Абысын – қазақ этномәдениетіндегі ағайынды адамдардың әйелдерінің бір-біріне жақындық қарым-қатынасын білдіретін туыстық атау. Алайда бұл сөздің алғашқы мағынасы тек қана әйелдер арасындағы ілік, жақындыққа арналған сөз екендігін еске ала отырып, төркінін тап басуға болады. В.В.Радлов сөздігінде: «Абы» қойбол тілінде біздегі «әйел» сөзінің орнына қолданылады,– деп жазылған еді. Ал Л.3.Будагов сөздігінде: «Абысын» тұлғасына жақын «епчи» сөзін ұшыратып, «әйел» мағынасын беретіндігінен хабардар болдық.
Мұндағы «е» дыбысының орнына «а», «п»-ның орнына қолданылған «б»және «ч»-ның «с» дыбысына сәйкестігі – түркі тілдеріне ортақ заңдылық екендігі ертеден белгілі. Сондықтан да басқа түркі тіліндегі «епчи» сөзінің қазақ тілі дыбыс заңдылығына сәйкес «абсы» болып айтылуы таңдандырмауы тиіс. «Абсы»-ның «абысын» тұлғасына дейін өзгеруін түсіндіріп жату да артық. Бұл жерде – қазақ тілінде қатар келген екі дауыссыз ортасына қысаң дауысты «ы» не «і» дыбыстарының бірі килігуін және соңғы«н» дыбысын есім тудыратын қосымша деп еске алсақ (мысалы: қос + ын, жи + ын т.б.), бұл сөздің төркіні түркі тілдерінің біріндегі әйел мағынасын беретін «абы» не «епчи» сөзінен екені еш күмән тудырмайды. Олай болса қазақ арасында жиі қолданылатын «абысын» сөзі бәрімізге де түсінікті. Абысындардың өз арасында қалыптасқан этикалық нормалары бар: абысынның кішісі өзінен жасы мен жолы үлкен абысынын оның күйеуін, яғни қайын ағасын сыйлағандай құрметтеп, ізет пен ілтипат көрсететін әдептілік дәстүрлі қазақ қоғамында жазылмаған ережелердің қатарында.
Абысындардың өзара сыйластығы, олардың етене жақын сырлас, мұңдас, кез келген мәселені ақылдасып, кеңесіп шешіп отыратындықтан ауыл-аймақтың бірлігін ұстап тұратын «фактор» іспетті болған.
Сондықтан ертеде жайлау, қыстауда бір-бірімен қанаттас, қоңсы-қолаң болып қоныстанған қазақтар әлбетте туыстық принцип бойынша жүйеленген шаруашылықты жүргізу барысында тек мүдде-мақсат қана емес, туыстық қатынастар да белгілі дәрежеде рөл атқарған деуге болады. Олар бір-бірінің өкпе-назын, әзіл-қалжыңын кек тұтпайды, керісінше, өзара тату болса ағайындардың да ауызбірлігі, ауыл, рудың да берекесі, туыстық қарым-қатынасы нығая түседі. Дәстүрлі ортада отбасылық, рулық, туыстық қарым- қатынастың нормаларының ішінде іргелі мәнге ие, әсіресе ағайынды, туыс, аталас адамдардың әйелдерінің тату болуына ерекше мән беріп қадағалап отырған. Демек, бір ата деңгейінде, арысы жеті атаға дейінгі ұрпақаралық қатынасты реттеуде абысындар сыйластығының өзіндік рөлі болған. Өмірлік серік еткен жарының тірегі, қамқоршысы ғана емес, абысындар аталас ағайындардың балалары арасындағы татулық-бірлікті нығайтуда және кез келген күрмеуі қиын мәселелерді шешуде мәмілегер, бітістіруші орнында жүре білген. «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса aт көп» деген мақалдың өзінен-ақ ағайынның бірлігі арқылы абысындардың міндеті үлкен екендігі айқындалып тұр. Демек, абысындар этномәдени тағылымда сыйластық, татулық, бірлік, ынтымақтың белгісі саналған. Өзінен үлкен абысынын қазақ келіндері шешей деп те атаған.
Абысын шай
Ауылдың ерлері мен үлкендері жоқ кезде, ауыл-үйдегі әйелдердің қолы жұмыстан сәл босаған сәтте бір үйге жиналып, шай ішіп, өзара сырласуға мүмкіндік беретін кездейсоқ болатын басқосуға көбіне көңілжетер, сыйлас абысындар жиналатындықтан, бұл салт «Абысын шай» деп аталған. Белгілі ортада қауым болып өмір сүретін қазақ ауылдары абысындарының жиыны әдетте күндізгі уақытта өтетіндіктен алдын ала жоспарланып, арнайы ұйымдастырылмайды және сауық құрып, өлең айтып, ұзақ көңіл көтеруге уақыттың қысқалығы мұрсат бермейді.
