Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен ел қоржынын күміс медальмен толықтырған Демеу Жадыраев елге оралды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Демеу Жадыраевты Алматы әуежайында Алматы облысы әкімдігі, жақындары мен жанкүйерлері, журналистер, Қорғаныс министрлігіне қарасты орталық спорт клубының өкілдері сән-салтанатпен қарсы алды.
"Барлығыңызды құттықтаймын! Алла алдарыңыздан жарылқасын! Мені қолдап жатқан адамдарға алғыс айтамын! Бұл жеңіске сіздердің арқаларыңызда жеттім. Барлығыңызға рахмет! Енді 2028 жылғы Олимпиадаға дайындаламыз. Ештеңе кедергі болмауы керек", - деді спортшы.
Еске сала кетейік, Демеу Жадыраев Париждегі олимпиада ойындарының финалында ұтылып, күміс жүлдегер атанды. 77 келі салмақта сынға түскен балуанымыз финалда жапондық балуан Нао Кусакамен есе жіберді.