Қазақ поэзиясының сандуғашы

306
Adyrna.kz Telegram

Бүгін қазақтың ақын қызы, поэзия падишасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың дүниеге келген күні.

Биыл ақынның туғанына 85 жыл толып отыр. Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысы, Исатай ауданы, Манаш ауылында дүниеге келген.

Алғашқы өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1958-ші жылы басылған. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Сандуғаш» 1966-шы жылы жарық көрген. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары, «Үйім менің – Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамаларының авторы.

Фариза Оңғарсынова Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркінқала, «Октябрьдің 40 жылдығы» қазақ орта мектептерінде мұғалім болып жұмыс істеген. Кейіннен Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер міндетін атқарған. Сонымен қатар,  қазіргі «Жас алаш» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі болып еңбек еткен.

1970–1978-ші жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») журналының бас редакторы, 1978–2000 жылдары «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы қызметтерін атқарса, 1996 жылдан бастап 2004-ші жылға дейін ҚР мәжілісінің І және ІІ шақырылымдарының депутаты болды.

2014-ші жылдың 23-ші қаңтар күні Астана қаласында ұзақ сырқаты себеп болып,  дүниеден өтті.

 

Пікірлер