Біздің халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған. Сол отбасы қазығының абысындарымен тату тұруы бұрынғы заманнан, ата дәстүрден жалғасып келе жатқаны анық. Өйткені абысынның татулығы шаңырақтың татулығы. Бұрын бір ауылдың әйелдері, яғни абысындар күнделікті өмір күйбеңімен ертелі-кеш үй шаруасында жүреді. Олар ата-ене, күйеуінің рұқсатынсыз ешқайда шыға алмайды. Кейде ауыл адамдары айтқа, тойға, қазаға үлкен-кішісі кетеді де, ауылда тағы да сол әйелдер қалады. Абысындардың еркіндеп қалатын кезі, міне, осы сәт.
Олар мұндайда өздері бір үйге бас қосып жылы-жұмсағын қазанға салып, шай қойып өздері бір кеш сауық жасайды, өлең айтады, бой көтереді, сырласады. Дастарқанды кең жайып дәм татады. Міне, осы басқосу, осындағы дәм «абысын асы» деп аталады.
Бұл да қазақ әйелдерінің ырысты ынтымағының көрінісі болатын.
Келін шай
«Келін шай» рәсімі әдетте той өткен күннің ертеңінде жасалады. Оның мәнісі жаңа түскен келінге шай құйдырту арқылы оның үй шаруасына икемділігін сынау және келінді жаңа туыстарымен таныстыру. Келген қонақтарға келін жылы қабақпен, жылы жүзбен, инабатты пейілмен шай ұсынады. «Келін жан, тамағыңды емес, қабағыңды бер» дейтін нақыл осындай жағдайдан басталып айтылса керек. Әрине, шай демдеудің, оны кеселерге құюдың жөн-жобасын келін білмеген жағдайда абысындары көмектеседі. Бұл бір жағынан әлі ешкімді танымайтын келіннің абысын-ажынмен тезірек танысып, алыс-беріс жасап кетуіне жақсы. Сонымен қатар бұл дәстүр келін мен абысындар арасын бірден жақындастырады. Келгендер қолтығына бір-бір көйлектен, шай-қанттарынан, орамалдарынан қыстыра келеді. Тіпті кейбір жақын әрі кербез абысындар жүзік, сырға да салып кетеді. Қатын-қалаш құшақтап келіннің бетінен сүйіп, еркелететін бұл басқосуды абысындар арасындағы бауырластық, жылылықты бірден жалғауға арналған жиын деуге болады. Жиылғандарға жаңа түскен жас келін уағыз айтып көсемсімейді. Қызарақтап, қысылып, ақырын ғана әнтек күліп, көзін төмен түсіріп отырады. «Алыңыздар, жеңіздер» деп те айтпайды. Мұны жеңге айтады. Абысындар кетерде келін сарқыт береді. Бұны біздің бабалар жас келін жалғызсырамай абысын-ажынмен тез сыйласып кетсін дегендіктен шығарған. Адамдар арасындағы бауырмалдықты тез қалыптастыратын мұндай отырыс дін шарттарынан шыққанын есте ұстағанымыз абзал. Қазақ әйелдерінің ырысты ынтымағынан хабар беретін «келін шайда» жақсы, ұлағатты әңгімелер айтылғаны дұрыс.
Қолданылымдағы «абысын-ажын» деген қос сөздің әрқайсының көне түркі-моңғол тілдерінде жеке-жеке мағынасы болған. Келін ағаның әйелін «абысын», ал абысын інінің әйелін «ажын» деп атаған.
Қазіргі таңда абысындар өзара түсінушілікке зәру. Қарапайым адами қарым-қатынасты ұстанбайтын келіндер мен абысындар да өмірде кездесіп қалады. Бір әулет келіндерінің араз болуының себебі қандай? Отбасындағы бірнеше келіндер ауызбіршіліктің сырын неге таба алмайды? Абысындардың араз болуына не себеп?
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының ортасында бір ауылдасым қоярда-қоймай қонаққа шақырды. «Шаңырақ» ықшам ауданындағы үйін таба алмай қиналып қалар десе керек, уәделескен күні ұлын көлікпен жіберіпті. Қала сыртындағы мекенжайға жақындағанымызда ретсіз орналасқан қоржын тамдарды көріп көңілім қоңылтақсып қалғанын несіне жасырайын. Алайда менің жастық шағымдағы ауылдас құрбым Майраның үш келіні алдымыздан күлімдеп шығып, иіліп сәлем беріп, бәйек болғанын байқағанымда ерекше бір сезімді бастан өткердім. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген сөздің жаны бар. Бес сағат сол үйде болғанымызда келіндердің татулығына көзім әбден жетті. Тіпті араларынан қыл өтпейді деуге боларлықтай. Үн-түнсіз қалыппен өз міндеттерін адал атқарып, шапқылап жүрді. Артық сөз, оғаш мінездері жоқ.
