Соңғы 50 жылдағы ауыр апат. Испанияда су тасқынынан 150-ден астам адам қаза тапты

1032
Adyrna.kz Telegram

Испанияда су тасқыны салдарынан 150-ден астам адам қаза тапты. Бұл Испанияда соңғы 1973 жылдан бергі болып тұрған ең ауыр  су тасқыны, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ВВС-ге сілтеме жасап. 

Бейсенбіде зардап шеккен аймақтарды аралаған премьер-министр Педро Санчес: «Қазір ең бастысы - мүмкіндігінше көп адамның өмірін сақтап қалу», - деді.

Валенсия автономиялық бірлестігінде кем дегенде 155 адам, Кастилья-Ла-Манчада тағы екі адам және Андалусияда бір адам қайтыс болды.

Валенсияның оңтүстік-батысындағы Паипорта муниципалитетінде өзен арнасынан асып кеткен жерде кем дегенде 40 адам қаза тапты.

«Біз бәріміз қаза болған адамды білеміз. Бұл қорқынышты түс», - деді фармацевт Мигель Геррилла ВВС-ге.

Шенеуніктер із-түзсіз жоғалғандардың нақты санын айтпағанымен, олардың көп екенін айтуда.

Испания королі Фелипе VI төтенше жағдай әлі аяқталмағанын ескертті және премьер-министр Санчес азаматтарды мүмкіндігінше үйде болуға және төтенше жағдайлар қызметінің кеңестерін орындауға шақырды.

Жүздеген адам су тасқынынан зардап шеккен аудандардағы уақытша баспаналарға орналастырылды.

Валенсияны Испанияның басқа қалаларымен байланыстыратын бірнеше жолдар мен теміржол желісі сал күйінде қалды.

Ғалымдар планетаның климатының өзгеруі экстремалды метеорологиялық құбылыстардың ұзақтығын, жиілігін және қарқындылығын арттырып, олардың болжау мүмкін еместігін айтады.

Бейсенбі күнгі World Weather Attribution ғалымдар тобының мәлімдеуінше, осы аптада Испанияда жауған жауын-шашын жаһандық жылынуға дейінгіден 12 %-ға, яғни екі есе көп болды.

Жергілікті тұрғындар төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйелерінің жеткіліктілігіне және үкіметтің әрекет ету жылдамдығына күмән келтірді.

Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар дирекциясы (DGPCE) сейсенбі күні сағат 20:15-те дабыл қаққаны туралы хабарланды - сол уақытта Валенсияның бірнеше аймағы бірнеше сағат бойы су астында қалған. 

Пікірлер