Коронавирус жасанды жолмен пайда болды ма: Қытай жауап берді

3375
Adyrna.kz Telegram

Қытайдың сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзянь коронавирус Ухандағы зертханада жасанды жолмен пайда болды деген ақпаратты теріске шығарды. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап, centralasian.org жазды.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері коронавирустың зертханада жасалғаны бойынша ешқандай дәлел жоқтығын бірнеше рет айтты. Сарапшылар да вирус жасанды жолмен пайда болды деген болжамға негіз таппады»,- деді Лицзянь.

Осыған дейін америкалық Fox News телеканалы анонимді бұлақтарына сүйеніп, коронавирусты алғашқы болып жұқтырған адам Қытайдың Ухань қаласындағы зертханада жұмыс істеген деген мәлімет таратты. Телеканалдың репортажында коронавирус биологиялық қару болмағанын, бірақ Қытай вирустарды анықтау және оларға қарсы күресте АҚШ-тың алдына шығуға әрекет еткен деп айтылады.

16 сәуірде CNN телеканалы осыған байланысты Америка вирус зертханада жасалған деген болжам бойынша зерттеу бастағанын хабарлаған.

Осыған дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео вирустың Уханнан шыққанын, қаладағы теңіз жәндіктері сатылатын базардан бірнеше шақырым жерде Вирусология институты бар екені ғана белгілі екенін айтқан.

Қытай басылымдары коронавирусты алғаш Ухандағы базарда теңіз жәндіктерін сатқан әйел жұқтырып алғанын мәлімдеп келеді.

Ақпан айында Nature ғылыми журналына коронавирустың геномында зертханада жасанды жолмен өсірілетін белгілері табылғаны туралы мақала жариялаған.

Пікірлер