Жас спортшының өлімі. Күдікті ретінде оның сыныптасы қамауға алынды

409
Adyrna.kz Telegram

Алматының Шұғыла ауданында қазақстандық тай боксынан әлем чемпионы Әли Серік пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа марқұмның сыныптасы күдікті ретінде қамауға алынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Марқұмның жақындары бұл оқиғаға тергеудің әділ жүргізіліп, кінәліге қатаң жаза тағайындалуын талап етіп отыр.

Марқұмның анасы Ақмарал Табысбекқызының айтуынша, күдікті Әлимен бірге 11 жыл бір сыныпта оқыған және олардың арасында ешқандай дұшпандық байқалмаған.

“Ол Әлимен бірге ауызашарға қатысып, отбасымызға көмектесіп жүрген бала еді. Бірақ сол күні жанжал шығып, жүрек тұсынан төрт рет пышақтап, мойнынан жарақат салды. Қолында екі пышағы болған”, – деді анасы.

Марқұмның бапкері Рамис Ғабитов Әлидің әлем чемпионы атанған ең жас спортшы болғанын атап өтті.

“Біз одан үлкен үміт күттік. Ол жастарға үлгі болатын. Келер жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысуы керек еді. Әли сол доданы жеңіп, Азия чемпионатында өнер көрсетуді және кәсіби спортқа өтуді жоспарлаған еді,” – деді бапкер.

Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәлімдеуінше, күдікті “арадағы жанжал салдарынан пышақ жарақатын салдым” деп түсініктеме берген.

“Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, ол қамауға алынды. Қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр,” – деді Салтанат Әзірбек.

Жантүршігерлік жағдайға куә болғандардың айтуынша, Әли пышақ жарақатынан кейін қансырап, жақын маңдағы орынға құлаған.

“Екі жігіт қашты, ал бір жігіт артынан қуды. Әли тірі жатқан, бірақ көз алдымда жан тапсырды,” – деді куәгер Серік Рақышев.

Қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. Жақындары мен қоғам өкілдері тергеудің әділ жүргізілуін талап етуде. Марқұмның отбасы бұл қайғылы оқиғаға кінәлі адамның әділ жазалануын сұрайды.

Пікірлер