Қазақстанда 2024 жылы қандай саяси және басқа елеулі оқиғалар болды? Сарапшылар жауап береді

5760
Adyrna.kz Telegram
Фото: https://yvision.kz
Фото: https://yvision.kz

Өтіп бара жатқан 2024 жыл бірқатар қоғамдық, саяси, экономикалық маңызды оқиғаларымен есте қалды – бұл жаңалықтардың қандай да бір деңгейде елдің әрбір азаматына әсер еткені сөзсіз. Олардың қатарында соңғы 80 жылдағы ең ауқымды су тасқыны, соған байланысты еріктілер қозғалысының жандануы, Париж олимпиадасындағы жетістіктер, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және тағы басқалар бар.

Жыл қорытындысын шығару үшін "Еуразиялық мониторинг" аналитикалық зерттеу орталығы сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, биыл Қазақстанның дамуына әсер еткен аса маңызды жетістіктерді, оқиғалар мен бастамаларды атап көрсетті. Біз осы зерттеудің негізгі қорытындыларына тоқталамыз.

Саясатта не маңызды болды?

Сарапшыларға жолданған алғашқы сұрақ - жылдың ең маңызды саяси оқиғасы қандай? Жауаптардың негізгі бағыты халықаралық саясат төңірегінде болды. Осылайша, респонденттердің басым бөлігі, атап айтқанда 59,3% - ы жауап ретінде Қазақстанның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуін, тағы 15,7% – ы Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етуін, 13% – ы Арал теңізін құтқарудағы еліміздің үлесін және тағы 11,2% - ы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты ұйымдастыруды атап өтті.

Бұл соңғы жылдардағы жалпы саяси үрдісті көрсетеді. Қазақстан өзінің ұлттық мүдделерін қорғай отырып, сонымен қатар маңызды геосаяси ойыншы ретіндегі ұстанымын барынша бекіткен, проактивті сыртқы саясат жүргізіп отырған мемлекет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "орта державалар" деп аталатын – БҰҰ тоқыраған жағдайда жаһандық деңгейде диалог құру функциясын атқара алатын елдер тұжырымдамасын ұсынды. Қазақстан «орташа держава» болуға әбден лайық, өйткені өз өңірінде мықты экономикалық ұстанымға ие, көпвекторлы сыртқы саясат жүргізеді және сөйте тұра әлемде үстемдік құруға ұмтылмайды.

Осыған байланысты ШЫҰ-ға, Еуразияның ірі экономикалық және саяси ойыншылары қатысатын ұйымдарға, сондай-ақ ТМҰ-ға төрағалық етуі елге өзінің халықаралық позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Келесі мәселе 2024 жылы қоғамға орасан әсер еткен реформа немесе заң жобасы болды. Мұндағы сарапшылардың жауаптары келесідей: 38,7% лудоманияға қарсы түзетулер, 25,7% – отбасылық-тұрмыстық зорлық–зомбылыққа қарсы заң, 22,6% – экономиканы ырықтандыру туралы жарлық, тағы 12,5% - қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және несие қаупін азайту.

Ұсынылған жауаптардың әрқайсысы ондаған жылдар бойы жинақталған мәселелердің нақты заңнамалық шешімін көрсетеді. Лудомания да, тұрмыстық зорлық-зомбылық та Қазақстан қоғамы үшін нағыз сын-тегеурін болды, бірақ қазіргі заңдар арқылы шешімін табуда. Бұл заңдарды қабылдау - әділ қоғам құру жолындағы алғашқы қадам болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ырықтандыру туралы Жарлығына келетін болсақ, ол сыртқы жағдайларға тәуелді емес, тіпті  сыртқы дағдарыс үдеген кезде де тұрақты дамуға қабілетті экономика жасауға жол ашады.

Қаржы секторы

Сарапшыларға бағытталған мәселелердің екінші бөлігі қаржы және экономика салаларына қатысты болды – оларға 2024 жылғы үздіктер деп атауға болатын инвестициялық компаниялар мен екінші деңгейлі банктерді белгілеу тапсырылды. Үздіктер қатарына Halyk Bank, Kaspi Bank, Freedom Finance (және жалпы Freedom тобы) және Центркредит банкі кіріп, алғашқысы басқаларынан оқ бойы озық шықты.

Осы аталған қаржы ұйымдарының әрқайсысы бұрынғы көрсеткіштерін сақтай алды, дегенмен сарапшылар Halyk Bank көшбасшылығын оның әмбебаптығымен және үздіксіз трансформациямен байланыстырды. Бұл екінші деңгейлі банк тек жеке клиенттерге немесе бизнеске деп бөлместен сапалы қызмет көрсетуді жалғастырады, әр клиент тобы үшін арнайы ұсыныстар жасайды, үнемі жаңа қызметтер енгізіп, банктің мобильді қосымшасында қызметтер экожүйесін құрады.

