Францияда 3 ай бұрын сайланған премьер-министрдің отставкаға кетуін талап етті

813
Adyrna.kz Telegram
Фото: ВВС
Фото: ВВС

Франция ұлттық жиынының депутаттары премьер-министр Мишель Барньенің үкіметіне сенімсіздік білдірді. Бұл шешім көпшілік дауыспен қабылданды, нәтижесінде министрлер кабинеті отставкаға кетуге міндетті болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Премьер-министр қызметінен кетуі үшін ұсынысты 331 депутат қолдады. Мишель Барнье Франция тарихындағы ең қысқа мерзімде қызмет еткен премьер-министр ретінде тіркелді. Ол бұл лауазымға бар болғаны 90 күн бұрын тағайындалған еді. Енді Барнье мен оның кабинеті жаңа премьер-министрді тағайындағанға дейін уақытша міндеттерін атқаруды жалғастырады.

Франция Конституциясы бойынша, бір жылда екі рет сайлау ұйымдастыруға болмайды. Сондықтан президент Эммануэль Макрон үкімет дағдарысын шешу үшін 5 желтоқсанда халыққа үндеу жасайды деп күтілуде.

Барньенің отставкаға кетуіне алып келген басты себептердің бірі – әлеуметтік сақтандыру бюджеті туралы заң жобасын парламент арқылы өткізу әрекеті болды. Бұл қадам парламенттегі оппозициялық күштердің наразылығын тудырды. Ультраоңшыл "Ұлттық бірлестік" партиясының көшбасшысы Марин Ле Пен мен солшыл "Қайсар Франция" партиясының жетекшісі Жан-Люк Меланшон сенімсіздік вотумын қолдайтындарын мәлімдеді.

4 желтоқсан күні парламентте болған пікірталаста Марин Ле Пен премьер-министрді сынға алып, оның бюджет жобасын "елдің экономикалық тұрақтылығына қауіп төндіру" деп атады. Ол партиясының радикалды солшыл күштермен бірге әрекет етуге мәжбүр болғанын атап өтті.

"Бұл жағдай бізді радикалды солшылдармен бірігіп, дауыс беруге итермеледі. Біз мұны тек бюджетті тоқтату үшін амал ретінде пайдаландық," – деп түсіндірді Ле Пен.

Премьер-министр Мишель Барнье француз БАҚ-тарына берген сұхбатында бюджет бойынша оппозициялық партиялармен келіссөздер жүргізуге дайын екенін және өз орнында қалуға үмітті екенін айтқан еді. Алайда, ұлттық жиынның дауыс беруі оның саяси тағдырын анықтап берді.

Пікірлер