ЕРБОЛАТ МҰХАМЕДЖАН: «Африкалық аборигендер» сөзі кей халықты төмендету ретінде қабылдануы ықтимал

356
Adyrna.kz Telegram

Жаңбыршинның мәлімдемесінен кәсібилікті жиі сақтамайтыны байқалады.

Мәжіліс депутаты «біз африкалық аборигендер емеспіз» деген мәлімдемесі қоғамда үлкен резонанс тудырып, халықтың назарын тек осыған аударды. Ал, әуе саласындағы негізгі мәселелер назардан тыс қалды. Қателеспесем бұл бірінші рет емес: бұған дейін де Жаңбыршин экологиялық мәселелер бойынша белгілі эколог Мэлс Елеусізовке қатты сөйлеп, қоғам назарын өзіне аударған еді. Бұл сөздің өзі дау тудырып, риториканың шекарасын сақтау керектігін көрсетті. Мұндай риторика қаншалықты орынды және кәсіби?

Менің ойымша этика мен кәсібилікке сын. Депутат халықтың өкілі ретінде әр сөзін ойланып айтуы тиіс. Алайда соңғы пікірлері бұл тұрғыда сұрақ тудырады.

Ал, «Біз африкалық аборигендер емеспіз» деген сөз Қазақстанның халықаралық беделіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл сөз кейбір халықтарды төмендету ретінде қабылдануы ықтимал. Сондай-ақ, Елеусізовпен болған жағдай депутаттың этикалық нормаларды сақтамағанын айғақтайды.

Менің ойымша, депутаттың басты міндеті – халықты тыңдап, конструктивті диалог жүргізу. Эмоцияға беріліп, қарсыласты кемсітетін сөз айту, мейлі ол басқа депутат болсын, мейлі қоғам қайраткері болсын, кәсібиліктің жетіспеуін көрсетеді.

Парламентте пікірталас мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Ұлыбритания немесе Жапония секілді дамыған елдердің тәжірибесінде депутаттар эмоциясын бақылап, сөздерінің салдарын ескеріп отырады. Қазақстан депутаттарына да риторика мен этика ережелерін сақтау арқылы саяси мәдениетті дамыту қажет.

Парламенттік жұмыс фактілерге негізделген, дәлелді және конструктивті пікірталастарды талап етеді. Ашуға берілген депутаттың сөзі кейде мәселенің маңызын төмендетіп жіберуі мүмкін. Жоғарыда жазғанымдай, халықтың арасында тек депутаттың Фостерге “күлмеңіз, африкалық аборигендер емеспіз” дегені талқылануда. Негізгі мәселелер осындай эмоциядан кейін тыс қалды.

Депутаттар қоғамдық мәлімдеме жасағанда абай болуы тиіс. Халықаралық және ішкі аудитория алдында құрмет пен бейтараптықты сақтау – кәсіби саясаткердің маңызды қасиеті деп есептеймін.

Erbolat Muhamedjan

 

 

Пікірлер