Негізгі жетістіктер мен оқиғалар

Мәселелердің үшінші блогы Қазақстанның маңызды жетістіктері болды. Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың көпшілігі (46,2%) Елдос Сметов пен Нариман Құрбановтың Париждегі Олимпиада ойындарында көрсеткен өнерін "Жыл жеңісі" ретінде атап өтті. Тағы 28,2% – ы өткен жылы Эверестке көтерілген Анар Бурашеваның, 12,5% – ы Антарктида суларын жүзіп өткен алғашқы қазақ қызы Анель Сытдыкованың және тағы 12,1% - ы жыл бойы әлемдік біріншіліктердегі қазақстандық шахматшылардың жеңісінен шабыттанғанын айтты.

Келесі сұрақ жыл серпілісі тақырыбы болды. Ғылым, технология және экономикадағы жетістіктер прогрестің символына айналды. Мұнда сарапшылардың көпшілігі (80% - дан астамы) еліміздегі клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінен сәтті өткен қатерлі ісікке қарсы препаратты атап өтті. Сондай-ақ, онкопациенттерге арналған ЭКҰ технологиясының енгізілуі, мұндай пациенттердің стресске төзімділігін арттыратын өсімдік генінің анықталуы және ЖИ көмегімен антиденелерді жылдам генерациялау технологиясы – жыл серпілісі деп атауға тұрарлық дүниелер.

Олардың әрқайсысы Қазақстанда ғылым бар екенін және оның дамып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі заманауи технологиялар көшіне ілескенін растайды. 

Әлеуметтік бастамалар туралы

Зерттеудегі жеке блок қоғамдағы өзгерістерге арналды. Мысалы, Қазақстанда меценаттық дәстүр қалыптасқан, ірі кәсіпкерлер өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу үшін қаражат бөледі. Сұрақ: "2024 жылы қоғамның дамуына және қайырымдылыққа кім көп үлес қосты?”

Сарапшылар осы бөлім бойынша "Жыл меценаты" ретінде Тимур Құлыбаевты атап өтті, ол су тасқынының салдарымен күрес аясында мұқтаж жандарға 1400 үй мен пәтер салу үшін 38,3 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлді. Бұл бағалау тарихи нәтижелерге де негізделген деп болжауға болады, өйткені кәсіпкердің "Халық" қайырымдылық қоры азаматтарға көптен бері белсенді түрде көмектесіп келеді: Арыс қаласында оқ-дәрілердің жарылуынан туындаған төтенше оқиға кезінде, коронавирус пандемиясы кезінде, басқа да осыған ұқсас жағдайларда қоғамнан алшақ қалмай, қол ұшын созды. 

Сондай-ақ, сарапшылар меценаттар қатарында - Қызылорда әуежайының жаңа терминалының құрылысына көмектескен Болат Өтемұратовтың, ауыл оқушыларының білім алуын қолдайтын Айдын Рахымбаевтың және STEM-білім беру және жас ғалымдардың тағылымдамадан өту гранттарын қаржыландыратын Ғалымжан Есеновтың есімдерін атады.

Су тасқыны кезінде меценаттық, қайырымдылық тақырыбымен бірге бірлік пен патриотизмнің үлгісіне айналған әлеуметтік бастамалар алға шықты. Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың шамамен 60% - ы көктемгі су тасқыны кезіндегі еріктілер мен зардап шеккендерге тасқыннан кейін көмек көрсетушілердің еңбегін атап өтті. Тағы 19,4% – қалалар мен ауылдардың қоғамдық кеңістігінде тәртіп орнатуды көздейтін "Таза Қазақстан" акциясын, 10,6% – ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін арттырушы "Шекарасыз Мәдениет" бастамасын және 8,4% - "Балалар кітапханасы" бағдарламасын атап өтті.

Мәдениет пен спорттағы трендтер

Қоғам өмірінің маңызды бөлігі ретінде сарапшылар мәдениетті, оның әртүрлі бағыттарын атап өтті. 

Ең көп қоғамдық қызығушылық тудырған жыл фильмі мен телехикаясы туралы сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 47,1% – ы "Дәстүр", 23,7% - ы "Шекер. Соңғы мүмкіндік" және 10,5% - "Үкім" картиналарын атап өтті. Басқа да маңызды жобалардың қатарында "Анель", "Оян, қазақ" және басқа да ленталар аталды. Олардың әрқайсысы мәдени ғана емес, сонымен бірге қоғамдық өмірге әсер етіп, қызу пікірталас тудырды.

Музыка саласына келетін болсақ, Ирина Кайратовна тобының "Айдахар" (56,3%), әнші Адамның – «Жүрек» (19,1%), Ирина Кайратовна, Kairat Nurtas, Jamal & Ganja қосылып шырқаған – "Tun" (13,3%) және Ghetto Dogs-тың "Tateler" (9,8%) атты композициялары «Жыл әні» деп аталды.

Жыл кітабы ретінде сарапшылар Виктор Елисеевтің "90-жылдардың балалары" (39,1%), Александр Левиннің "Жако" (19,8%) романын, Қайрат Қожамжаровтың "Өлтіруші кім" (19%) және Юрий Серебрянскийдің "Алтыншаш" кітабын 12,6% дауыспен атап өтті.

