Ресей Талибанды террористік ұйымдар тізімінен шығармақ

979
Adyrna.kz Telegram

Ресей және бірқатар басқа елдер "Талибанды" Ауғанстандағы шынайы билік ретінде мойындайды. Ресей Мемлекеттік Думаның депутаттары Талибанды террористік ұйымдардың тізіміне қосу елдер арасындағы байланысты дамытуға кедергі келтіреді деп санайды. Олар террористік ұйымдардың, соның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдардың қызметіне тыйым салуды сот шешімімен тоқтатуға мүмкіндік беретін заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Инсайдер" басылымына сілтеме жасап.

Заң жобасында мұндай шешім қабылдау үшін "ұйымның террористік насихат, қолдау немесе қылмыстық әрекеттерден бас тартқаны туралы нақты деректердің болуы" қажет деп көрсетілген. Заң жобасында "Талибан" қозғалысы тікелей айтылмайды. Түсіндірме жазбада жаңа норманың құқықтық олқылықты жоюға бағытталғаны атап өтілген. Қазіргі заңда террористік деп танылған ұйымға қарсы қудалауды оның қызметінің сипаты өзгерген жағдайда тоқтату тәртібі қарастырылмаған.

Бұған дейін Қауіпсіздік кеңестің хатшысы Сергей Шойгу Ресей делегациясының құрамында Кабулда болған кезде "Талибанды" террористік ұйымдар тізімінен шығару жоспары туралы мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Ауғанстанмен саяси және экономикалық байланысты нығайтуды көздеп отырғанын айтты.

Қазан айында Ресей президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Замир Кабулов "Талибанды" жақын арада террористік ұйымдардың тізімінен шығару жоспары туралы хабарлады. Ол Ішкі істер министрлігі мен ФҚҚ қажетті "құқықтық жұмысты" аяқтап жатқанын айтты.

Мәскеудің Кабулға қатысты саясатын тарихи шындықтан тыс бағалау мүмкін емес. 10 жылдық "КСРО-ның бауырлас Ауған халқына көмегі" күрделі талдауды қажет етсе, Ресейдің осы елмен 30 жылдан астам қарым-қатынасы қайшылықтарға толы. Сарапшылардың пікірінше, Ресей әрдайым Орталық Азия мемлекеттерінің оңтүстік шекараларының тұрақтылығын қамтамасыз етуге тырысып келді. Наркотрафик, қару-жарақ контрабандасы және исламдық радикалды топтардың трансшекаралық ықпалы тұрақтылыққа деген үмітпен байланыстырылды.

Дегенмен, Ресейдің бұл ұстанымы біржақты емес. Атап айтқанда, БҰҰ мен құқық қорғау ұйымдары талибтардың әйелдерге қатысты репрессиялық саясатына, өлім жазасына және басқа да шектеулеріне назар аударып келеді.

Орталық Азия республикалары көршісімен өз мәселелерін әртүрлі жолдармен шешіп келеді. Қазақстан маусым айында "Талибанды" террористік ұйымдардың тізімінен шығару туралы шешім қабылдады. Бұл қадамның себебі – қалыпты ынтымақтастыққа кедергі келтірмеу.

Алайда талибтарға деген көзқарас әлемдік аренада да екіұшты. Мысалы, жақында "Талибан" басшылығы Бакуде өткен климат бойынша COP29 саммитіне қатысты.

Талибтардың әйелдердің құқықтарын шектеуі, өлім жазалары мен репрессиялық әрекеттері әлі де БҰҰ мен құқық қорғау ұйымдарының басты назарында тұр. Бұл мәселе бойынша пікірталастар жалғасуда.

Пікірлер