Өзбекстанға жұмыс іздеп кететін қазақстандықтардың саны артқаны айтылды

1134
Adyrna.kz Telegram
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Өзбекстандағы ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы еңбек миграциясының мәселелерін атады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Kazinform-ға сілтеп.

Қазақстан-Өзбек іскерлік кеңесінің жиынында сөз алған дипломат екі елдің билігіне арадағы барыс-келісті жеңілдетуді ұсынды.

«ІТ-сектордан машина құрастыруға дейінгі жоғары біліктілікті қажет ететін түрлі салаларда жұмыс күші мен мамандар тарту екі арадағы әріптестіктің маңызды қыры болып есептеледі. Бізге жұмыс істеуге рұқсат беру үдерістерін, өзге де әкімшілік реттеу тетіктерін жеңілдетіп, екі елдің де азаматтарына бірдей мүмкіндік ұсыну қажет. Мұндай тәсіл жұмыс күші мен кәсіпкерлердің қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, тәжірибе, білім, технология алмасуға қолайлы жағдай туғызады», - деді ол.

Елші бұған дейін Қазақстанға жұмыс іздеп ағылған өзбек ағайындар көп болса, қазір Өзбекстанға жұмыс іздеп баратын қазақстандықтардың саны артып келе жатқанын айтады.

«Мен Ташкентте жүргенде ылғи көремін, бүгінде Өзбекстан экономикасының түрлі саласында қазақстандық мамандар қатты сұранысқа ие. Негізінен бұл жеке сектор, бизнес. ІТ-саладан бастап ірі металлургиялық кәсіпорындарда, цемент өндірісі мен қаржы секторында қазақстандық топ-менеджерлер мен орта буынды менеджерлер өте көп. Екіжақты қозғалыс деп отырғаным сол. Қазір тек өзбекстандықтар ғана Қазақстанға ағылып жатқан жоқ. Өзбекстанға ағылып жатқан қазақстандық мамандардың да үлкен ағынын байқап отырмыз. Оның ішінде ірі кәсіпорындарда тиісті біліктілік алған қарапайым жұмысшылар да бар», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Пікірлер