Спорт саласындағы жетістіктер 

Жыл спортшысы ретінде сарапшылар Олимпиада чемпионы Елдос Сметовті таңдады, ол 60,9% дауыс жинады. Одан кейінгі орында - гимнастикадан Қазақстанның бірінші Олимпиада жүлдегері Нариман Құрбанов, сондай-ақ биылғы Паралимпиада чемпиондары Дэвид Дегтярев пен Ақмарал Науатбек тұр. 

Бұқаралық іс-шаралардың арасынан күзде Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үздік деп танылды. Оның елдің имиджі үшін маңыздылығын сауалнамаға қатысқан сарапшылардың төрттен үш бөлігі атап өтті. Сондай-ақ, "be Woman" форумы, Ұлттық құрылтай және Astana Indoor Meeting 2024 жылы үлкен қоғамдық пікір тудырды.

Өткен жылы қандай тұжырымдар жасалды?

Блоктардың  бірі "қандай оқиға біздің өмірге деген көзқарасымызды өзгертті?" деген сұраққа жауап іздеді. Мұнда респонденттер әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырған барлық негізгі тақырыптарды атап өтті. Біріншісі - Талғардағы кісі өліміне байланысты "Шерзат ісі". Бұл іс барысында, естеріңізге сала кетейік, бірқатар шенеуніктер отставкаға кетті, құқық қорғау органдарында реформа жасалды, жалпы бұл іс Қазақстанда әділетті қоғам құрылысын нығайтуға ықпал етті.

Басқа да маңызды оқиғалардың қатарында Youtube платформасында сот отырыстарын трансляциялау тәжірибесінің қолға алынуы болды, оның біріншісі - Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі. Сот жүйесінің ашықтығын арттыру арқылы мыңдаған азаматтар процесс барысын бақылай алды. 

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінген қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат ісі "Жылдың елді түңілдірген жағдайы" деп аталды. Туындаған жағдай қайырымдылық саласын қалай реттеуге және оны ашық етуге болады, қорлар ұйымдастырушыларды байыту үшін емес, мұқтаждардың мүддесіне жұмыс істеуі үшін қайтпек керек деген сұрақ туындады. Бұл мәселе бойынша сарапшылардың 70% - ы өз дауыстарын берді.

Тағы бір көңіл қалдырған оқиға - Станислав Черчесовтың Қазақстан футбол құрамасын жаттықтыруы болды, команда барлық матчтарда жеңіліп, бірде-бір гол соға алмады.

Жылдың басты "Мәдени тренді" ретінде киім мен аксессуарлардағы этникалық элементтердің қайта сәнге енуі анықталды. Сол сияқты сарапшылар қазақ мейрамханаларының танымалдылығының артқанын және қазақтың аспаздық дәстүрлеріне негізделген жаңа тағамдардың жасалғанын, кинотеатрлардағы қазақстандық фильмдердің кассалық жиындар бойынша жетістіктерін және әлеуметтік желілер мен блогтардағы қазақ тіліндегі контенттің үлесінің артқанын атап өтті. Бұл қазақстандықтардың мәдениет саласындағы жетістіктерін және ұлттық бірегейлікті нығайтуын тағы да растады.

Жыл адамы - Тоқаев

Сарапшылар үшін соңғы мәселе "Жыл адамы 2024" таңдауы болды және бұл ретте бірауыздан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таңдалды.

2024 жылы президент Тоқаев елдің дамуында және оның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуда шешуші рөл атқарды.

Сарапшылар оның халықаралық процестерге ықпал ете алатын "орта держава" ретіндегі Қазақстан тұжырымдамасын табысты ілгерілетуін атап көрсетті. Қазақстанның ШЫҰ мен ТМҰ-ға төрағалық етуі Тоқаевтың көпвекторлы саясатының тиімділігін көрсетіп, ірі әлемдік және өңірлік ойыншылармен ынтымақтастықты нығайтты.

Басты жетістіктердің бірі энергетикаға инвестициялар тарту және инфрақұрылымды жаңғырту болды, бұл экономиканы нығайтты. Тоқаев әлеуметтік ортаны жақсартуға бағытталған заңдар қабылдауға бастамашы болды.

Осы жылдың көктемінде су тасқыны кезінде Тоқаев дағдарыстың салдарымен күресу үшін халықтың, Forbes тізіміндегі ірі кәсіпкерлердің және мемлекеттік құрылымдардың күш-жігерін біріктіре отырып, тиімді көшбасшылық танытты. Бұл қадам оның қиын сәттерде ұлтты шоғырландыру және қазақстандықтарға қолдау көрсету қабілетін дәлелдеді.

Тоқаевтың сыртқы саясаты Қазақстанның сенімді және прагматикалық әріптес ретіндегі беделін нығайта отырып, Ресеймен, Қытаймен, Еуропа және Таяу Шығыс көшбасшыларымен байланысты нығайтуға ықпал етті.

Сарапшылар Тоқаевтың биылғы іс-әрекеті стратегиялық көзқарас пен елдің орнықты дамуына ұмтылысты көрсеткенін атап өтті.

 

Пікірлер