Алматы облысында карантиннің жеңілдетілген шаралары енгізіледі

2453
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында Қазақстан Респбуликасы Президентінің 2020 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды ұзарту және жеңілдетілген карантиндік шараларды енгізу туралы мәлімдемесіне сәйкес кезең-кезеңімен жеңілдетілген карантин шаралары енгізіледі. Осыған байланысты облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов тиісті қаулы қабылдады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қаулыда айтылғандай, карантиндік шараларды жеңілдету аясында сағат 05.00-20.00 аралығында растайтын құжаттары бар болған жағдайда бау-бақшаға, саяжайларға баратын азаматтарға, қоғамдық және жеке көліктерге салынған тыйым алынып тасталады. Дегенмен бағбандарға (бақша егушілерге) учаскелерде (саяжайларда) қонақ шақырып шара өткізуге тыйым салынады, олар 2 метрлік ара қашықтықты сақтап, медициналық маскалар тағып, антисептиктер пайдалануды жалғастыруы тиіс.

Азаматтарға аула ішіндегі аумақтар мен балалар алаңдарында сағат 09.00 мен 20.00 аралығында серуендеуге рұқсат етіледі. Облыс тұрғындары бір-бірімен қол алыспауы тиіс, адамдар арасындағы 2 метрлік қашықтықты сақтап, медициналық маскалар тағып, антисептиктер пайдалана беруі керек.

Атап өтерлігі, COVID-19 инфекциясының тіркелуіне байланысты карантиннің күшейтілген режимі енгізілген елді мекендер мен нысандар аумағында қозғалысқа салынған тыйым сақталады.

Жаңа қаулыға сәйкес автожуу, техникалық қызмет көрсету станциялары, дөңгелек жөндеу қызметі сағат 10.00-ден 20.00 аралығында өз жұмыстарын жалғастыра алады.

Сол сияқты таңертеңгі 09.00-ден кешкі 16.00 аралығында химиялық тазарту, кір жуу орындары да жұмыстарына кіріседі.

Заңдық қызмет көрсететін субъектілер (адвокаттар, сот орындаушылар және т.б.), сондай-ақ нотариустар тапсырыстар бойынша сағат 10.00-нан 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Автобөлшектер сататын, құрылыс материалдарын саудалайтын жеке тұрған дүкендер де сағат 09.00 мен 18.00 аралығында ашық болады.

Екінші деңгейлі банктер мен оларға қарасты ақша айырбастау пункттері, несиелік серіктестіктер, микроқаржылық ұйымдар қалыпты режимде жұмыстарын жалғастырады.

Бау-бақша серіктестіктеріне, саяжайларға баратын қоғамдық көліктер сағат 05.00-ден 20.00-ге дейін жүретін болады.

Күзет қызметі ұйымдары, жолдар мен көпірлерді күтіп-сақтайтын, соның ішінде темір жолдарда қызмет көрсететін нысандар да жұмысқа кіріседі.

Бұл ретте карантин кезінде жұмыс істейтін нысандар санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер