Қытай Украинаға дрон сатуды тоқтатып, Ресейге жеткізуде – Зеленский

2723
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/11cf41f0-89e6-40d5-9210-290451858147-960x500.jpeg?token=ab722161ae5b2b56f03ccfb3f2643b5c

Украина президенті Владимир Зеленский Қытайдың Киевке және басқа да еуропалық елдерге дрон сатуды тоқтатқанын, бірақ Ресейге жеткізуді жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі 29 мамыр күні жариялаған материалда жазған, деп хабарлайды “Адырна”.

Зеленский бұл мәлімдемесін екі күн бұрын журналистер алдында сөйлеген кезде айтқан.

"Қытайлық Mavic (аэрофототүсірілімге арналған танымал азаматтық дрон, жарылғыш заттарды тасымалдауға бейімдеуге болады) — ресейліктер үшін ашық, украиндер үшін жабық", — деді Зеленский.

Сондай-ақ, ол Ресей аумағында қытайлық өкілдері бар өндірістік желілердің жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

Bloomberg агенттігі сілтеме жасаған аты-жөнін атамаған бір еуропалық шенеуніктің айтуынша, Зеленскийдің сөзі Еуроодақтың өз бағаларымен де сәйкес келеді. Оның айтуынша, Қытай дрон қозғалтқыштарында қолданылатын магниттер сияқты кейбір маңызды компоненттерді Батыс елдеріне сатуды азайтқанымен, Ресейге жеткізуді арттырған.

Өз кезегінде Бейжің билігі кез келген соғысушы тарапқа қару жеткізуді жоққа шығарып, әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін қосарлы мақсаттағы тауарлардың экспортын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдедң. Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесін Bloomberg келтіреді: "Украина мәселесі бойынша Қытайдың ұстанымы тұрақты және айқын: біз соғысты тоқтатуға және бейбіт келіссөздерді қолдауға бейілміз”.

2024 жылдың жазында Қытай билігі әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін барлық азаматтық дрондарды экспорттауға тыйым салған болатын. Ал сол жылдың желтоқсанында Bloomberg Қытайдың АҚШ пен Еуропаға дрондардың негізгі компоненттерін сатуға шектеу қойғанын хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, осыған қарамастан, Ресей мен Қытай компаниялары Ирандық Shahed дрондарына ұқсас соққы жасаушы ұшқышсыз аппаратты бірлесе жасап шығаруға кіріскен.

2025 жылдың сәуірінде Reuters агенттігі АҚШ барлау деректерінен хабары бар екі америкалық шенеунік пен Батыстың бұрынғы барлау қызметкеріне сілтеме жасап, Украинаға қарсы соғыста Ресей жағында 100-ден 200-ге дейін қытайлық жалдамалы жауынгерлер соғысып жатқанын хабарлады. Алайда бұл жауынгерлердің Қытай үкіметімен тікелей байланысы жоқ, әскери дайындықтары да шамалы, сондықтан Ресей армиясының әскери операцияларына айтарлықтай әсер етіп жатқан жоқ, деп нақтылады агенттік.

Reuters дерегінше, Ресейдің алдыңғы шебінен тыс аумақтарда Қытай әскери офицерлері Пекиннің келісімімен жүр және шайқастардан тактикалық сабақ алуда. Агенттікке сұхбат берген тұлға: "Олар ол жерде нақты келісіммен жүр", — деп атап өткен.

Пікірлер