– Үш келіннің бір үйде сыйысып тұруы сирек кездесетін жағдай ғой. Бөлмелері бөлек болғанымен, ыдыс-табақтары ортақ дегендей. Оның үстіне кішкентай балалар ойнап жүріп бірдеңеге таласса абысындар араға түсіп, соның салдарынан ренжісіп қалмай ма деген ойда болдым.
Менің нені білгім келетінін жүзімнен оқып қойғандай Майра сайрай жөнелді.
– Үлкен келін өзіміздің жақтан, яғни Қарабұтақтан. Ортаншы келін Алматы облысының қызы, кішісі оралман. Бөлісе алмай жатқан неміз бар? Қайта бірігіп істейтін шаруамыз көп. Бос әңгімеге, ырду-дырдуға уақыттары да, ниеттері де жоқ. Үшеуі де қу тірлікті түзеймін деп әрекеттеніп жатады.
Терезе алдына орналасқан іс тігетін қол машина, аула ішінде қысқа дайындалып, кесіліп жиналған отындар, қорадағы азын-аулақ мал, тағы басқалар үй ішінің ынтымақтығын айна-қатесіз білдіріп тұрғандай еді. Келіндер Асыл, Нұргүл, Ұмсынай бізді жарқыраған қалыппен шығарып салды. Мұндай абысындар бар жерде жайлы өмір, көтеріңкі көңіл болатынына еш күмәнім қалмаған еді.
Ал осыған қарама-қарсы жайды мен жылдар бойы көріп-біліп жүрген едім. Әулетті, зиялы, текті шаңырақтың екі келіні тұрпайы қылықты жүгендеу, өз кісілігін түгендеу дегенді білмеді. Байлыққа мастанған келіндер алдымен өздері әлденеге ренжісіп, болымсыз өкпені уақыт өте келе үлкен дау-жанжалға айналдырып жіберген еді. Сондықтан да болар ағайындардың арасына от салып, қит етсе дау-жанжал шығаруға бейім тұрды. Соның нәтижесінде бес жыл ішінде екі келін де жөндеріне кетті. Олар бір-бір бала туғандарын бұлдап, сот арқылы ата-енелерінің үйін бөліске салып тартып алды. Онымен қоймай жұбайларының банктегі жинап жатқан ақшаларын да иемденуді ұмытпады. Соңында ер-азаматтар ішкілікке салынып, берекесіз тіршілікке көшті. Осының бәріне шыдай алмаған үлкен үйдің егесі Ғани аға таяуда жүрек талмасынан көз жұмды. Отанасы болса жылай-жылай көз жанарынан айырылып еді, енді соның үстіне жаман ауру жамады ма, қазір ауруханада жатыр. Ал мол қаражатты иемденген, бас-бастарына үй тігіп алған қос келін бір кездері ақ батамен түскен үйдің мүшелеріне қамқорлық танытпақ түгілі, олардың өмірде бар-жоқтарынан да хабарсыз қалған сыңайлы. Өйткені тайраңдап шетелге саяхаттауларын әлі де доғарар түрлері көрінбейді.
«Шаңырақтағы» қоңырқай үй мен «Медеу» жақтағы атшаптырым жерді алып жатқан дәу коттедж соңғы кезде жиі-жиі түсіме енетін болып жүр. Бірінде – татулық, ауызбіршілік салтанат құруда. Ал екіншісінде ұрыс-керіс туындады да, ақырында ту-талақай болып дүние бөліске түсті. Қазір ол үйде мүлде басқа адамдар тұрып жатыр. Бұрынғы тұрғындары абысындардың ақылсыздығынан мал-мүліктен, абырой-беделден, денсаулықтан айырылған болатын.
Иә, түрлі жағдайлар өмірде кездесіп жатады. Әр шаңыраққа түскен келін өзінен үлкен қайнылары мен қайын інілерінің зайыбына абысын болатындықтан, саналы, сезімтал, көреген, ақылды адам болғаны ләзім. Терең таным иелері ғана шаңырақтың құтын қашырмай несібесін көгертеді ғой. Ұлттық қадір-қасиеттерімізді сақтай білген абысындарды көріп жүрміз, олар тонның ішкі бауындай тату. Бірі білмегендігін бірі біліп, үй шаруасындағы көзге көрінбейтін шаруаларды бір-біріне үйретіп атқарып жатады.
Өз міндеттерін абыройлы атқарған абысындардың арқасында туыс-ағайын арасында татулық болатынына күмән жоқ.