Еуропалық Одақ Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясына байланысты 15 санкциялар пакетін қабылдады. Бұл туралы бүгін, 16 желтоқсанда ЕО кеңесінің ресми сайты жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Санкциялар пакеті Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін әлсіретуге арналған. Одан бөлек, ол ЕО санкцияларын айналып өтуге ықпал ететін қытайлық компанияларға қарсы шараларды күшейтуді көздейді»,— делінген хабарламада.
Жаңа санкциялар тізіміне 54 жеке тұлға мен 30 компания кірді. Санкцияларға іліккендер ішінде Ресей, Үндістан, Иран, Сербия, БАӘ және Солтүстік Корея өкілдері бар. Заңды тұлғалар қатарына алғаш рет ұшқышсыз ұшу аппараттары мен микроэлектрондық компоненттерді тасымалдаушы қытайлық компаниялар да еніп отыр.
Бұған дейін Ұлыбритания Ресей әскери-өнеркәсіптік кешеніне қарсы жаңа санкциялар енгізілгенін жариялаған еді.