метовым и Джумабаевым, ныне разо­бла­ченными врагами народа» деп­ Жазушылар одағының тө­р­­­­­а­ға­­лығынан да алды.

Сәбит Мұқанов Қазақстан Жазу­шылар одағын 1936-1937 және 1943-1951 жылдар аралы­ғында екі рет басқарған. Екінші рет басқарғанында Мағжан жоқ. Ал Сәбең бірінші рет басқарғанында Мағжанға көмек қолын созып үлгерді. Оның есесіне Сәбит Мұқанов өзінің жағдайын ауырлатып алды.

Мағжан Жұмабаев ұсталмай тұрып Сәбит Мұқановтың өзі қудаланды. Ал Мағжан Жұмабаев 1938 жылдың 30 желтоқсанында ұсталды. Ол кезде ОГПУ тұрмақ қарапайым қазақтың өзі астында тағы, қолында мөрі жоқ, қуғын­далып жүрген Сәбит Мұ­қановтан «Мағжанды не істейік?» деп ақыл сұрамақ түгіл, сәлем де бермейтін кезі. Осы даңғаза белгілі бір шағын топтың ғана жыртысын жыртқанмен, тарихи құжат бәрін өз орнына қояды.

Темірге телмірген ХХІ ғасыр­да Қазақтың қасиетті құнды­лықтарын арзан әзілге, қасаң қалжыңға жығып беріп биязы мінезімізді беттен алып, төске өрлейтін дарақылыққа ауыстырып алдық. Ең өкініштісі, ата салттан аттап, аруақтардың рухымен жөнсіз алысудамыз. Кез келген ұлттың айбыны мен айбары ‒ Ұлығы мен Ұлысы емес пе?! Сәбит Мұқановтың рухынан кешірім сұрайтын күн әлдеқашан келген. Қазақтың тарихын әрбіріміз Сәбеңдей білсек, қазақтың шежіресін Сәбеңдей зерделесек, пейіліміз Сәбеңнің көңіліндей кең болса, жүрегіміз Сәбеңнің жүрегіндей ақ болса, Қазақты іштен дау, сырттан жау алмас еді! Биыл 120 жасқа келген Сәбеңнің қазақ елінде еңсесі биік, жүзі жарқын саналы да, салиқалы жастар көп болғай!

 

Күләш АХМЕТОВА,

филология ғылымдарының докторы

"Егемен Қазақстан" газеті

 

Пікірлер