Спутник жоғалтқан Қазақстан ғарышқа өз зымыранын ұшыруы мүмкін

1150
Adyrna.kz Telegram
Сурет: roscosmos.ru
Сурет: roscosmos.ru

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) отандық зымыран тасығыштың ұшырылымының егжей-тегжейлерін айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеп.

Бұған дейін министрлік басшысы Жаслан Мәдиев 2025 жылы Қазақстан ғарышқа тәуелсіз қол жеткізу үшін отандық зымыран тасығышты ұшыруды жоспарлап отырғанын айтқан болатын.

ЦДИАӨМ Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында хабарлағандай, зымырандық технологиялар мен соған байланысты жобаларға қатысты ақпарат құпия болып саналады. Дегенмен, кейбір мәліметтер әлі жарияланады.

Бүгінде Қазақстанда алғашқы сынақ ұшыру 2025 жылға жоспарланған отандық метеорологиялық зымыранды әзірлеу бойынша жобалау алдындағы зерттеулер жүргізілуде.

Қазіргі уақытта мамандарда отын, композиттік материалдар және басқару жүйелері бойынша белгілі бір әзірлемелер бар, оның негізгі ішкі жүйелерін жобалау жұмыстары жүргізілуде.

«Метеорологиялық зымыранның сәтті жасалуы ғарышқа тәуелсіз қол жеткізу үшін отандық ғарыш зымыран тасығышын жасау құзыретін алуға негіз бола алады. Жалпы, коммерциялық мақсаттағы зымыран тасығыштарын жасау және ұшыруды қаржыландырудың қажетті көлемі әлемдік тәжірибеге сәйкес, шамамен 50-60 миллион долларды құрайды», - деп хабарлады саланың тиісті министрлігі.

Метеорологиялық зымыран жобасы министрліктің ғылыми зерттеулерге арналған лимиті шегінде қаржыландырылады және зымыран тасығышты әзірлеу мен жасауға қажетті қаражат көлемі жобалау кезеңінің аяқталуына қарай анықталады.

Естеріңізге сала кетейік, тамыз айында Қазақстан мен Қытай Айға станция салады деп хабарланған болатын. Елдер бірлескен ғылыми-зерттеу базасын салу туралы меморандумға қол қойды.

Айта кетейік, KazSat-1 ғарыш аппараты 2008 жылы байланыстан шығып, жоғалған болатын. Кейін 9 жылдан кейін 2017 жылдың 31 наурызында Жер орбитасында айналып жүрген он алты мыңға жуық жасанды серіктің бірі –  KazSat-2 де жоғалып кетті. Соның салдарынан ғарыштық аппараттың ресурстарын пайдаланатын 13 байланыс және телехабар операторының жұмысы уақытша тоқтатылған.

Пікірлер