Министр Алмасбек Садырбайдың ұсталуына қатысты пікір білдірді

162
Adyrna.kz Telegram

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбайдың қамауға алынғанына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Алмасбек Садырбайдың ұсталуына біздің қатысымыз жоқ. Ол ауыл шаруашылығы қызметкері емес. Құқық қорғау органдары оны ұстаса, неге ұстағанын өздері де білетін шығар. Бұрын да айтқамын. Қазір де қайталайын. Субсидия – шығынның орнын толтыру үшін берілетін қаражат. 2023 жылдан бастап субсидияны облыстар береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі тек ережені қабылдайды.

Субсидия алатын адам өтініш бергенде жауапкершіліктің бәрін мойнына алатындай астына қолын қояды. Сондықтан не үшін ұсталғанын, қалай екені жөнінде пікір білдіре алмаймын»,– деді ол Мәжіліс кулуарында.

Айта кетейік, 6 қарашада Қаржы мониторинг агенттігі Алмас Садырбайды кооперативке біріккен шаруа қожалықтарының атынан субсидия алған деген күдікпен ұстады. Ұсталмас бұрын ол әлеуметтік желі арқылы өзіне қарсы заңсыз әрекеттер жүріп жатқанын айтқан еді.

«Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, ҰКҚ төрағасы Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев, Антикор басшысы Асхат Жұмағали, сіздердің осы іске араласуларыңызды сұраймын. Өйткені Алматы облысында әділетсіздік болып жатыр. Маған жала жауып, әріптес, серіктестерімді қамап, заңсыз әрекеттер жүруде»,—деді Алмас Садырбай.

Пікірлер