Қазақ, "қазақ" болған күн

3346
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - 19 сәуір. Қазақтың «қазақ» деген атауын қайтарып алған күні. Мұны бүгінгі жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Айта отырайық. Патшалық Ресей Қазақстанды өзіне күштеп қосып алған соң, қазақты қорлап «қырғыз-қайсақ», немесе «қырғыз» деп атағаны белгілі.

Ресей патшалық үкіметінің барлық жазбаларында, құжаттарында осылай жазылды. Кем дегенде екі жүз жыл қазақты осылай қорлады. Патшалық Ресей тұрмақ Совет өкіметінің алғашқы кезеңінде де осылай болды. 1920 жылы 16 маусымда РКФСР құрамында құрылған автономиялы қазақ республикасы Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы деп аталды. Қазақтың қазақ деген өз аты тұрғанда, өзге ұлттың атымен атау, нағыз қорлау, басынғандық еді. Қазақ деген халықты тарих бетінен сызып тастауға жасалған зымиян саясаттың басы еді. Бірақ алаш баласының бақытына орай, олай болмады. «Халқым», «ұлтым» деген сол кездегі арда азаматтар оған жол бермеді. Міржақып Дулатов бастаған алашшыл азаматтар бас көтерді. Наразылық білдірді. Мұны сол кезде халық комиссарлар советінің төрағасы болып тұрған Сәкен Сейфуллин қолдады. Сол Сәкен 1923 жылы 15 ақпанда «Еңбекшіл қазақ» газетіне «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазды. Алаш ұлдарының наразылығы ескерілді ме, 1925 жылы сәуірде Ақмешіт (Қызылорда) шаһарында өткен советтердің 5 сиезінде бұл қателік түзелді. Яғни 19 сәуір күні «қырғыз» деген атау алынып тасталып, «қазақ» деп түзетілді. Екі жүз жыл «қырғыз» деп аталып келген қазақ осылайша киелі атын қайтарып алды. Бұл алаш ұлдарының жеңісі еді. 19 сәуірдің бүгінгі жұрт біле бермейтін қыр-сыры осы. Біле жүрейік. Бұл біздің өткеніміз, тарихымыз.

Азаматхан ӘМІРТАЙ,

Байтақ болашақ» экологиялық альянстың төрағасы

Пікірлер